Руханият • 02 Наурыз, 2020

Бір өзі – бір мұрағат

1122 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тәуелсіз еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына ерекше үлес қосқан, мемлекеттік тіл­дің мәртебесін көтеруге аян­бай еңбек еткен белгілі түр­колог-ғалым, Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі, филология ғылымдарының докторы, про­фессор Шора Сарыбаев бұл күн­дері 95 жасқа толар еді... Ғалыммен қоштасуға арналған қа­ралы митингіде Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Жұрынұлы: «Қазақстан ғылымы тағы бір көр­некті ғалымынан айырылды. Отандық ғылымды дамытуда өзін­дік орны бар, тіл білімінің тар­ланы дүниеден озды. Келешек ұрпаққа өлшеусіз еңбек қалдырған Шора Шамғалиұлының туған тілге қылған қызметі бәрімізге үлгі бо­лып қала береді...», – деп еді.

Бір өзі – бір мұрағат

Үлгі демекші, көзі тірісінің өзінде ғылыми ортада зор беделге ие болып, талай ғылым қайраткерлерінің оң пікіріне ие болған еді. Мәселен, ҰҒА академиктері, көрнекті тіл­ші-ғалымдар Ә.Қайдар мен Ө.Айт­байұлы өздерінің «Өнегелі өмірдің өрелі биіктері» атты мақаласында Шора Шамғалиұлының есімі бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде де, тіпті көптеген шет мемлекеттерінде де әйгілі еке­­нін айта келіп, «Оның басты се­беп­­тері, біріншіден, ғалымның же­ке басына тән қасиеттеріне – ғы­­лымға деген адалдығына, жауап­кершілігіне, принципшілдігіне, еңбек сүйгіштігіне байланыс­ты болса, екіншіден, зерттеу жұ­мыс­тарының жан-жақты жүр­гі­зілуіне, ауқымдылығы мен ғы­лы­ми-практикалық тиімділігіне, ак­туалдылығына байланысты деп қа­раған жөн» деп ғалымның еңбегін үлгі еткенін ұмыта қойған жоқпыз.

Көрнекті ғалым, академик Р.Сыз­­­­дықтың «Біз үшеу едік» ат­ты ма­­­қа­ласында және атақты тіл­ші-ға­лымдар Т.Жанұзақов пен О.На­қыс­беков дайындаған ғалымның өмі­рі мен шығармашылығына ар­нал­ған қысқаша очеркте оның ғылымдағы ғибратты ғұмырының мәнін көрсетіп, тұлғалық келбетін сомдаған.

Бұл – ғалымның қаламынан шық­қан 300-ге жуық ғылыми мақа­лалар, монографиялық еңбектер, оқулықтар мен сөздіктер, нақтылай айтсақ, қазақ тіл тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, этимология, терминология т.б. қазақ тіл білімінің өзекті салаларына арналған еңбектеріне берген баға деп түсінген жөн шығар.

Еліміздің шалғай жерін мекенде­ген тұрғындар тілінен және Қазақ­станнан тыс жердегі қазақ тілінің мол байлығын, жергілікті қазынасын танып білу мақсатында талай жылдар диалектологиялық экспедиция ұйымдастыру нәтижесінде жиналған диалектілік материалдар негізінде терең зерттеулер жүргізіп, тың жаңа­лықтарды ғылымға енгізді.

Ерекше еңбегі ретінде, алтаис­тика мәселелеріне мән бергенін ай­туымыз керек. Өйткені, қазақ тіл білімінде түркі және моңғол тіл­дерінің туыстық төркінін салыстыра зерттеген аз тілшілердің арасын­да оның атының айтылуының да жөні бар. «Диалектілік-лексика ұлт мәдениетінің дәйекті дерек көзі ретінде» деген мақаласында бел­гілі лексиколог-ғалым, профессор Ж.Ман­кеева: «...Тіл тарихы мен диа­лек­тология мәселелерін сабақ­тас қарау дәстүрін қарастырған, көш­­пелі тұрмысы мен мәдениет ұқсас­тығы негізінде қалыптасқан тіл­дік ортақтықты қазақ-моңғол туыс­­тығы деп қараған, диалектілік-лек­­сиканы әдеби тілді байытудың қай­нар көздері деп санаған көр­некті диалектолог-лексиколог ға­лым Ш.Сарыбаевтың бұқаралық ақпарат құралдары тіліндегі жаңа қолданыстар, аудармалар және терминдер туралы ой-тұжырымдарын тілге деген науқандық сипаттағы жай қызығушылық, әуестік деп тү­сінуге болмайды. Біздің ойымызша, оның тамыры жоғарыда көрсетілген ғалымның ғылыми-зерттеушілік мұ­расы мен теориялық-әдістанымдық қағидаларымен сабақтасып жатқан, ішкі даму болмысын көрсететін идея­ларымен сабақтасады» дей келе, диа­лектілік-лексиканы тіл тари­­хы мен ұлт мәдениетін жан-жақ­ты бейнелейтін кәсіби және ай­мақ­тық лек­сикамен тығыз байланыс­та зерт­теу­ші ғалым екендігіне ерекше тоқ­талған.

Фонолог-ғалым, ҰҒА корреспон­дент мүшесі, профессор З.Ба­зарбаева «Академик Шора Сарыбаевтың ең­бектеріндегі интонация мәсе­ле­лері» атты зерттеу нысанасы етіп алған ма­қаласында ғалымның қа­зақ ті­ліндегі одағайлар туралы мо­но­гра­фиясын жоғары бағалап: «...Жар­ты ғасыр бұрын жазылған еңбегі соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан интонология саласының өзекті проблемаларымен ұштасып, қазақ тілінің интонация теориясының аясын кеңейтуге үлес қосатынына сенеміз», – дейді.

Ғалымның ерекше еңбектеніп, қажырлы еңбегін жұмсаған саласы – қазақ тіл білімінің тарихы. Тіл бі­лімі саласындағы бай мұра­ны жи­нақтап, ғылыми жүйеге кел­тіре отырып, «Қазақ тіл білімінің биб­лио­графиялық көрсеткішін» әзір­легенін, әрі осы көрсеткішті шы­ғарған кезде А.Байтұрсынұлы, М.Жұ­мабайұлы, Ж.Ай­мауытұлы, М.Ду­­лат­ұлы, Х.Дос­мұхам­медұлы, Т.Шо­нанұлы т.б. арыс­­тардың жүз қырықтан астам ең­бегі енгізілгені үшін бұл кітаптың пы­шақ­тың астында туралып кеткені және сол кездің солақай саясатына сәйкес, саяси қате жіберді делініп, қызметтен қуыл­ғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Ғалымның басынан өткен қиын­шылықтарына қарамастан ғы­­лымнан қол үзбей, жемісті қыз­мет ет­кенін келешек ұрпаққа үлгі ет­кеніміз артық болмас. Танымал ға­лым, профес­сор Т.Сайрамбаев Шө­кеңнің «Биб­­лио­гра­фиялық көр­сеткіші – қазақ тіл біл­імінің айнасы» деп бағалауының мәні зор.

Белгілі лексикограф-ғалым, профессор М.Малбақов академик Ш.Са­рыбаевты қазақ аймақтық лекси­кографиясын теориялық тұрғы­дан зерттеудің негізін салушы ға­лым екенін айта келіп: «Жал­пы қа­зақ тіл білімінің, қазақ диалек­то­логиясының дамуына зор үлес қо­сумен бірге, күллі түркі лексикографиясында алғашқылардың бірі болып, диалектологиялық сөздік түзудің теориялық және құрылымдық негіз­дерін жасаған ғалым» екеніне назар аудартады.

Ғылым жолында жүрген жастар үшін үлгі ретінде тіл білімінің білгір­лері, айтулы ғалымдар Қ.Айтазин, Б.Әбіл­қасымов, А.Құрысжанов, Ә.Нұр­мағамбетов, С.Омарбеков, М.Серғалиев, Б.Хасановтардың ға­лымның ғылыми еңбектерін саралап, айтқан оң пікірлерін оқып шығуды ұсынар едім. Өйткені, олардың үлгі етіп ұсынған орамды ойларынан да хабардар болар еді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор Е.Қажыбек Шө­кең туралы: «Қазақтың лексикографиясын, диалектологиясын, алтаистикасын шырқауға көтерген адам, шоқантанушы, библиограф, футбол зерттеушісі, әзілкеш, әнші, музыкант, ақын, сері, шешен... Айта бересің, айта беруге болады. Бәрібір тауысып айту мүмкін емес. Әмбебап адам. Ерекше адам, ғажап адам. Баяғыда-ақ аңызға айналған адам, баяғыда-ақ қазақ халқының сүйікті персонажына, кейіпкеріне айналған тұлға», – деп толғанады.

Еліне етене жақын «Egemen Qazagstanda» жарияланған «Қалыпқа сыймас қайраткер» атты мақаламда мен де өз ұстазым туралы, шама-шар­қым келгенше диалектология дарабозы, библиография білгірі, сөз сарапшысы, термин тілекшісі, футбол фанаты, коллекция корифейі, күлкі королі деп айдар тағып, Шөкеңнің тұлғалық портретін жасадым деп мәз-мейрам болғанымның дұрыс емес­­­тігін мойындауға тура келіп отыр.

Жоғарыда тілге тиек еткен, елі­міздің көрнекті тілші ғалымдарының қазақ тіл білімінің өркендеп дамуына, түркология ғылымында т­уған тіліміздің абыройын арттырып, ана тіліміздің мемлекеттік мәр­те­бе­сінің биіктеуіне атсалысқан қо­мақ­ты үлесіне берген жоғары баға­ларына қарап, мен де Шөкеңді танып білдік, үлгі еттік, тұлғалық кел­бетін, адами қасиетін айқындадық деп ойлағандардың қатарында бол­ғанымның қате екенін түсініп отырмын. Оның мәнісі мынада.

Ұстазымның мерейтойына бай­ланысты ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарымен танысу мақ­сатында Шөкеңнің үйіне барып, әке жолын қуған, тілші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Майра Шорақызымен тілдескен едім. Міне, қызық! Майраның ма­ған көрсеткен ұстазымның мұра­ғаттарынан шыққан жүзден астам, шаң басқан папкаларының арасынан жарияланбаған жазбаларын қарап шығып, ойға қалдым. Футбол фанаты деп жазған мақаламда, тек ұстазымның спорт туралы үш-төрт кітапша шығарғанын, Мексикада фут­болдан өткен әлем чемпионатына қатысқаны, футбол жайында төсбелгілер жинағанын жариял­а­ған едім. Мұрағаттағы спорт тақы­ры­бындағы папкадан оның тек спорт­қа хобби ретінде қарамағанын, ғылыми тұрғыдан қарастырғанына көз жеткіздім. Олай дейтінім, фут­болдың отаны Ұлыбританияның тілінде, яғни ағылшын тіліндегі спорт терминдерінің қазақша бала­масын қалай беруге болатынын, әрбір сөздің шығу тегіне терең үңіліп, оңтайлысын ұсынған терминдер тізімін тізбектеп, оны ғылыми не­гіздеп, неге солай атау керектігі жө­­­нінде нұсқаулық ұсынған. Ста­дионда футбол тамашалап отырған адамның бо­йын­дағы байқалатын эмоциялық-экс­прессивті жағдайларын, айқайлап, жан ұшыра жақтасып, қапа болған, гол салғандағы қолдап-қолпаштау сөздерін, қазақ тілінің одағайын зерттеген маман ретінде, оларды бірнеше топқа бөліп жіктеп-жіліктеп, жүйелеп қағазға түсірген көркем жазуы – нағыз ғалым екенін айтпай-ақ ұғындырып тұрғандай болды маған. Осынау бір ыждаһаттылықты, сабырлылықты, жігерлілікті талап ететін істі қолға алғанын көріп қайран қалдым. Мен ұстазымды футбол сүюші жанкүйер деп жаңылысқаныма көзім жетті. Сөйтсек, Шөкеңнің бұл салаға қы­зығушылық негізі – қазақша спорт терминдерін қалыптастыру ниетінен туғанын мұрағат материалдары айғақтап тұрғандай.

Халық емшілігі туралы, денсау­лық сақтау, саламатты өмір сүру салтын сақтауды мақсат еткен, әрі ол жөнінде жүзден астам емнің шипасы туралы жинаған коллекциясына қарап, «Халық емшісі» атанып кеткен ұстазымыздың бұл салаға мән беруінің мәні өзгеше екен. Сар­ғайған сары қағаздарда түзілген ауру аттары мен оның қазақша беруге болады-ау деген баламаларын әр аурудың тұсына тәппіштеп жазып қойғанын көріп, тағы да жоғарыда айтқанымыздай хобби қуғандық емес, халық қамын ойлағандық деп қабылдадық. Өйткені, ұстазымның мұраты – халқының денінің саулы­лығымен қатар, ғалым ретінде бұл мәселеге тереңінен үңіліп, қазақша медициналық терминдерді тірілтуді мақсат еткен екен. Бұл да мұрағат берген мағлұмат.

Коллекция корифейі деп айдар тағып, әр сала бойынша мың­даған төсбелгі, кеңестік дәуірде шы­ғарылған сан түрлі значоктар, жүз­ден астам папкада Шоқан туралы жинас­тырған мәліметтер, әлемнің [оның ішінде шығыстың] ұлы адамдарына арналған жүз шақты күнпарақ пен ашық хаттар, сондай-ақ онға тарта жәшіктерде жинақталған мақал-мәтелдер, афоризмдердің жөні бөлек екенін жұртқа жеткізіп едік. Сөйте тұра, оның түбіне үңілмеген екенбіз. Тағы да сол ұстазымның мұрағатына қарап отырып, үлгі еткен істерінің мәнісі ретінде әрбір коллекциялық затқа сипаттама беріп, оның тари­хынан сыр шертер оқиғалар жө­нін­дегі ой-толғамдары ойып жа­зылған қолжазбалары қол­данбалы ғылымның өзегі болып табылатынын тереңдей зерттеп-зерделеу керектігін аңғартты. Реті келгенде айта кетейік, бұл күн­дері Шөкеңнің әулетінде Ди­на­ра бас­таған немерелері ата­сы­ның дәс­түрін жалғастырып «Қазақтың ұлы әйелдері» жобасымен жұмыс іс­теуде. Мұрағат материалдары коллекция жинау дәстүрінің – тәрбиелік тағылымымен бірге, қолданбалы ғы­лымды дамытуда септігі бар екенін көрсетті.

Той-томалақтарда, отырыстарда асаба болып, ән салып, әзіл-қал­жың, қағытпаларды, анекдоттар ай­тып, елді қыран күлкіге қарық қылып, отырыстың ажарын ашатынын бағалап, мен де мақаламда «Күлкі королі» деп Шөкеңнің осы ерекше қасиетін сөз еткен едім. Бі­рақ мен ұстазымның ұстамының те­рең­дігіне бойлай алмаған екенмін. Мұ­рағаттарындағы бірнеше папкаға жинақталған, тақырыптық тәртіппен орналастырылған той өткізу қағи­дасы, тойға келген адамдарды туыс­тық, ағайындық, әріптестік топ­тарға бөліп, әр топқа сай айтыла­тын әзілдердің, тілектердің жиын­тық­­тарын әр қағазға жеке жазып, тойда айтылатын өзі таспаға басқан әндердің мәтіндерін, анекдоттар айт­­қанда күле білу, күлдіре білумен қатар, күлкі болмаудың амалдарын айшықтап, қалжың мен қылжақтың аражігін ажырата білуді мықтап есте ұстау керектігі жөнінде жазған қолжазбаларына қарай отырып, оның қасиетті өнерді қастерлеп, әрбір мәдени іс-шараға жеңіл-желпі қарамай, үлкен жауапкершілік тұр­ғысынан қарау керек екендігі тура­лы ойын енді ұғынуға түрткі болғандай.

Жалпы, жоғарыда айтылған мә­селе, бір өзі – бір мұрағатқа жүк болатын Шөкеңнің мұрағаттарындағы үш-төрт папкаға жеңіл-желпі көз жі­бергендегі байқағанымыз ғана. Негізінде, ұстазымның мұраға­тын­дағы мұраларды мұқият зерттеу керектігін түсіндім. Біз білмейтін, оның туған тілімізді ғылыми түрде терең зерттеулерді жалғастыру, мем­ле­кеттік тіліміздің мәртебесін арт­­тыру, ұлттық тіл мен ұлттық тәр­­бие жөнінде жарияланбаған қол­жазбаларын зерделеп, докторанттарымыз бен магистранттарымыздың диссертацияларына тақырып етіп беру – біздің парызымыз деп есеп­тейміз. Сонда ғана, академик Шора Сары­баевтың тұлғалық келбеті то­лыға түсері анық.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор