Руханият • 06 Наурыз, 2020

Сөз сойыл №90

7438 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бозымның боздауы

 Жұмада күні толмаса да айлық бере қалғандағы Бозымның қуанышын көрсең: көзі күлімдеп, өзі үлбіреп, сөзі жарқын-жарқын шығады.

Сөз сойыл №90

 

 – Әп бәрекелді! Қышыған алақаным қыбырсыз қалды. Енді кімнен қарыз алсам екен деп шарадай басым шақшадай боп отыр еді. Е, кәзіргілерге сенімнен қалдық, қарыз беруді қойдық емес пе. Байыған сайын қалтырауық деген сол да. Ақшасыз күнің қараң, сенбі-жексенбі үйімнен безіп кеткім келіп еді, әй жасағандарай, көз жасымды көрген екен. Нағашы жұрт дей ме, қайнаға болады дей ме, әйтеуір сыпайы адамдар келеді деген. Барыңды салмасаң, базарыңды ашпасаң, бұрын есік-төр көрмегендерден ұят. Біздің айлыққа қарап қарызданып отырғанымызды неғылсын, жүдеп-жадашы: “Ойбүй, ана астанадағы Асабастың анауысы арықтап бітіпті. Біз барып едік... анау да, мынау...” деп ауылға кемі бір мөшек әңгіме арқалап кетері сөзсіз. Құрысын, дүниеде қорқарым – сөз, барымды салайын, базарымды ашайын – әйтеуір келгендер риза боп, кетерінде ризашылығын білдіріп қайтқанын қалаймын. Үйдегінің айтуынша, өзіде біле бермейтіндер болса керекті, әйтеуір сыны мықты сыйлы адамдар көрінеді...

 ...Иә, айлық алмағанда ғой, күнім қараң, қайда барам!? Бұнымды білгендей ретін келтіріп, ақшаны жұмаға беріп отырған бұхалтериядағы қыз-келіншектерге мың рахмет!...

* * *

 Екі күнгі “еркін” күнді артқа тастап, дүйсенбіде қызметімізге тұмсық сұғып табалдырық аттай қалып едік, құлағымызға Бозымның үйренген әуезді әуені “майдай” жақты. Үнінде үрей. Қатты бұралған қыл ішектей қатқыл болғанмен, сөз соңында діріл басым, өкініш басым. Құлақшында бұғынып келген қос құлағымызды қалқита қойдық.

 – Атаңа нәлеттікін жұма күні бере қалғанын айтсаңшы... (ақшаны айтып отыр). Түгел жұмсаппын! Сөйтсем, кетерінде білдік, келгендер – үйдегінің әріден қосылатын, нақпа-нақ айтқанда – бір бересі, алты аласы жоқ ағайын-жамағайындарының құрдасының жекжаттарының жиеншары екен... бұның бізге кім боп келетінін біз тұрмақ келгендердің ішіндегі ақсақал-сымағының өзі ежіктеп-есептеп айта алмады... Қайдан білейін, оны білгенде бүйтіп базарымды ашып, барымды салмас едім... негізі, мына бұхалтір қыздарды айтамын – уақытысы келмей айлықты алақанға сала қойғандарын айтсаңшы... ішім ашиды, сусып кеткен, келуінен кетуі жылдам қайран ақша...

 ...Жұмада бермей, бүгін алғанымда ғой, шіркін! Балама бас киім, өзіме іш киім, анаған ананы, әжеме әнеукүнгісін алып, әй, біраз жыртық-тесік бітелер еді-ай!.. Бәріне, бүгінге қалдырмай жұмада қолымызға ұстата салған бұхалтіриядағылар кінәлі!

 ...Иә, енді олар осыларын түсініп, қайырымдылық жасап, көз жасымды көріп – келесі авансыны ұзартып жібермей ертерек бере салса ғой...

 

Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы облысы

9

ӘЙЕЛДЕР «ӘЛДИІ»

– Күйеуіңе туған күніне не сыйладың?

– Өзімнің суретімді алыптасталынбайтындай етіп ойып тұрып ішіне орналастырып күміс темекі қап сыйладым.

– Оһо, оған ол дән риза болған шығар?

– Айта алмаймын, бірақ содан соң темекісін бірден қойып кетті.

* * *

Бір әйел экстрасенске келіп еркектің суретін көрсетіп:

– Мына кісі маған тұрмысқа шық деп қоймай жүр. Сіз оның мамандығы мен табысын айта аласыз ба? – дейді.

– Әрине! Бұл – атақты ұры, тапсырыспен іс бітіретін тажал!

– Әп, бәсе! Көңілім орнына түсті. Біреулер «инженер» деп бопсалап болмайды!

* * *

– Не істесем екен! Ақылым жетпейді! Күйеуім ылғи бұрынғы әйелін есіне ала береді.

– Сенің бағың бар екен! Менікі ылғи болашақ әйелі туралы көкезуленіп көсіп отырады!

* * *

  – Жақында білдім, жүріп жүрген жігітімнің әйелі бар екен!

– Болатын жағдай. Менікін айтсаңшы, жақында білдім, жүріп жүрген жігітімнің күйеуі бар екен!..

 

 

Отбасындағы «ошаған»

Әйелі:

– Үйге біреу кіріп кеткен сияқты, тез тұрып қарашы.

Күйеуі:

– Тұрғанда мен не істей аламын?

– Ең болмаса, итті оятсаңшы...

*  *  *

Күйеуі іссапардан келсе, үйінде бір еркек ұйқыны соғып жатыр екен. Ашуланған ол әйеліне:

– Мынауың кім тағы?

– Кім болушы еді? Маған тонды, саған көлікті кім сатып алып берді? Дубайға жолдама беріп, саяжайымызды жөндеп берген кім? Жұмысымыз бар, Құдайға шүкір, балалар да тоқ. Осының бәрі кімнің арқасы деп ойлайсың?

– Онда, тым болмаса, үстіне көрпе жа­уы­п қоймайсың ба, жаураған шығар байғұс...

*  *  *

Компьютерге ес-түссіз беріліп кеткен жігіт үйленеді. Отбасы құрағандарына екі күн өтсе де жігіт компьютерінен бас алмай күні-түні соған шұқшиып келіншегіне еш жолай қоймайды.

Шыдамы таусылған жас келіншек күйеуінің артынан келіп құшақтап еркелей құлағына:

– Отағасы, мен ше?.. Сен мені мүлдем ұмыттың ғой! – деп сыбырлағанда, күйеуі келіншегінің қолын итере:

– Кешірші... Ертең тағы бір компьютер сатып аламыз, – деген екен.

*  *  *

Кешкі 22:00-де әйелі күйеуіне:

– Отағасы, осы саған ең керегі мен бе, әлде футбол ма? – дегенде, күйеуі бір сағат 50 минуттан соң:

– Әлбетте сен! – деген екен. 

 

«Бөбегім – өзіңе берген көмегім» 

– сүр бойдақтың сусыма сылдыр сөзі

– Жаным, Балжан, мектепті бітірер-бітірместен қалай үйленеміз? Оқуға түсу керек, ата-ананың үмітін ақтау керек. Қалай бала асыраймын, әлі өзім баламын. Менің көзімді ашып көрген, аузымды ашып сүйген алғашқы махаббатым! Саған деген ғашықтығым тым күшті! Ескерткішке қалдырам бойыңдағы тұңғышты! Қош!

– Жаным, Қатира! Бірінші курсты бітірмей жатып қалай үйленеміз? Ата-ананың мойнына өзім мініп жүргенім де жетпей ме? Енді сені мінгестірсем, сенің артыңа ана кішкентай мінгесем дейді. Жоқ, болмайды! Менің үйленетін жағдайым жоқ. Кеш, жаным! Бойыңдағы бөбегім – өзіңе берген көмегім. Қош!

–  О, алтыным, Ақбала! Өзің айтшы, мен қалай үйленем? Диплом қорғау керек. Бала-шаға асырайтын жағдай менде жоқ. «Пәтер жалдап» дейсің бе? Қазір 300 доллардан кем жалға кім пәтер береді? Үкіметтің стипендиясымен аштан өлеміз ғой. Ойлан, жаным! Ақымақ болма! Мені шын сүйетінің рас болса, отқа салма! Босқа налып, жылама! Бойыңдағы тентекті қалдырам саған мұраға. Қош!

– Күнім менің, Күнсұлу! «Магистратураға түспей үйленбеймін», деп қасқалдақтың қанын ішіп, ант еткем. Антты қалай бұзамын? Екеуміздің арамыздағы махаббат мұнша тереңге барады деп ойламап едім. Мен сенің көңіліңді көтеру үшін жай әншейін жастықпен... мастықпен... Мені сүйетінің рас болса, маған кінә тақпассың... Сарғайтпа босқа санаңды, «көзімдей көріп жүрсін», деп қалдырам бір баламды. Қош!

– Айым менің, Айсұлу! Сенің айтқаныңның бәрі орынды. Дегенмен маған үйленуге әлі ертерек. Мен ғылым қуған адаммын. Ал ғалым болатын адамға қырыққа келмей үйленуге болмайды. Отбасы деген қол байлау. Кандидаттық диссертация қорғамай, екі қабат тұрмақ, төрт қабат болсаң да үйлене алмаймын. Сен мені түсін, шын сүйсең кешіре біл. Бұлай берме көзіңді. Қалдырайын қимастан, саған да бір қозымды. Қош!

 Айтпақшы, жоғарыда аттары аталған махаббаттарым – 8 наурыз мерекелерің құтты болсын!

 

Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ

Шығыс Қазақстан облысы

 

Әйелдердің құлағына алтын сырға

– Кеше келіншегім қолыма дорба беріп дүкенге жұмсағаны…

– Содан?

– Ойпыр-ай, кіріп едім… соңғы он жылда онда ғажап өзгерістер болыпты, аралап айызым қанды…

*  *  *

– Үйге кештетіп келіп, байқамаппын. Көйлегіме ерін далабы бадырайып тұрып жағылып қалыпты!..

– Е, әйелің астан-кестең болған шығар?

– Айтпа! Күні-түні: «Дәл сондайды әпер де әпер!» деп құлақ етімді жеуде!

*  *  *

– Сен менімен мұнда сыра сіміріп отырғанда әйелің не істейді?

– Отын жарып, қысқа дайындалады.

– Сен ғой жылы жерде сыра сіміріп рахаттанып отырсың, ал әйелің суықта бүрсеңдеп отын жарып жүр?!.

– Е, ол бейбақ сыраны жақсы көрмесе, не істейін…

*  *  *

– Алл-о-оу, Бәке, балық аулауға шықсақ қайтеді?

– Бармайтын болдым.

– Неғып-ей?

– Әйелім үйде арақ ішуге рұқсат берді…

*  *  *

– Әйелден жолым болмай, жүнжіп бітетін болдым!..

– Қой-ей, білуімше басқалай емес пе?

– Алғашқым – айдап шыққан, екіншім – кетіп тынды, үшіншім – көп жылдың жүзі болды менімен бірге…

2

 

Бір келіншектің әңгімесі

Табиғатымнан алаңғасармын. Әсі­ресе рөлге отырғанда бәрін ұмытамын. Күйеуім машина айдамайды, менің қасымда отырып олай-бұлай деп айтып отырмаса, ұмытып кете берем.

Бір күні қайын сіңлімнің машинасы оталмай қалды да, соны сүйреп тартатын болдым. Күйеуім қарындасының қасына отырып алған. Көлігіме отырып, машина сүйреп келе жатқанымды ұмытып кетіппін. Жылдамдықты әжептәуір бассам керек, аналар артымнан әрі-бері айғайлапты, мен естімейтін көрінемін. Олар айғайға басып, онда отырған күйеу ашуланады кеп. Бір жерге келгенде дереу тормоз басқам ғой, арттағы машина келіп тарс соғылғанда ғана есіме түсіп, шошып кеттім. Қарасам, күйеуім ашудан қап-қара болып кеткен, машинадан түсіп жатыр екен... түстім де қаштым. Ол қуып келеді, мен қашып келем...

Жолдағы көліктегілер:

– Қарындас, қашпа... Ол өзі кінәлі! Біз куә боламыз! – деп айғайлап жатыр. Олар қайдан білсін, менің қо­жа­­насырлығым кү­йеуім­­нің қа­нын­ жиі қай­­на­та­ты­нын...

Сараш ҚОҢЫРБАЕВА

 

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР