Экономика • 10 Наурыз, 2020

Шикізат соғысының салқыны

1024 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Brent маркалы мұнай 27 пайыздан артыққа арзандап, 1 баррельдің құны 32 долларға дейін төмендеді. WTI маркалы мұнайдың баррелі 30 долларға құлдырады. Әлемдік шикізат нарығындағы соғыстың салқыны Қазақстанды да шарпып, валюта айырбастау пункттерінде 1 долларға шаққандағы теңгенің құны 400 теңгеге жуықтады. Кейбір айырбастау пункттері жұмысын уақытша тоқтатты.

Шикізат соғысының салқыны

6 наурыз күні Венада Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен ұйымға кірмейтін мемлекеттердің тиісті министрлерінің кеңейтілген отырысы өткені мәлім. 2016 жылдан бері алғаш рет ОПЕК+ отырысына қатысушылар мұнай өндіру көлемін азайту туралы ортақ келісімге келе алмады. Сөйтіп бұған дейінгі келісімнің күші 1 сәуірден бастап жойылатын болды.

ОПЕК+ отырысында халықаралық нарықтағы ең ірі экспорттаушы елдер саналатын Сауд Арабиясы мен Ресейдің ұстанымы бір-біріне қайшы келгені әлемдік нарықты бірер күннің ішінде дүрліктіріп жіберді деуге болады. Атап айтқанда, Мәскеу өндіріс көлемін қосымша азайтудан бас тартып, қазіргі келісімді 2020 жылдың екінші тоқсанының соңына дейін жалғастыруды ұсынған болатын. Эр-Рияд тарапы болса тәулігіне тағы 1,5 млн баррельге дейін төмендетіп, осы көрсеткішті жыл соңына дейін сақтау керектігін айтты. Оған келіспеген Ресейдің энергетика министрі Александр Новак ОПЕК+ отырысынан ерте кетіп қалды.

Артынша Мәскеу тарапы ОПЕК+ ұйымымен келісімнің Ресей үшін еш маңызы қалмады, өзінің нарығын беру арқылы Ресей АҚШ-тың тақтатас мұнайының нарығын кеңейтеді деген мағынада мәлімдеме жасады. Солтүстік көршіміз елдегі компаниялар шамасы жеткенше мұнай өндіре алатынын айтты.

Өз кезегінде Сауд Арабиясы болса өнім көлемін тәулігіне 10 млн баррельге, қажет болған жағдайда 12 млн баррельге өсіруге дайын екенін хабарлады. Saudi Aramko компаниясы болса шикі мұнай бағасын төмендету туралы шешім шығарды.

Осылайша ОПЕК альянсы күйреп, Сауд Арабиясы мен  Ресей арасындағы баға соғысы бірнеше күн ішінде халықаралық нарықтағы шикізат құнын бірден құлдыратып жіберді. Мұнай бағасы 1991 жылғы Парсы шығанағындағы соғыстан бергі аралықта осыншалықты арзандап көрмегенін айта кетейік. Сол жылы АҚШ-тың Иранды бомбалауына байланысты баррель 32 долларға дейін арзандаған екен.

Қазақстан мұнай сервисі компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, шикізат нарығындағы бұл ахуал көпке созылмайды.

– Мұнайдың бағасы тағы да төмендеуі мүмкін. Бірақ көмірсутегі шикізатының мұншалықты арзандауы уақытша құбылыс деп ойлаймын. Бұл Сауд Арабиясының Ресейге қысым ретінде жасап отырған әрекетінің салдары. ОПЕК+ отырысында Сауд Арабиясы мен Ресейдің ұстанымдары бір-бірімен үйлеспегенін көрдік. Мәскеу өндіріс көлемін қысқартуға келіспей отыр. Егер шикізат бағасының осы деңгейі немесе бұдан да арзандауы ұзақ уақытқа созылатын болса, оған америкалық мұнай компаниялары төтеп бере алмайды, банкрот болады. Онсыз да Exxon Mobile, Chevron сияқты компаниялардың акциялары жыл басынан бері біршама түсіп кетті. Акциялары 25 пайызға дейін арзандаған компаниялар бар. Тақтатас мұнайын өндірумен айналысатын компаниялардың акциялары тіпті құлдырап, он шақты компания банкрот болды. Шикізат бағасы осылай арзан күйінде қала берсе, АҚШ компаниялары одан сайын зардап шегеді, – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Оның пайымдауынша, халықаралық шикізат нарығындағы ахуалға байланысты Қазақстанда девальвация болады деп дабыл қағуға ертерек.

– Теңгенің долларға шаққандағы бағамы арзандағанына алғашқы дүрлігу себеп болды. Бірақ кеше ресми демалыс күні болды, KASE жұмыс істеген жоқ, бүгін ғана ашылды. Енді теңгенің долларға шаққандағы бағамы осыған дейінгі деңгейге жақындауға тиіс.  Экономикада ақша бар. Үкіметтің төлем міндеттемелерінің бәрі теңгемен есептелген, сол себепті төніп тұрған қауіп жоқ сияқты. Девальвация қандай жағдайда болады? Егер мұнай бағасы кемінде 2-3 ай бойы төмен деңгейде сақталса, көтерілмесе, сонда болуы мүмкін. Ондай жағдай болмайды деп ойлаймын, – дейді Н.Жұмағұлов.

Экономист Ғалымжан Керімбек:

– Алдағы уақытта баға әлі де төмендеуі мүмкін. Сөз жоқ, бұл фактордың біздің экономикамызға елеулі әсері болады. Біз әлі де болса шикізат экспортына тәуелділіктен арыла алмай отырмыз. Өндірістің басқа салалары дамыған ел болсақ, соғұрлым бағаға тәуелді болмас едік, – дейді.

Тұңғыш Президент – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Антон Бугаенко:

– Қытай экономикасы әлемдегі аса ірі энергетикалық шикізат тұтынатын экономика. Жыл сайын тұтыну көлемі ұлғайып келе жатқан болатын. Коронавирустың өршуіне байланысты бұл елдегі көптеген өндіріс орындарының жұмысы тоқтағаны белгілі болды. Сөз жоқ, бұл әлемдік шикізат нарығының бағасына әсер етті, – дейді.

COVID-19 күш алысымен көрші елде мұнайға деген сұраныс тәулігіне 3 миллион баррельге дейін төмендегені белгілі болды. Бұл шамамен Қытай экономикасының жалпы сұранысының 20 пайызына тең көрсеткіш.

Мұнай бағасына байланысты туындаған кикілжіңге қатысты халықаралық сарапшылардың пікіріне құлақ түрер болсақ, бұл оқиға Нигерия, Венесуэла, Алжир, Ирак, Ливия сынды мұнайға тәуелді елдердің бюджетіне соққы болады. АҚШ-тың ExxonMobile сияқты алпауыттарын айтпағанда, Батыс Техастағы тақтатас бұрғылаумен мұнай өндіретін шағын компанияларына да әсері болады. Көмірсутегінің бағасы арзан, қолжетімді болғандықтан, одан гөрі қымбатқа түсетін жаңғырмалы энергияға деген сұраныс төмендеп, өз кезегінде климаттың өзгеруіне қарсы күрес сәтсіздікке ұшырауы ықтимал.