Қоғам • 12 Наурыз, 2020

Балаларға креслосы бар көлік дұрыс

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада «Қауіпсіз қозғалыс» сарапшылық орталығы балалардың жол-көлік оқиғалары кезіндегі жарақатының алдын алуға бағытталған дөңгелек үстел өткізді. Шараға Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің мамандары, сондай-ақ Яндекс.Такси компаниясының, ЮНИСЕФ және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.

Балаларға креслосы бар көлік дұрыс

– Ресейде жол-көлік оқиғалары кезінде балалардың жарақат алуы мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Апат кезінде балалардың өлім деңгейін нөлдік деңгейге дейін төмендету туралы Президенттің арнайы міндеттемесі де бар. Біз қоғамдық ұйым ретінде Қазақстанда да осы мақсатты орындауға барынша атсалысуға тырысамыз, – деді «Қауіпсіз қозғалыс» сарапшылық орталығының талдау бөлімінің жетекшісі Елена Борисенко.

Оның пікірінше, бұл проблеманы кешенді түрде шешу үшін зерттеулер жүргізілуге, ведомстволар өзара тізе қосып жұмыс істеуге тиіс. Сонымен қатар проблемаға БАҚ-тың назарын аудару керек, әлеуметтік жауапты бизнес өкілдері де атсалысқаны жөн.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда тиісті заңнамада балаларды көлікпен тасымалдаудың тәртібі белгіленгеніне қарамастан, азаматтардың көпшілігі оны сақтай бермейді. Ата-аналар балаларын көлікпен тасығанда тиісті ережені орындауы үшін, мәселенің қаншалықты маңызды екенін түсінуі үшін түрлі тренингтер өткізіп, перзентханалардың базасында, басқа да медициналық мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуі, тиісті ақпараттар таратылуы қажет.

– «Яндекс.Такси сервисі» балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Біздің ұялы қосымшамызда Алматы қаласында такси шақыру кезінде балаларға арналған креслосы бар такси шақыру мүмкіндігі қарастырылған. Оның тапсырыстарды арнайы оқытудан өткен жүргізушілер орындайды. Біз әріптес парктерімізбен бірлесі, балалар креслосымен жабдықталған көіктерді Республиканың басқа да қалаларына таратуға дайынбыз, – дейді компанияның балаларға арналған сервис бағытының жетекшісі Никита Кузнецов.

Дөңгелек үстел шеңберінде Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қаупсіздігін қамтамасыз ету туралы декларацияға қол қойылды. Құжатта көрсетілгендей, шараға қатысушылардың баршасы балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған шаралар өткізіп, кешенді жұмыстар жүргізуге тиіс.