Тұрғын үй құрылысының 2019 жылғы қорытындысын және соңғы 3 жылда табысы төмен отбасыларын әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етілгені, тұрғын үйге қолжетімділіктің сатысы, сонымен қатар Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының міндеттері туралы әңгімелеген комитет басшысы: «2019 жылы тұрғын үй құрылысына инвестициялар 17%-ға артып, 1,4 трлн теңгені құрады. Инвестициялардың айтарлықтай көлемі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша рекордтық 13,1 млн шаршы метр тұрғын үйді тапсыруға және республиканың тұрғын үй қорын 116 мың баспанаға жаңартуға мүмкіндік берді. Бұл дегеніміз 44 мың жеке үй (37,5%) мен 72 мың пәтерді (62,5%) құрады», дейді.
Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың үш жылында 50 мыңнан астам отбасы (2,9 млн шаршы метр) әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ал 16 мың азамат «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының қатысушылары болған. Азаматтарға жеке тұрғын үй салуға бөлінетін 130 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациялармен жайластырылған. «Бақытты отбасы» бағдарламасы өткен жылдың маусым айында басталып, 5 мың мүгедек баласы бар, көп балалы және толық емес отбасыларына тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берген. Ал 2020-2023 жылдары 40 мың отбасына қолдау көрсету жоспарланып отырған көрінеді. Бұл жыл сайын 10 мың отбасын қамтымақ. Бағдарламаның қолжетімділігі үшін аз қамтылған отбасыларға бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттары беріледі.
«Мемлекеттік қаражатты пайдаланудың атаулылығын және тиімділігін қамтамасыз ету үшін 2019 жылы «Кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электронды деректер базасы» сервистік бағдарламалық өнімі өндірістік пайдалануға берілді. Бұл бағдарлама мемлекеттік органдардың деректер базасымен біріктірілген және тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етеді», деді Мархабат Жайымбетов.
Сондай-ақ Елбасы жариялаған Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмыс істеп жатқан жастарына тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылданып, 2019 жылы баспана 3004 қатысушыға берілгенін де еске салды. «Барлығы 2019-2021 жылдары 9 мың азаматты жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Азаматтардың тұрғын үй мәселесі – мемлекеттің басым міндеті. Қолданыстағы бағдарлама тетіктері арқылы табыс деңгейі әртүрлі қазақстандықтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі қамтамасыз етілуде», деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.
«Нұрлы жер» бағдарламасының басым бағытының бірін егжей-тегжейлі түсіндірген Мархабат Жайымбетов: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш жыл ішінде әсіресе аз қамтылған көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін тұрғын үй заңдарына заңнамалық түзетулер енгізілді. Осылайша «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қаржыландыру тетіктері көзделді. Осы санаттағы 40 мыңнан астам кезекте тұрғандардың ішінде 2019 жылы түрлі тетіктер бойынша 7 387 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді», деді.
Мархабат Жайымбетовтың түсіндіруінше, «Бақытты отбасы» бағдарламасы 2 күнкөріс минимумына дейінгі табысы бар (62,4 мың теңге) кезекте тұрғандарға қолжетімді (көп балалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар). 3,1 күнкөріс минимумына дейін табысы бар кезекте тұрғандар (96,7 мың теңге) «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйлерін алады (әскери қызметшілер, бюджетшілер, мемлекеттік қызметкерлер).
Ал 3,1 күнкөріс минимумынан астам табысы бар азаматтар үшін «7-20-25» бағдарламасы қолжетімді. 5 күнкөріс деңгейінен асатын (156 мың теңге) табысы бар адамдар бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу үшін қолданыстағы нарықтық өнімдерді пайдалана алады.
«Жаңа тұрғын үй көлемдерін қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы 15 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй мен 150 мың пәтер салу міндеті тұр. Мемлекеттік инвестиция шеңберінде 1,3 млн шаршы метр немесе 23 мың пәтер. Тұрғын үй қорын тиісті деңгейде ұстау және азаматтардың тұруына қолайлы жағдай жасау үшін көп пәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша шараларды қарастырамыз. Бүгінде республиканың тұрғын үй қорында 80 мыңнан астам көп пәтерлі үй бар, оның ішінде 18 мың үй күрделі жөндеуді қажет етеді», деді комитет төрағасы.
2011-2015 жылдары тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 33,6 млрд теңге бөлінген. Яғни
2 338 көп пәтерлі тұрғын үй жөнделді. Қайтарымды 6,6 млрд теңге есебінен қосымша 501 үй жөнделді. 2020-2021 жылдары өңірлерге 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл 700 үйді жөндеуге мүмкіндік береді.
Мархабат Жайымбетов нормативтік-құқықтық мәселелеріне тоқталды. 2019 жылы тұрғын үй заңнамасын жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Заң деңгейінде «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша «Мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымының жаңа формасын құру жолымен үйді басқару көзделген. «Ұсынылып отырған қағидат әрбір көп пәтерлі тұрғын үйді басқару бойынша жеке тәсілді қарастырады және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің өзара қарым-қатынасын реттеуге мүмкіндік береді. Тұрғын үйлерді одан әрі күрделі жөндеуді қамтамасыз ету үшін жинақтау жүйесі енгізілді
(1 ш.м үшін 13,3 теңге - 0,005 АЕК)», деді М.Жайымбетов.
Басқару органдары қызметінің ашықтығы артады, сондай-ақ үй-жайлардың меншік иелері тарапынан басқару органдарына бақылау және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қауіпті техникалық құрылғыларды, газ және газбен жабдықтау объектілерін қауіпсіз пайдалану бойынша нормалар көзделген. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметі және қаражат алу тетігінің ашықтығы реттелген. Әзірленген түзетулер өткен жылдың соңында қабылданып, ағымдағы жылдың
7 қаңтарынан бастап күшіне енді. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі заманғы технологияларды қолдану арқылы салынып жатқан тұрғын үйдің сапасына және оларды зияткерлік басқару жүйелерімен жарақтандыруға қойылатын талаптар артылады. Бұл үшін Е-QURULYS құрылысы сапасын бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізіледі. «Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі заманғы технологияларды қолдану арқылы салынып жатқан тұрғын үйдің сапасына және оларды зияткерлік басқару жүйелерімен жарақтандыруға қойылатын талаптарды арттырамыз. Ол үшін Е-QURULYS баспана құрылысының сапасын бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін енгіземіз. Осы жүйе бойынша шынайы уақыт режімінде құрылыс нысанынан видеотрансляцияны байқауға болады», деді комитет төрағасы.
Құрылыс процесіндегі жасырын жұмыстар, мысалы, іргетас пен колонналардағы арматуралау тек белсендіріліп қана қоймай, фото және бейне форматтарда да сақталады. Құрылыстың барлық хронологиялық тарихы ұзақ жылдар бойы қолжетімді болады. Сондай-ақ объектілерді пайдалану және халыққа қызмет көрсетудің ашықтығы мәселелері шеңберінде Е-SHANYRAQ бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізіледі. Комитет басшысының айтуынша, жаңа технологияларды, инновацияларды, тетіктерді енгізу құрылыс саласында және тұрғын үй-коммуналдық секторда саланың ашықтығын, құрылыс сапасын, халық үшін жайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын қамтамасыз етеді және жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасайды.