Аймақтар • 16 Наурыз, 2020

Мұнай бағасы – жағадан, коронавирус – етектен алғанда өңірде кешенді шаралар жасалуы керек

185 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация еліміздің батыс өңірлерін жұмыс сапарымен аралап өткен болатын.

Мұнай бағасы – жағадан, коронавирус – етектен алғанда өңірде кешенді шаралар жасалуы керек

Құрамында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің орынбасары Аманияз Ержанов, Ұлттық экономика министрінің орынбасары Ермек Алпысов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитет төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов бар делегация 13 наурызда Маңғыстау, Атырау, 14 наурызда Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында болды.

Вице-премьер бастаған жұмыс тобы сапарының басты мақсаты – өңірдегі мұнайгаз секторында жұмыс істейтін компанияларда қысқарту қаупін зерттеу және коронавирус таралуы жағдайында медициналық мекемелердің дайындығымен танысу болатын.

Үкіметтік делегация Батыс Қазақстан облысында болған кезінде облыс әкімі Ғали Есқалиев делегация мүшелерін өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдаймен және мұнай-газ саласындағы кәсіпорындар жұмысының өзекті мәселелерімен таныстырды.

Облыс кәсіпорындарында жағдай тұрақты. Кәсіпорындар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Аймақтағы ірі мұнай-газ жобаларында COVID-19 жағдайына және валюта бағамының өзгеруіне байланысты штат санын қысқарту жоспарланбайды. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде облыста шетелдік жұмыс күшін тартатын 108 кәсіпорын мен ұйымда барлығы 19 024 адам жұмыс істейді. Соңғы жылдары отандық мамандардың үлесі 94% -ға (17764) дейін өсті, ал шетелдік мамандардың үлесі 6% -ға (1260) дейін төмендеді.

– Мұнай бағасының арзандауы әлемдік экономикалық ахуалды күрделілендіріп отыр. Бұған коронавирус эпидемиясының ушығуы да қосылды, – деді Ералы Тоғжанов. Бірақ Премьер-Министрдің орынбасары елімізде әлеуметтік тұрақтылық пен ұлт денсаулығы мәселесі Президент пен Үкіметтің басты назарында екенін айтты.

– Барлық әлеуметтік міндеттемелер дер кезінде орындалады. Елдімекендерді абаттандыру, инфрақұрылымдарды жөндеу, сол арқылы еңбек нарығын реттеп, жұмыссыздыққа жол бермеу үшін арнайы жол картасы дайындалуда. Соның ішінде жұмыссыздарды, қысқартуға ұшыраған еңбеккерлерді жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді, - деді Ералы Тоғжанов.

– Батыс Қазақстан облысы экономикалық жағынан моноөңір, яғни мұнайгаз секторына барынша тәуелді. Осыған орай біз әлемдегі мұнай бағасы төңірегіндегі ахуалға қатты алаңдап отырмыз, - деді Ғали Есқалиев.

Өңірдегі мұнай кеніштерін игеру және капиталды құрылыс бойынша жыл басында бекітілген жоспар сақталып отыр. Дегенмен, Қазақстан төңірегіндегі барлық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Өйткені әкімнің айтуынша, өңір кәсіпорындарына сыртқы әсерден болатын барлық тәуекел ескерілуі тиіс.

Облыс әкімі өңірдің орта болашақтағы жоспарында «ЖайықМұнай» ЖШС газөңдеу құрылғыларын іске қосу, Қарашығанақ жобасын кеңейту бойынша басталған жұмыстарды аяқтау, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС қолға алған Рожков кенішіндегі жұмысты бастау, «Zhaik Petroleum» ЖШС жобасы бойынша метанол өндірісін бастау бар екенін айтты. «ABS Мунай» ЖШС салуы тиіс МӨЗ құрылысында кейбір түйткілдер бар. «Сот талқылаулары аяқталған соң нысанның құрылысы қайта жанданады деп сенемін», деді Ғали Есқалиев.

Батыс Қазақстан облысында 2020 жылы III және IV категорияға жататын шетелдік жұмыс күшін әкелу күрт қысқарған болатын. ҚПО б.в. компаниясымен арадағы келісімге сәйкес, өңірдегі мұнайгаз компаниялары стандарттарына сай келетін жергілікті мамандарды даярлайтын тренинг орталықтар құрылатын болды.

Сондай-ақ импорттық-экспорттық келісімдердің азаюы мүмкін жағдайында өңіраралық кооперацияны бір орталықтан үйлестіру мәселесі де көтерілді. Бизнеске арналған несиелерді төлеу бойынша мұрсат беру мәселесі де айтылды.

Кездесуде өңірдегі кәсіпорын өкілдері де өздерін мазалаған сауалдарды ортаға салды. Мысалы, 400-ден аса адам жұмыс істейтін «Конденсат» акционерлік қоғамының мұнай өңдеу зауыты өндірістік қуатынан төмен жағдайда жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік тапсырыс әлі бекітілмегендіктен, «Зенит» зауыты және кейбір кәсіпорындар жобаларын дер кезінде бастай алмай отыр, бұл өз кезегінде жұмысшылардың еңбекақысына тікелей әсер етеді.

Мұнайгаз сервисі кәсіпорындарының қауымдастығы компания тұрып қалған кезде жалақының бір бөлігін сақтауды, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан І және ІІ категориялы шетелдік мамандардың квотасын ұзартуды сұрады.

Үкіметтік делегация мүшелері кәсіпорын өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, мұнай бағасының төмендеуі мен коронавирустың таралуынан туындайтын зардаптарды барынша азайту бойынша мемлекет тарапынан жасалатын кешенді шараларды атап өтті.

Жиынды қорытындылаған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов облыс әкімдігі мен мемлекеттік органдарды пайдалы қазбаларды пайдаланушылармен біріге отырып, еңбек дауларының алдын алуға, жұмыс орындарын сақтауға және кәсіпорын жұмысшыларына еңбекақыны дер кезінде төлеп отыруға тапсырды.

Осы сапар кезінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары әр облыстағы туберкулезге қарсы диспансерлерде және жұқпалы аурулар ауруханаларында да арнайы болып, жағдаймен танысты. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында барлық медициналық ұйымдар жеке қорғаныс құралдарымен, дәрі-дәрмектермен және қажетті дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға 38,9 млн. теңге бөлінді. Облыста инфекциялық, алдын-алу және карантиндік орындар анықталды. Облыстың медициналық мекемелерінде 194 төсек орналастырылған.

Батыс Қазақстан облысында коронавирустық инфекцияға күдіктелген науқастар жоқ. Басқа елдерден келгендерге тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

Вице-премьер өңірдің эпидемиологиялық ахуалын қатаң бақылап, қажетті емдік құралдармен қамтуды, медициналық мекемелерді тиісті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Бес өңірге жасаған сапарында Ералы Тоғжанов облыс әкімдеріне елде бұқаралық мәдени және спорттық іс-шараларға уақытша тыйым салу, шектеулі орындарда санитарлық режимді нығайту және басқа да алдын алу шараларын жүзеге асыруды ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар азаматтарды азық-түлікпен және қажетті тауарлармен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Батыс Қазақстан

Соңғы жаңалықтар