Экономика • 19 Наурыз, 2020

Шаруалар ірі қараны неге тірідей сатқысы келеді?

42 реткөрсетілді

Соңғы кездері ет бағасының қайта-қайта қымбаттауы билікті де, қарапайым халықты да қатты алаңдатып жүр. Ел тұрмысының «барометріндей» болып кеткен ет бағасының көтерілуіне не себеп болды? Алдағы уақытта баға тағы өсуі мүмкін бе? Міне, «Қазақстан ет одағының» төрағасы Асылжан МАМЫТБЕКОВПЕН ашық әңгімеміз осы сұрақтардан басталды.

 

– Қолдағы мәліметтерге қарасақ, соң­ғы он жылдың ішінде азық-түліктің басқа түрлері етке қарағанда әлдеқайда көп қым­баттаған, – дейді бізбен әңгіме­сін­де Асылжан Мамытбеков. – Бірақ оны дау қылып жатқан ешкім жоқ. Он жылда еттің бағасы 67 пайызға өсіпті. Ал басқа азық-түліктің бағалары екі еседен астам, кемі 100 пайызға дейін өскен. Сондай-ақ соңғы он жылда жанармай бағасы 188 пайызға көтерілді. Осыдан кейін ет қалай қымбаттамайды? Жасыратыны жоқ, ет бағасының өсуі шаруаларға қолайлы. Өзіңіз ойлап көріңізші, жанармайдың артында кім тұр? Мұнай және мұнай өңдейтін зауыттардың иелері тұр. Олар санаулы ғана. Ал еттің артында кім тұр? Қарапайым ауыл халқы тұр. Ел тұр­ғындарының 25 пайызы осы ауыл шар­­уа­шылығы саласымен айналысады. Халықтың 44 пайызы ауылда тұ­ра­ды. Енді еттің қымбаттауымен бірге осы халықтың тұрмысы түзелсе кімге жақсы болады? Сондықтан біз бағаны шектегенде халықтың қамын ойлаймыз деп сол халықтың өзін қысып тас­тап отырған жоқпыз ба? Ендеше ет бизнесімен айналысушыларға жағдай жасап, экспорттың көзін ашып, содан түскен салықтың есебінен бағаның өсуінен зардап шегіп жатқан тұрмысы төмен тұрғындарымызға берілетін әлеуметтік көмекті көбейтуіміз қажет. Нарықтық елде осылай істейді. Бағаны қолдан шектеу, керісінше, халықтың табы­сын азайтады, сосын тауардың өзін азайтады. Ет сату тиімді болмаса, мал басы көбеймек түгілі азаяды. Мал азайғаннан кейін ет азаяды, содан қайтадан ет бағасы қымбаттайды. Содан амал жоқ, импортқа тәуелді боламыз. Яғни, еттің бағасын ауыздықтап ұстап отыру дұрыс емес. Біз әрі қарай ашық, нарықтық экономика құрамыз десек, онда тауарлардың, оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы сауда-саттық жасайтын көршілес елдердегі бағадан төмен болмайтынын түсінуіміз қажет. Ал енді бұл бағаларды қолдан емес, әкімшілік жолмен емес, нарықтық түрде Үкімет тарапынан реттеп отыру қажет. Ондай реттеуге не жатады? Монополиялық келісім арқылы баға көтеруге қарсы жұмыс жүргізу, интервенциялық сауда өткі­зу, сауданы дамыту, осы арқылы алып­сатарлардың тізбектерін азайту және т.б. Айта кететін жайт, бағаның кө­те­ріл­уінде фермердің ықпалы аз. Кө­бі­несе баға алыпсатарлардың қосатын табысына тәуелді. Міне, осымен күресу қажет.

– Коронавирустың біздің елдің ет экспортына кері әсер етуі мүмкін бе?

– Негізі ет экспортын шектеуге сырт­та­ғы емес, ішкі жағдайлар әсер етеді. Қайта Қытайда коронавирустан бөлек африкалық шошқалардың обасы шығып, олар ет өндірісін қысқартуға мәжбүр болуда. Сондықтан біздің қой, сиыр, шошқа етіне деген сұраныс керісінше көбейеді.

– Тірі малды экспорттауға тыйым салынды. Неге мұндай қадамға бар­дық, мұның әсері қандай болады, осы мәсе­лені тереңірек түсіндіресіз бе? Бұл шарадан ет экспорты көбейе ме, кері­сін­ше азая ма?

– 2019 жылдың қорытындысы бойынша шетелге 63 600 тонна ет экспортталды. Әу баста жоспарланған межеге қол жеткіздік. Бұл осы саладағы шаруаларды қолдау, ынталандыру арқылы жүзеге асты. Иә, былтырғы экспортқа кеткен 63,6 мың тоннаның біразы тірі малды сыртқа сату есебінен болып отыр. Бұл тірі мал арнайы, бекітілген коэффициенттер арқылы ет мөлшеріне аударылады. Бұл 2014 жылы АШМ мен Статистика агент­ті­гі бірге қол қойған методикаға сәйкес есептеліп отыр. Алайда енді бұл экспорт көлемі әрі қарай өсе ме, жоқ па, оған жауап беру қиын. Өйткені биыл ақпан айы­нан бастап тірі малды экспортқа шы­ғаруға тыйым салынды. Тірі малды сырт­қа шығаруға тыйым салуға негіз болған ресми себеп – экспортқа аналық бастың көп шығарылуы және ет комбинаттарына шикізат жетіспеуі деп айтылды. Яғни, «Ойбай, шетелден келген асыл тұқымды аналық басты сатып жатыр» деп байбалам салушылар көп болды. Тағы бір себеп, бұл ішкі нарықта ет бағасының өскені. Енді мәселені асықпай сараптап көрейік.

Біріншіден, сыртқа сатылатын мал – тауарлы мал. Өйткені тірі салмаққа берілетін бағасы етпен тең. Тірі салмаққа әрі кетсе килосына 900 теңге береді, (мұны еттің бағасына ауыстыру үшін шамамен 2-ге көбейтеміз). Асыл тұқымды малдың бағасы әлдеқайда жоғары. Қазір жақсы малын арзанға беретін ақымақ шаруа жоқ. Одан басқа, несиеге алынған малды үш жылға дейін сатуға шектеу қойылған. Демек, сатамын десе де сата алмайды. Бұл асыл тұқымды малды сатты деушілерге айтарым.

Былтыр біздің елден сыртқа 156 мың ірі қара мал (ІҚМ) сатылды. Сонда есептек көрсек, экспортқа шығарылған аналық бастың саны 5 пайыздан аспайды екен. Қалған 95 пайызы – бұқа. «Ойбай, көрші елдер бізден аналық бас алып, көбейтіп, өзімізге ет қылып сатады» деп шулады. Бұқаны қайтіп көбейтеді? Енді неге аз болса да аналық бас шығып жатыр деген сұраққа жауап берейін. Қазақстанда жылына 2,5 млн-ға жуық ірі қара сойылады. 2,5 млн сойылатын ірі қараның кемінде 600 мыңы – аналық бас. Өйткені бизнесте сиырдың өмір сүру ұзақтығы 7-8 жыл, әрі кеткенде 10 жыл. Осыдан кейін сиырдың төл беруі (сүтті бағытындағы малдың сүт беруі) қиындайды. Сосын амал жоқ, етке жібереді. Өйткені сиырдың негізгі функциясы – төл әкелу не сүт беру. Елімізде 3,5 млн аналық бас бар. Әр сиыр орташа есеппен алғанда 10 жыл өмір сүргеннің өзінде, соның 10-12 пайызын жыл сайын сойып отыру керек. Одан тағы да 7-8 пайызының аяғы сынады, ауруға ұшырайды, әйтеуір, түрлі жағдаяттармен пышаққа ілінеді. Яғни, жылына кемінде 600 мыңдай аналық ірі қара сойысқа кетеді. Соның 7-8 мыңы шетелге союға әкетілсе, оның не айыбы бар?

Ал енді 2,5 млн бас ІҚМ сойылып жатқан елде 156 мыңы сыртқа кеткеннен ет комбинаттарына шикізат жетпей қалды дегенге кім сенеді? 156 мың – 2,5 миллионның небәрі 6-ақ пайызы. Ал осыдан кейін ет комбинаттарынан «бұрын экспорт жоқта неге толыққанды жұмыс істемедіңдер?» деп сұрайтын адам бар ма? Керісінше, экспорт ашылғалы ет комбинаттарының жұмыс көлемі арта түсті. Бұл ең бірінші, малдың көбеюінен деп ойлаймын. Малды тірідей сыртқа сатуды доғарсақ, біздің ет комбинаттарына көп жұмыс табылады деген пайым жасалды. Иә, басында шынында солай болуы мүмкін. Бірақ ол көпке бармайды, себебі, бұл шаруалар үшін тиімсіз. Өйткені ет комбинаттары «Өзбектер мынандай бағамен сатып алып еді, енді мен де малыңды сондай бағаға аламын» деп бағаны көтермейді. Қайта олар «енді бізге сатпағанда, қайда барар екенсің?» деп керісінше мұны өз жағдайына пайдалануы мүмкін.

Шынында шаруалар неге малды тірі­дей сатқысы келеді? Шетелге сату үшін қаншама құжат дайындап жүрген­ше неге қасындағы ет комбинатына өткізе салмайды? Өйткені отандық ет комбинаттары фермерлерге тиімді баға бермейді. Өзбектер 1 кило тірі салмақты 850-900 теңгеден алып жатса, біздікілер 650-700 теңгеден алады. Өйткені ет, тері бізде терең өңделмейді. Жеңіл өнеркәсіп дамымаған. Ет комбинаттарында малдың ішкі құрылысын пайдаланбай, ірі қараның майы, ішек-қарны, қаны, сүйегі, мүйізі, терісі бәрі қалдыққа кетеді. Ал шетелден тірідей алушылар ақшаны көбірек бере алады, өйткені өздерінің елдерінде малдың барлық мүшесін іске жаратады. Бұған дейін шетелден қымбат бағаға сатып алушы болғандықтан өзіміздің ет комбинаттары да фермерлерге көбірек баға беруге мәжбүр болды. Ал бұл ет комбинаттарына ұнамайтын. Яғни, фермерлер малдың сыртқа шығып отырғанынан жақсы пайда тапты. Бұл осы саладағы баға деңгейіне де оң әсерін берді. Қарапайым фермердің мерейінің үстем болғаны бүкіл саланың мерейінің үстем болғаны емес пе?

Елімізде жұмыс істеп тұрған ет комби­нат­тарының саны мыңдаған фермерден бірнеше есе аз. Осыдан кейін бізге кім маңызды? 100 ет комбинаты маңызды ма, жоқ, 25 мың фермер маңызды ма? Шынын айтқанда Қазақстанға 20 ірі ет комбинаты да жетеді. Уақыт өте келе ет комбинаттары азайып, керісінше малмен айналысатын фермерлердің саны көбеюі керек. Біз дәл осы мәселеде, тірі малдың экспортын жапқанда, ет комбинаттарының пайдасын ойлап отырмыз. Нарық бәсекелестік пен баламадан тұрады. Енді өзбектер біздің малды алмағаннан кейін бүкіл ет комбинаты өзара келіседі де, малды арзанға сатып алуға кіріседі деген қауіп бар. Бұдан малдың басы азаяды. Бұл өз кезегінде ет экспортының азаюы­на әкеледі. Сондықтан алдағы уақытта жағдай қалай болатынын тап басып айту қиын. Тірі малды сыртқа көп әкетіп жатқандықтан ет бағасы қымбаттап жатыр деп шулаған едік. Енді тірідей малды сатуды тоқтатсақ та баға түспеді.

Тағы бір айта кететін жайт, әлемде тірі малдың сауда-саттығы өте қатты дамыған. Мысалы, Аустралия жылына 1 млн-ға жуық ІҚМ-ды тірідей сатады. Бразилия, Аргентина, Канада, АҚШ елдері де көп малын тірідей Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, араб елдеріне сау­далайды. Енді біздің малды алуға рұқсат жоқ болғандықтан Өзбекстан секілді елдер тірі малды Ресейден немесе басқа елдерден ала беруі мүмкін, демек біз сатып отырған нарығымызды жоғалтамыз. Қорыта келе, бұл шектеу жалпы салаға, фермерге тиімсіз, ет комбинаттарының мүддесі үшін қабылданған шешім деп ойлаймын.

– Экспортқа 60 мың тоннадан астам ет шығару жоспары орындалғанымен елі­міз әлі күнге сырттан ет алады. Мұны қалай түсінуге болады?

– Импорт бұған дейін де болған, алдағы уақытта да бола береді. Өйткені еттің кейбір түрлері бізде өндірілмейді. Ал ол мей­рамханаларда үлкен сұранысқа ие. Ендеше сырттан неге ет әкелмеске? Мысалы, АҚШ – ең көп ет экспорттаушы елдердің бірі. Жылына 1,5 млн тонна сиыр етін экспортқа шығарады. Сөйте тұра өздері шетелден 1,5 млн тонна ет сатып алады. Бірақ олар өз етін кемінде 5-6 доллардан сатады. Ал Бразилиядан 3 доллардан сатып алып, консерві, шұжық, паштет жасауға жібереді. Бізде де сондай. Сондықтан бізде импорттан бас тарту деген мақсат тұрмауы керек. Біздің ішкі өндірісіміз сиыр еті бойынша ішкі сұранысты 103,9 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Міне, осы көрсеткіш, импорттың бар-жоғына қарағанда, әлдеқайда маңызды.

– Америкадан келетін тауық еті тура­лы әртүрлі әңгімелер айтылады. Неге шынында ол елден тек тауықтың сан еті ғана келеді?

– Иә, АҚШ өздерінің резервіндегі еттерді экспортқа шығарады. Әрине, бұл еттерді әрдайым тексеріп отыру қажет. Алайда бізге АҚШ-тан тауық сан етінің көп келіп жатқаны отандық өндірістің нашар жұмыс істеуінен емес. Шетелден жылына 150 мың тонна тауық еті келеді. Ақмола облысы Макинка ауылынан ашылған тауық еті комбинатының қуаты 60 мың тоннаны құрайды. Яғни, осындай үш зауыт ашсақ, импортты жаба салуға болар еді. Бірақ біз аша алмаймыз. Өйткені оның өнімін сату қиын. Білесіз бе, АҚШ-тан келетін тауық санының бағасы біздің тауық етінен екі есе арзан. АҚШ тұрғындары тауықтың аяғын жемейді. Негізінен тауықтың төсін, қанатын жейді. Сондықтан өздерінде сұраныс көп болмағандықтан арзанға сатады. Тауық сан етінде холестерин көп, сосын америкалықтардың мәдениеті солай қалыптасқан. Бізде тауықтың сан етін негізінен студент пен зейнеткерлер, құрылыс пен вахталық жұмыста жүргендер пайдаланады. Жағдайы жақсы адам тауықтың сан етін сатып алмайды.

Одан басқа, біздің кәсіпкерлер тауық сан еттерінің бағасы төмен болғандықтан шұжыққа қосады. Өйткені сырттан келе­тін шұжықтардың бағасы төмен. Сол бәсекеге төтеп беру үшін шұжық өн­ді­ру­­шілер өніміне арзан тауық санын қосады. Бүкіл әлемде сиыр не шошқа етінен жасалған шұжықтың баға­сы етке қарағанда әлдеқайда қымбат. Себе­бі шұжықты жасау процесі бірнеше бө­лік­тен тұратындықтан оның бағасы сойылған еттен әлдеқайда қымбат болуы тиіс. Ал біздің елде шұжық ет бағасынан екі есе арзан. Яғни, көбісі тауықтың сан етін, бояғыш, ароматизатор секілді түрлі қоспалар қосады, нәтижесінде дә­мін де, түсін де айыра алмай қаласыз. Қазы байласаңыз, ішінде не бары екені көрініп тұрады, ал, шұжықтың неден жасалғанын көзбен анықтай қою өте қиын. Меніңше тауықтың сан етінің импорты тек халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілген кезде, мемлекеттік бақылауды күшейткен кезде ғана жабылады.

 

 

Соңғы жаңалықтар

«Алтын Орда» күйін шығарды

Руханият • Бүгін, 11:21

Карантиннен келетін зардап мол

Коронавирус • Бүгін, 11:09

Тағы бір науқас қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 08:07

Конкурс жарияланады

Қоғам • Бүгін, 07:57

Көршіңізбен қалайсыз?

Руханият • Бүгін, 07:54

Сөз сойыл №92

Руханият • Бүгін, 07:50

Қажығұмарды қайтеміз?

Таным • Бүгін, 07:47

Тұратыда туған тарландар

Руханият • Бүгін, 07:45

«Штрафбаттың» командирі

Руханият • Бүгін, 07:43

Ұқсас жаңалықтар