Коронавирус • 19 Наурыз, 2020

22 наурызға дейін елордаға кіріп-шығуға мүмкіндік берілді

534 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары  Бақтияр Мәкен елорда тұрғындары үшін маңызды ақпаратты жеткізді.

22 наурызға дейін елордаға кіріп-шығуға мүмкіндік берілді

Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының тапсырмасына сәйкес 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралу қаупіне байланысты карантин режимі енгізілгені белгілі.

Соған қарамастан әкімнің орынбасары қалаға кіріп-шығуға уақытша мүмкіндік берілгенін атап өтті.

«Тұрғындар үшін маңызды ақпарат, елордаға кіруге және қаладан шығуға әзірше уақыттары бар. Алдағы 72 сағат авиа және темір жол қатынастары арқылы қаладан кету немесе келу үшін мүмкіндік беріліп отыр. 22 наурыздан бастап барлық санаттағы тұрғындарға қала аумағына кіруге және шығуға толық шектеу қойылады. Кез келген қатынастардың транзиттік тасымалдаулары, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында тоқтатылмай жүргізіледі. Яғни, жолаушы пойыздары қала арқылы өтеді, бірақ тоқтамайды. Ал 22 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласының өзінен ешқандай «жолаушы пойыз» жолға шықпайды. Қала аумағын басып өтетін не болмаса азық-түлік тасымалдайтын көліктер арнайы жасыл дәлізбен ғана қатынасады. Бұл қалаға керекті тауарларға байланысты», деді Б.Мәкен.