Коронавирус • 21 Наурыз, 2020

Елорда кәсіпкерлері жалға берген пәтер ақысын кешірді

785 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Жекелеген адамдарға ғана емес, ел басына қиындық түскенде жұдырықтай жұмыла кететін атымтай азаматтардың игі істері жайлы ауыз толтыра айтпау мүмкін емес. Әлемді жайлаған індеттің, өкінішке қарай, елімізге де келіп жеткені елорда кәсіпкерлерін бейжай қалдырмады. Әрине олар, ең алдымен, «біз ел үшін не істей аламыз?» дегенге бас қатырды.

Елорда кәсіпкерлері жалға берген пәтер ақысын кешірді

Жұқпалы дерттің өршуіне жол бермес үшін екі қала бірдей жабылып, жүріс-тұрыс қиындап, біреуге жалақы төлеу мұң болып, біреуге жұмысқа шығу мүмкін болмай жатқаны рас. Тіпті күні кеше отбасын асырап отырған азаматының еңбекақысы кешеуілдеп, жөргектегі баласына жаялық сатып ала алмай отырған жас аналардың бізге хабарласқаны да бар. Маска тапшылығын айтпағанда, пайдакүнемдердің бағаны шарықтатуынан бір жапырақ бетпердені алып, таға алмай отырған кісілер де кезігеді. Осындай мәселелерді елеусіз қалдырмаған елордадағы бір топ кәсіпкер Президенттің #bizbirgemiz ұранына үн қосып қана қойған жоқ, қайырымды іске жұмыла кірісті.

1

Игі бастаманы қолға алған кәсіпкерлердің өздерімен де тілдестік. Пәтер, сауда орны және басқа да нысандарды жалға беріп отырған «Жібек жолы шоу техника» ЖШС директоры Ербосын Нұрмұхан, «Кахан құрылыс» ЖШС директоры Ғизат Кәрімұлы, жеке кәсіпкерлер Мырзабек Мейірбекұлы және Ержан Үрім қатарлылар бір айлық жалдау ақысын кешірсе, «Кенгуру» жолаушылар тасымалдау ЖШС директоры Мыңжас Әділбек таксилерін жүргізушілерге 50% жеңілдікпен жалға беріп отыр. Бұдан бөлек кейбіреуі кемінде 2-3 қызметкерін ақылы демалысқа жіберіпті. Кәсіпкер Ернұр Болатұлы журналистерге, қала тұрғындарына және көше тазалығына жауапты жұмысшыларға тегін маска таратса, «Демер» ЖШС директоры Ерлан Дәлелұлы да 300 мың теңгенің маскасын сатып алып, халыққа тегін беруді жоспарлап отыр. «Altaytrade» ЖШС директоры Бақытбек Нәсіпхан тұрмысы төмен жұмысшыларына 120 мың теңгеден ақшалай  көмек көрсеткен.

2

Осы ойды ең алғаш ортаға салған «Жібек жолы шоу техника» ЖШС директоры Ербосын Нұрмұхан: «Нұр-Сұлтан қаласында тұратын WhatsApp желісіндегі «Біздің жігіттер» тобындағы барлық кәсіпкер азаматтар  жалға берген пәтерлеріміздің пәтер ақысын осы бір айлық төтенше жағдай кезінде  жалға алушылардан 100% алмайтын болып келістік. Бұл біздің мемлекет пен халықтың қиыншылығын шешу үшін қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да жасаған көмегіміз», дейді.

Жомарт жандардың барлығы Қытайдан атажұртына оралып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар. Олар еліміздегі басқа да кәсіпкерлерді челленджді жалғастыруға шақырды. «Біз үлкен бизнесмендер сияқты миллиондап көмек көрсете алмасақ та, қолымыздан келгенге тырыстық.  Сондай-ақ «Біздің жігіттер» тобындағылар еліміздегі барлық кәсіпкерлерді елдің тұрақтылығы, экономиканың одан әрі құлдырамауы, жағдайы төмен отбасылардың аш-жалаңаш қалмауы үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып,  елге көмектесуге шақырамыз», дейді Е.Нұрмұхан.