Руханият • 26 Наурыз, 2020

Қармысовтың қайталанбас кейіпкерлері

34 реткөрсетілді

27 наурыз Халықаралық театр күні. Осыған орай, газетіміздің оқырмандары үшін қазақ сахна өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі Камал Қармысовтың актерлік өнері турасындағы шығармашылық кескіндемені назарларыңызға ұсынып отырмыз.  

1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылордада ашылған алғашқы қазақ театры 1928 жылы Алматыға қоныс аударады. Өнер шаңырағының іргесін қалаған «жеті ақсақал» – Қалибек Қуанышбаев,  Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков ақсақалдардың  сахнада салған соны соқпағын жалғай өнерге жаңа леп келіп қосылды. 1931 жылғы халық басына күн туған қиын-қыстау ашаршылық, «балапан басы, тұрымтай тұсы» уақытпен тұспа-тұс келген бұл буынның қазақ өнері тарихына қосқан үлесі өлшеусіз. Қамкөңіл елдің жанына жұбаныш болды. Қажымай, талмай жұртты өнерімен сусындатты. Дала дәрісін тыңдап, халық академиясынан өткен сол топтың ішінде қазақ өнерінің қара нары Камал Қармысов та бар еді.

театр

Қанат қағу...

Алматы облысының Беріктас дейтін ауылында дүниеге келген болашақ актер әке-шешесінен ерте  айырылып, 5 жасынан бастап тұрмыс тауқыметін көп тартады.  Сиыр бағып, шөп шауып шауып, отар қойдың соңында жүріп, өмірдің барлық қиындығын көрген. Үлкен әпкесі Бүбікейдің қолында тәрбиеленіп, сол кісінің ұйғаруымен мектеп жасына келген шағында интернат табалдырығын аттайды.  Бұл жерде қазақ өнерінің аңыз тұлғалары – Күләш Байсейітова, Сейфолла Телғараев үшеуі қатар оқиды. Түйдей құрдас үш дос парталас болып қана қоймай, мектептің көркемөнерпаздар үйірмесіне де бірге қатысып, ұлы өнер сапарының алғашқы баспалдағын аттайды. Белгілі қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты да бала Камал, Күләштар аунап өскен Беріктастың киелі топырағы баптап ұшырған еді...

Балдаурен шағынан татқан қиыншылықтың кермек дәмі өнерге құштар жеткіншектің сахнаға  деген махаббатына ноқаттай дақ түсіре алмады. Шынашақтайынан өнер-білім, ән салуға құмар болып ер жеткен бала Камал сол кездің өзінде-ақ өнерді өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналдырған-ды.  Болашақ сахна майталманын 1931 жылы Рид­дердегі жұмысшы жастар театрына қызметке жібереді.  Дара дарынымен ерекше көзге түскен бозбала арнаулы білімі болмаса да, осы сапарынан кейін бірден қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына қабылданады. Бұл сахнада артық-кемі жоқ 60 жыл еңбек етті. Театрда сомдаған 160-қа жуық рөлі, ұлттық кинематография тарихының Алтын қорында алтын әріппен жазылып қалған 20-ға тарта филмьмі де шежірелі жылдардан сыр шертеді, шеберлікке шыңдайды.

Зұлмат жылдардың нәубетінен кейін жаңа ғана еңсесі көтеріліп, бойын жаза бастаған қыр жұртшылығына қуат, демеу боларлық ән, күй сыйлау міндеті жүктелгендіктен де, алғашқы театр труппасы қиын кезеңдерді еңсере жүріп, ауылдарға жиі-жиі ат басын бұрады. Жаралы жандардың жанына өнерімен жұбаныш болады. Ол уақытта ойын қоятын жер деген жоқ, спектакльдер қой қораның ішінде қойылады екен. Көрермен де көп емес, әр ауылда 4-5 үй ғана отырады. Бірде  концерт беріп жатқанда «ойбай, келіп қалды» – деп, қойылым көруге келген жұрт тұра қашыпты. Сөйтсе, бандылар  көрші ауылды тонап жатыр екен. Мұның барлығы – қиыншылығы мен қаупі басым сахна сыны  актердің болашақта мықты, шыңдалған шебер болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқаны даусыз.

 театр

Әуезовтен Шекспирге дейін

Өмірдің, өнердің осындай үлкен мектебінен өткен алғашқы сахна шеберлерінің ішінде Камал Қармысов есімі өз артықшылығымен дара, оқшау. Камал Қармысов – қазақ драматургиясының дүлдүлдері: Мұхтар Әуезовтің де, Ғабит Мүсiреповтiң де, Сәбит Мұқановтың да назарында болған актер. «Айман – Шолпандағы» – Жарас, «Ақан серi – Ақтоқтыдағы» – Сердалы,  «Шоқан Уәлиханов» спектаклiндегi Гасфорт бейнесі тынымсыз актердің үздіксіз ізденісінің арқасында жаңа биікке көтерілді. Батыс Сiбiрдi билеуші орыс  шовинисiнiң бейнесiн барынша нанымды да шебер  ашқан сахнагердің ойынын көріп, пьеса авторы Сәбит Мұқановтың ерекше тәнтi болғаны бар екен. 

Камал Қармысовтың сахнадағы ғаламат аяқ алысы классикалық мұраларда айрықша көзге түседі. Жантықтан бөлек М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абайындағы» – Керім, М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясындағы» –Төлеген Тоқтаров, О.Бөкейдің «Құлыным, менің» драмасындағы – Қаражан, Ә.Тәжібаевтің «Майрасындағы» – Дүрбіт бейнелері өз алдына бір төбе. Сондай-ақ  сахнагер орыс және шетел классиктерінің шығармаларында да көп ойнады. Атап айтсақ, М.Горькийдің «Шыңырау түбіндесінде» – Барон, Н.В. Гогольдің «Ревизорында» – Хлестаков, У.Шекспирдің «Отеллосында» – Яго, «Асауға тұсауында» – Транио, Ж.Мольердің «Сараңында» – Гарпогон сынды табиғаты сан қилы тағдырлар Қармысов қолтаңбасында ұлттық театр тарихында өз өрнегімен, даралығымен мәңгілікке таңбаланған.  Әйгілі актер театрға ғана емес, кино өнеріне де көп еңбек сіңірді. «Абай әніндегі» – Оспан, «Махаббат дастанындағы» – Жантық, «Дала қызындағы» – Әмірхан бейнелері сөзімізге дәлел. Әсіресе, 1957 жылы Шәкен Айманов таспалаған «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі Камал Қармысов кейіптейтін сиқыршы рөлі  көрерменін күні бүгінге дейін бейжай қалдырмайды.

«Театрда режиссер ойын сөз мысқылынан түсінетін, стол басындағы репитицияның өзінде-ақ, болашақ образды бір-екі интонациялық мінездемемен айқындап тастап, бір-екі ғана сырт қимылымен геройының портретінен елес беріп кететін актерлер болады. Олар режиссер қиялындағы әлі көмескі образды көп толғап жатпай-ақ аса бір сезгіштікпен алғыр художниктерге тән кесек сілтеспен, бір-екі штихтар арқылы бейнелей біледі. Біздің театрда мұндай актерлерді «қамшы салдырмайды-ау, сабазың» дейді. Сол «қамшы салдырмайтын» жүйріктің бірі – Камал Қармысов. Ол қандай рөлде ойнамасын, геройының ішкі дүниесіне, мінез-құлқына лайық сырт кесінінін табуға көп көңіл бөлетін актер». Белгілі театр сыншысы Қажықұмар Қуандықов ағамыздың Камал Қармысов қарымына берген осы бағасының өзі-ақ талай дүниені аңғартып тұрғандай. Ал профессор Әшірбек Сығай өнерпаз өнегесі хақында былай дейді: «Камал ағамыздың актерлік ізденісі өзгеше һәм өнегелі. Үлгі тұтарлық жағы басым. Ол кісі бейне біткеннің бүтін болмысын ең әуелі сыртқы белгілерден қамдастыратын. Мінез-құлықтағы ерекше тұстарды дәл ұстайтын. Жүріс-тұрыс, қас-қабақ қозғалыстары, тұлға иілімдері, дене икемділіктері қатаң ескеріліп барып, арқалы актер ішкі жан-дүниенің иірімдеріне әсте-әсте жылу таратып, бірте-бірте сәуле дарытатын. Кейіпкерлерінің ішкі әлеміне сыртқы пішін арқылы келетін. Өнердің өз тілімен айтсақ, қаһарман характерлерін пластикалық қимыл -қозғалыстарымен айшықтауға шебер-тін. Рольдің сырт жобаларын ыңғайлап алып, біртіндеп тегершіктерді дөп басуға ойысатын».

Жантықтың жұлдызы

Сахнада сандаған күрделі образды шеберлік шыңында жарқырата  көрсеткен актердің, әсіресе, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Жантық ролінің жұлдызы биік. Өнертану маманы Әшірбек Сығайдың сөзімен айтқанда,  бейненің шынайы шыққандығы соншалық, Камал Қармысов кейіптеген Жантықтың қолына тіпті Шекспирдің Ягосы да су құя алмайтындай әсерге бөлейді.  

«Бес тал сақалы ебедейсіз шошайып, тыриған арық сүлделі,  жүзі қан-сөлден жұрдай, көрден шыққан әруақтай, табыттан тұрып кеткен өліктей қуарған Кәмкеңнің Жантығын ұмыта алман. Ешкім де ұмыта алмақ емес. Айналасындағыларын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған осынау ысқаяқ жанды қулық пен сұмдықтың,  мың сан айла мен амалдың «академиясын» тауысқан Жантықты артист орындауында бейне бір көзбояушыдай қабылдағанымыз рас. Сахнадағы жеңіл жүрісті, жылмысқы сөзді қу Жантықтың іс-әрекеттерін көргенде көрерменнің төбе шашы тік тұрар еді. Қақпақылдың тасындай қағып-сілкіп, Жантекең әр мақамға салғанда Қарабайыңыз бен Қодарыңыз, оған Қозыңыз қосыла сеңдей соғылысып, сандалбай сенделіске түсер еді» – дейді театр сыншысы.

Жантық рөліне дейін ұзақ жылдар бойы Қозының бейнесін кейіптеп келген актердің адал, аңғал Қозыдан зымиян, әккі Қодарға ауысуын кезінде көрермендер сатықындық деп қабылдап: « Қозы сияқты жаны соншалық таза адамнан Жантықтай қара жүректі жауызға айналуға қалай ғана дәтіңіз барды? – деп арнайы хат жазыпты. Үшбу хаттың мәтінімен танысып шыққан сахнагер: «Бұл хатты алғаннан кейін көңілім орнына түсті. Демек, мен қолымнан келгенше, дұрыс істедім. Егер көреремендер тарапынан басқалай сезім болса, ол сәтсіздік болып табылар еді»  – депті  сонда.

Қайталанбас Хлестаков

Актер сатиралық рольдердің айрықша шебері болған. Сахна майталманы қандай бейнені кейіптемесін, ең әуелі кейіпкердің ішкі дүниесіне, мінез-құлқына лайық сырт кескінін табуға көп көңіл бөлген. Әсіресе, орыс жазушысы Н.В.Гогольдің әйгілі «Ревизорындағы»  Хлестаков рөлі К.Қармысовтың сомдауында қайталанбас бейне тудырды. Ресей астанасында өткен Қазақстан театр онкүндігінде мәскеулік сыншылар бірауыздан Камал Қармысовты «Кеңестік сахнаның ең үздік Хлестаковы» деп таныпты.  

Қазақ Хлестаковты жазбай тануда ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің көрегендігін айтпай кетуіміз әділетсіз. Хлестаков ролінің Камал Қармысовқа қалай бұйырғандығы жөнінде жазушы Әбділда Тәжібаевтың есте­лі­гінде жақсы жазылады: «Әдетте Мұхтар Әуе­зов пьесаларға жасаған аудармасын дос­­­тарының талқысына салып отыратын. Мұн­дай оқиғаларға жазушылармен бірге артистер мен режиссерлер де қатысатын еді. Ма­ған да бірде тамаша  аударылған «Ревизор» спектаклін талқылауға қатысудың сәті түсті.

Көз алдымнан мына бір сцена әлі күнге дейін кетпейді. Пьесаны талқылау аяқтал­ған­нан кейін Шәкен Айманов орнынан атып тұрып, Хлестаковты өзі ойнайтын­дығын мәлімдеді. Бірақ  Мұхтар жұмсақ дауыспен және талапты түрде бұл рөлді Камал Қармысов ойнауға тиісті деді. Өйткені, Гогольдің Хлестаковы қатқан қайыстай арықтұғын деді.

Айтты – бітті. Осылайша қазақ сахна­сын­дағы Хлестаковты Камал Қармысов сомдады. Бұл характерлік рөлдерді ойнайтын талантты актердің тамаша бейнелерінің біріне айналды» – дейді жазушы.

Мұхтар Әуезовтің айтқаны айдай келді. 1936жылдың 20 қазанында өткен спектакль премьерасынан кейін «Ревизор» жайлы, ондағы Хлестаковты шебер ойнаушы К.Қармысовтың таланты хақында мақалалар газеттің бетін бермей, толассыз жарияланады. Тіпті, Ритман Фетисов есімді журналист «қазақтардың ішіндегі орыс» деп жазады. Себебі сахнагердің сырқы болмысы, түр-тұрпаты орыстарға көбірек келетін. Грим жасағанда тіптен аумай кететін көрінеді.

Жалпы, «Ревизор» комедиясы – қазақ театрының классикалық шығармаларды меңгерудегі шырқау биігі. Мұнда патшалы Ресейдің іріп-шіріген қоғамдық құрылысының көп сырының беті ашылады. Үкімет аппаратындағы шенеуніктердің пасық өмірі, дөрекі қылмыстары, арамзалық небір сұмдықтары әшкереленеді. Мұхтар Әуезовтің аудармасымен режисер Илья Боровтың режиссерлігінде  көрерменге жол тартқан қойылым қазақ сахнасындағы үлкен оқиғаға айналады.

Ерекше Яго

Камал Қармысовтың сахнадағы келесі шоқтықты образдарының бірі – Шекспирдің «Отеллосындағы» Яго рөлі.

Өткен ғасырдың 40-шы жылдарының басында батыс классикасынан Мұхтар Әуезовтің аудармасымен У.Шекспирдің «Отелло» қойылымы қазақ көрермені назарына ұсынылады. Сахна маманы М.Соколовскийдің режиссерлігімен қойылған бұл қойылым Қазақ театрының шығармашылық өсу жолында елеулі орын алады. Спектакльдің негізгі ерекшелігі – трагедия екі бөлек актерлер құрамымен дайындалады. Бірінші құрамда Отеллоны Елубай Өмірзақов, Ягоны Серәлі Қожамқұлов, Брабанционы Қалибек Қуанышбаев, Дездемонаны Нәзекет Ипмағамбетова ойнаса, екінші құрамда Қапан Бадыров –  Отелло, Камал Қармысов – Яго, Айша Абдуллина –Дездемона кейпінде сахнаға шығады. Бір қойылым болғанына қарамастан, «Отеллоға» екі құрам бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі түрлі қырынан келеді. Сақталған деректер екінші құрам жұмысының дұрыс сахналық шешім тауып, сәтті ойын үлгісін көрсеткенін айтады. Мұнда Камал Қармысов тек қойылымдағы ролін шебер ойнап қана қоймай, сахнада түрлі тапқырлығы мен алғырлығын да танытады. Әсіресе, актердің айрықша қасиеті – есте сақтау қабілетінің ғажаптығы көптеген тығырықтан абыроймен алып шығады. Камал Қармысов сахнада өзінің ғана емес, серіктестерінің де рөлін жатқа білген.  «Отеллоның» алғашқы қойылған жылдарында Қапан Бадыров екеуі бірі – Отелло, екіншісі – Яго болып серіктесіп ойнайды. Сондай бір кезекті спектакль үстінде Отелло–Қапан сөзін ұмытып қалады. Бұл жөнінде ғасыр жасаған ғұлама актриса Хабиба Елебекова апамыз былай деп еске алады: «Қапан күшті актер болатын. Яго– Камалды төбесіне көтеріп алып, сөзін айтып келе жатып, бір уақытта репликасы ойынан сарт шығады. Не істерін білмей, сахнаны әдейі айналып жүрген құсап, көрерменнен алысырақ кетіп Камалдан: «Менің сөзім қалай?» дегенде, Камал айтып жібереді. Сөйтіп, актерлердің өзара түсіністігінің, Камалдың алғырлығының арқасында спектакль сәтті өтеді. Қойылымды тамашалап отырған Мұхаң ойын біткен соң келіп: «Әй, Қапан, сенің сахнаны айналып жүргенің – табылған шешім екен. Актерлердің барлығы спектакльдің басынан аяғына дейін орнынан қозғалмайды, динамика болмаушы еді. Мына әрекетің тапқырлық болған екен. Бұдан былай осылай етсең жақсы болады» – деген екен. Камал ағамыздың бұл тапқырлығы 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіндегі   Бекежанды сомдаған  Құрманбек Жандарбековтың даусы жетпейтінін дер шағында түсіне қойып, ойын ортасында күліп жіберіп тығырықтан шыққан тапқыр әрекетін еске салады. Жалпы, актер үшін тапқырлық, тез ойлай алушылық аса қажет қасиеттердің бірі. Сахна дер шақтық өнер болғандықтан, көпшіліктің алдында қандай келеңсіз оқиға болып қалса да, ым-жымын білдірмей тігісін жатқызып әрі қарай ойнап кету – актер шеберлігінің ең ұрымтал тұстарының бірі. Осы бір қасиеті арқылы да актердің шеберлігін тануға болады. Бүгінде, өкінішке қарай, өнер мамандарының көпшілігі дайын мәтінді зуылдатып жаттап алуға әуес. Сахнадағы сәттік қолайсыздықтарда тапқырлық танытуды былай қойғанда, сөз астарына үңіліп, мағынасына бойлайтындары да некен-саяқ. Жүректің көзінен өткізіп айту жетіспейтіндей көрінеді. Бұл – спектакльдердің әлсіз шығуына өз салқынын тигізбей қоймайды.

Асауға тұсау...

Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Камал Қармысов сомдайтын Транио бейнесі аса үлкен рөл емес. Бірақ актер өзіндің ішікі терең сәулесімен, философилық кең толғаныстарымен кейіпкерін  қойылымының басты тірегіне айналдырады. Пайғамбар жасына келгенше сахнада Транио болып сантүрлі қимыл жасап, шапшаңдығынан танбаған актердің  бұл да өзгелерден оқшау дараланар артықшылығы. 60 жылдық мерейтойында ойнаған Траниосы көреременін тамсантпай, таңғалдырмай қоймады. Осы ролін ойнау үстінде неше түрлі шеңбер жасап, дөңгеленіп, төбесімен тұрып, шыр көбелек айналған сахнагердің әсем де әсерлі пластикалық қимылдары, цирк әртісіне тән өнері Хлестаковтан кейін тағы бір мәрте таңдай қақтырған еді.

«Мәскеулік театр мамандары бәрі бірдей таңданысып: «Япыр-ау, алпысқа келген кісінің мына қозғалысында не сыр, қандай сиқыр бар? Ғажап қой! Ғаламат емес пе? – деп, – естері кете таң қалғаны өтірік емес, оны өз құлағымызбен естідік» – деп пікір білдірген театр сыншысы Әшірбек Сығайдың ойы, актердің шеберлігі хақындағы пікірі Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, актриса Хабиба Елебекованың естелігінде былайша жалғасады:

«Қойылымда кейіпкерлердің атқа мініп шабатын тұсы бар. Бір-бір таяқты ат қылып ұстап алып Шәкен мен Хадиша атпен шапқандай кейіп жасаса, Камал есектің жүрісін салады. Қимылының шынайы шыққандығы соншалық, залда күлмеген адам қалмады. Шек-сілелері қата  қырын-топан күлкінің астында қалды. Сондай қызық көрініс болушы еді. Жалпы, Камал шебер актер болатын. Қолынан келмейтін нәрсесі болмайтын. Жағымды да, жағымсыз да рөлдерді шегіне жеткізіп ойнаушы еді».   

Ұлы суреткер М.Әуезов аударған бұл комедияны 1943 жылдың 16 қазанында Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы Театр өнері институтының тәжірибелі мұғалімдері О.И.Пыжова мен Б.В.Бибиков қояды. Шекспир комедиясының пернесін дөп басып, өткір де асау Катарина рөліне Хадиша Бөкееваны, ақылды да озық ойлы Петруччио бейнесіне Шәкен Аймановты,  Петруччионың елгезек, қайғы-уайымды білмейтін адал жанды қызметкері Грумио  мен алып-ұшпа қағылез Транио бейнелеріне Сейфолла Телғараев пен Камал Қармысовтың дөп таңдалып алуы да қойылымның сәтті сахналануының басты жеңісі болғаны анық. Спектакльдің табысқа жетуі әуелі жақсы драматург пен ұшқыр режиссерге, одан кейін талантты актерге байланысты. Осы тұрғыдан, осы өлшеммен келгенде Камал Қармысовтың сахнада салған соны соқпағы өкшесін басып, ізін жалғаған өнерпаздарға ғұмырлық тағылым. Профессор Әшірбек Сығайдың сөзімен түйіндер болсақ, классикалық аударма қойылымдардағы Яго, Гарпагон, Хлестаков бейнелерінің қазақ көременіне етене таныс болып, жанға жылы ұшырауының негізгі құдіреті – Камал Қармысов өнерінің шырқау биігі деп қаралғаны жөн.

 

 

Соңғы жаңалықтар

? (Сұрақ белгісі) Поэма

Әдебиет • Кеше

Цензурасыз Абай

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар