Таным • 27 Наурыз, 2020

Мобильді ойындар «маэстросы»

14 реткөрсетілді

Бүгінгі балалар бәрін біледі. Компью­тердің құлағында ойнайды. Ол – ол ма, еңбектеп жүрген сәбидің өзі смарт­фонға үңіліп, экран бетін сипап-сипап қоятынын қайтерсіз. Қолдарында бір-бір гаджет. Белін бүкірейтіп алып, түр­лі мобильді ойын­дарды қыздырып жатқаны...

 

Гаджет демекші, біздің кейіпкеріміз Алдияр Жұма­жанов дәл осындай мобильді ойындар құрастырады. Оң­түс­тік өңірдің тумасы. Жас өнер­­тапқыш. 10 жылдан бері Қы­тай­дың Цзинань қаласында тұ­рады. Mechanist Games internet technologies компания­сында мобильді ойындар мен қо­сым­шаның продюсері. Сон­дай-ақ компанияның Мәс­кеу қала­сындағы филиа­лы­ның бас ди­ректоры. Еліміздегі «100 жаңа есім» жобасының үшінші ке­зеңіндегі жеңімпаздардың бірі.

Алдияр Жұмажанов елі­міз­­дегі «100 жаңа есiм» жобасын үш жылдан берi қадаға­лап жү­­ріп­ті. Десе де ол өзін сол уа­қыт­та мұндай жобаға қаты­са­тын­дай қабiлеттi санамаған екен. Тек былтыр шiлде айында өтiнiш берген. Жеңіп шы­ға­мын деп ойламаған. Өзi туралы қысқа әрi нұсқа: жасын, немен айналысатынын, қандай ойындар әзiрлегенін жазып жіберген.

– Мен жобаға осылай кел­дiм, – деді ол. – Өтiнiштi Шым­кент қаласынан бердiм. Шы­ным­ды айтсам, «100 жаңа есім» жобасына саналы түрде қатыстым. Жеткілікті дауыс жиналды. Мені қолдағы жан­дарға алғыс айтқым келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған жобаның жеңім­пазы болып, өз қаламның атынан қатысу – мен үшін үлкен мәр­тебе. Бұл біздің кәсіп­кер­­лер­дің мобильді қосым­ша­лар­ды жасап шығаруға деген қызығушылығын арттырып, ІТ саласына, мобильді ойын­дар мен қосымшаларды бағдарламалауға инвестиция құюға себепші болады деп ой­лай­мын. Бұл жоба маған өз жетіс­­тігім туралы айтуға, үлгі болу­ға, қол қусырып отырмай, өзіңе сенуге үйретуге мүмкіндік берді.

– «Ұлы Сұлтан», «Ұйқы шебері» сияқты мобильді ойын­дарды жасапсың. Оған не себеп болды? – деп сұрадық біз Алдиярдан.

–  Мен ойынның концепция­сын жасадым. Басқа құрамдас бөлігі және жарнама бойынша командамен бірге жұмыс істедік. ТМД нарығында ойын­ды насихаттап, локализация­сын жасап, компанияның SMM бөлімін басқардым, – деді ол. – Ал «Ұлы Сұлтан» – бұл менiң идеям әрi осы ойынды жасауға өзім ұсы­ныс бердім. Бірде Founder ком­паниясының негiзiн қалаушы жаңазеландиялық бастығым осындай мобильді ойындар бойынша 5 презентация қорғаған еді. Оған дейiн бiр ай бұрын «қай ойын өтімді болады» деп менің пікірімді сұрады. Инвесторлардың алдында қорғаған жаңа жобаны iске қоспақшы. Оның қолында үш жоба болды. Олар: «Ежелгi Рим», «Ежелгi Мысыр» және «Ұлы Сұлтан» ойындары. Мен көп ойланған жоқпын. Бұл ойын­дар туралы барлық мәлі­­мет­тердi табу үшiн бiр-екi күн беруiн сұрадым. Содан кейiн осы ойындардың ТМД ел­­­дерiнде танымалдылығы бо­­йын­­ша талдау жүргiздiм. Тал­­дай келе, бастығыма «Ұлы Сұл­­тан» ойыны бойынша жұ­мыс істегім келетінін айттым.

– «Ұлы Сұлтан» қандай ойын сонда? – Шын білгіміз келді.

– «Ұлы Сұлтан» мобильді стра­тегиясы өзіңді Осман им­пе­ри­ясының билеушісі сезінуіңе мүмкіндік береді. Сіз мем­лекетті басқарып, әскери жо­рық­­тарға қатысып, империяны кеңейте түсесіз. Мемлекетті гүл­дендіру оңай емес. Дұрыс шешім қабылдап, кеңесшілер тағайындап, мемлекеттің қор­ғанысын күшейтуіңіз керек, – деді өнертапқыш.

– Бүгінде бұл ойындарды қанша адам ойнап жүр? – деп одан әрі қызығушылық таныттық.

– Бұл қосымша қазіргі уақытта AppStore және Google PlayMarket мобильді дүкен­дерде сатылады. Бүгінге дейін бұл ойын 20 миллион рет жүктелген, – деді ол.

Бұдан әрі Алдиярдан:

– «Ұлы Сұлтаннан» бөлек әлем бойынша алғашқы болып ежелгі Қазақстан туралы «Ұлы хан» 3D-мобильді ойынын құрастырып жатыр екенсіңдер... – деп сұрадық.

– Иә, бұл жоба қазақстан­дық кәсіпкерлердің қызығу­шылығын оятады деп үміт­тенемін. Біздің елде ІТ ин­дустрияның дамығанын қалай­мын. Ал «Ұлы хан» ойынына келетін болсақ, бұл – қазақ, татар, моңғол, бурят сынды көшпенді халықтар туралы. Ойын таза Қазақ хандығы туралы деп ойлаудың қажеті жоқ. Егер осылай болса, бұл тек бізге ғана қызықты болар еді. Сол себепті ТМД және Америка мен Канаданың, Орталық Азияның нарығын толтыру үшін мен бұл жобаны халықаралық деңгей­ге шығару керек деп шешім қабылдадым. Сол секілді өзге ұлттарға да қызықты болуы үшін татарларды, моңғолдарды, жапон­дықтарды, корейлерді, орыс­тарды, украиндықтарды қос­тым. Онда барлығы Шың­ғыс ханнан басталады. Кейін біздің елге жетеді. Әрі қарай бізден кейін де жалғасады. Ойын биылғы наурызда тест түрінде жарыққа шығып, мамыр айында ойынның толық нұсқасы пайда болады, – деп жауап берді ол.

Біз өнертапқыштан өзі қызмет істейтін компания туралы сұрап, білдік. Оның айтуынша, бұл компания Қытайдағы 3000 IT компанияның iшiнде үздiк 16 топқа кiредi екен. Ал өзі тұратын қаласы бойынша топ 1-компания. Гонконгте, Мәскеуде, Түркияда кеңселері бар көрінеді. Біздің кейіпкеріміз бұл компаниядағы жалғыз қазақстандық. Онымен бiрге жұмыс істейтін әріптестері – Ресей, Түркия, Жаңа Зеландия, Филиппин, Польша, Морокко және Хорватия елдерінен.

– Цзинань қаласындағы өмiр керемет! Осында он жылдай тұрып жатырмын. Мұнда тропикалық климат. Жыл он екi ай жаз. Мен құрлықта емес, аралда тұрамын. Халқы айтарлықтай көп емес –
5 млн адам. 4 метро және жерасты LRT-сы бар. Қоғамдық көлiктi пайдалану үшiн барлық жағдай жасалған. Барлық жолда қоғамдық көлiкке арналған жолақ бар. Вьетнам, Таиланд, Тайваньға саяхат жасау өте жеңіл. Бұл жерден Филиппинге де билет арзан. Бірақ кемшiлiгi де бар. Сирек болса да жер сiл­кiнiсi болып тұрады. Сосын мау­сымдық жауын-шашын бола­ды. Мысалы, ақпанның со­ңын­да және мамырдың басын­да жаңбыр жауады, – деді ол.

Әңгіме соңында Ал­диярдан:

– Еліміздегі IT компаниялардан шақырту болған жоқ па? Болашаққа құрған жоспарларың бар ма? – деп сұраған едік.

– Бүгінгі күнге дейін қазақ­­стандық ірі компаниялар­дан ешқандай шақырту алған жоқ­пын. Қазақстанда Украи­наның UNIT Factory білім беру жобасы негізінде бірінші IT мектеп ашу жоспарымда бар. Мамыр айында ресми шақыртумен Киев қаласына барамын, – деді Алдияр Жұмажанов.

Жас өнертапқыштың ай­туын­ша, ол бұл сапарында Киев­тегі тараппен зияткерлік ре­сурс­­ты қолдау бойынша ке­лі­сім­­шартқа отырады. Сон­дай-ақ елі­мізде IT мектеп ашу үшін қара­жат жинауды баст­ай­ды. Әрине бастапқыда ол өз уақы­ты мен қаражатын жұм­­сай­­тынын, алайда бұл қар­жы мек­тепті ұстап тұруға жетпей­тінін айтады.

– Бастамамды қолдағысы келетін отандастарым маған хабарласса екен. Қазақстанда IT мектеп ашу үшін ақша жинап жатқанымды мәлімдеймін, – деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар