Әдебиет • 28 Наурыз, 2020

Қайталанатын уақытта, қайталанбайтын сәттер-ай  

2700 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін сіздердің назарларыңызға жас ақын Мұқағали Сейтқазының бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз. Қасқадан төбел туған жас қалам иесі кешегі айтыс аламанында "Дәридай" деген атпен жұртты жалт қаратқан атақты айтыскер Мұқаш Сейтқазиннің баласы екенін айта кеткеніміз жөн. Жас ақынның Жезқазған өңірінен жолдаған жүрек хаттарын бірге оқиық, ендеше.

Мұқағали СЕЙТҚАЗЫ Мұханбетқалиұлы – 1994 жылы Қарағанды облысы,Ұлытау ауданы, Шеңбер ауылында дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Қарағанды қаласы әкімінің «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты; (2011 жыл). Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. «Ұшқан ұям – Ұлытау» (2015 жыл), «Қара кітап» (2019 жыл) кітаптарының авторы.

Қайталанатын уақытта, қайталанбайтын сәттер-ай   

 Ұлытау

 

Өткеніме кепілмісің, Ұлытау,

Ертеңіме көпірмісің, Ұлытау?

Ашық аспан астындағы қазақтың,

Мұражайы секілдісің, Ұлытау!

 

Алашқа Алтын Ордамысың, Ұлытау,

Ұлттық руxтың қорғанысың, Ұлытау.

Биігінен елім ұйып тыңдаған,

Елбасының толғауысың, Ұлытау.

 

Ұлтқа жылы ұямысың, Ұлытау,

Бауырыңа ел жиямысың, Ұлытау.

Өлеңіне арқау етсе мың ақын,

Көлеміне сыямысың, Ұлытау?!

 

Болмысыңмен бағаласың, Ұлытау,

Қалың қазақ қалауысың, Ұлытау.

Алла өзі отын жағып үрлеген,

Мәңгілік ел алауысың, Ұлытау!

 

Даңқыңменен көк тіредің, Ұлытау,

Бір-бір күмбез тектілерің, Ұлытау.

Тәуелсіз ел төріндегі бар тойды,

Сенің тойың деп білемін, Ұлытау!

1

Сәттер

                        

                                        «...Уақыт өтіп барады-ау, оны қойшы,

                                          Сәттер өтіп барады, осы жаман».

                                                               Қадыр Мырза Әли

                              

    

Сәттерім менің, сәттерім,

Ұрынбас жерге ұрынған.

Өзіме аян өткенім,

Жығылмас жерде жығылғам.

 

Жастықтың буы бұрқырап,

Сыңар ғып көңіл сәйкесін.

Өткінші сәттер ұмытылар,

Өкінішті сәтті қайтесің?

 

Тағдырдың соқса бораны,

Сыйламас шаттық әр күнің.

Қас-қағым сәттер болады,

Тастағың келер барлығын.

 

Жалғанда жүйрік ой кезбе,

Қиялдағыға сенгендей.

Жұлқынып тұрам кей кезде,

Жұлдызды сәтім келгендей.

 

Болмайды мұнда келісім,

Береді жылдар бағаңды.

Бәрінен қымбат мен үшін,

Қуантқан сәттер Анамды.

 

Сағаттың тілі – данышпан,

Қоймайды жоспар құрмасқа.

Төзімді талай тауысқан,

Сезімнің сәті бір басқа!..

 

Бұл өмір бізге бақыт па?

Көңілде көп қой "әттең-ай".

Қайталанатын уақытта,

Қайталанбайтын сәттер-ай!

2

Маған сені жақсы көрген ұнайды

 

Жырмен ғана жеткіземін лебізді,

Өмір мені әлі талай сынайды.

Өлеңіме арқау қылып негізгі,

Маған сені жақсы көрген ұнайды.

 

Қараша кеп, қаңырады солғын бақ,

Қайыңдар да — адамдарша жылайды.

Армандардың арасынан қол бұлғап,

Маған сені жақсы көрген ұнайды.

 

Кім түсінер күзге айналған күйімді,

Бір ой келіп қозғайды ғой мың ойды.

Тағдырымнан тартып алып сыйымды,

Маған сені жақсы көрген ұнайды.

 

Махаббатты жүрмесем де ұран ғып,

Жүрек дәйім сені ғана сұрайды.

Соңғы үмітті тағып алып — тұмар ғып,

Маған сені жақсы көрген ұнайды.

 

Жұлдыздар да жазғанымды жаттапты,

Өздерінше олар да өлең құрайды.

Қиялыма ерік беріп тәп-тәтті,

Маған сені жақсы көрген ұнайды.

 

Күдігіңді жауған қарға жеңдіріп,

Көңілдегі сейілтіп көк тұманды.

Бір бақыттың күтеріне сендіріп,

Маған сені жақсы көрген ұнайды.

 

Ғашықтардың шырқалады әні бір,

Күтуменен өткізермін жыл-айды.

«Сүймеймін», — деп айтсаң-дағы бәрібір,

Маған сені жақсы көрген ұнайды.

 3

Сезім сыры

 

Жастық жырымды кім ұқты?

Жаныма дауа іздеймін.

Күдікті қойшы, күдікті,

Үмітті сенен үзбеймін.

 

Өкпеге қимай өңіңді,

Барлығын бірден ұғынғам.

Көңілді қойшы, көңілді,

Ауа-райындай құбылған.

 

Сездірмей мына ызғарды,

Ерітші жүрек бар мұзын.

Қыздарды қойшы, қыздарды,

Өзіңсің менің жалғызым.

 

Тағдырға кімдер қас қыпты,

Дегенін дәйім асырар.

Жастықты қойшы, жастықты,

Жауындай ертең басылар.

 

Жүрегім  менің жаралы,

Сезімнен басқа не күтті?

Даланы қойшы, даланы,

Ерніңе көктем келіпті!

4

 Қазан айына өкпе...

 

Қарғыс атқыр қазан айы өттің бе,

Дегеніңе жетпедің бе, жеттің бе?

Қарашаны күтіп жүрген тағатсыз,

Менің аңғал Анамды алып кеттің бе?..

 

Жалған мынау шыныменен бес күн бе,

Өмір айтар өстің бе, әлде, өштің бе?

Оңашада жылап алам еріксіз,

Көз жасымды көрсетпеймін ешкімге.

 

...Көңілсіздік құстардың да қайтқаны,

Жылдағыдай әндерін де айтпады.

«Жігіт деген жыламайды», деген сөз,

Анасы бар адамдардың айтқаны...

 5

  Анаға хат

 

...Өмір-өмір қызылды-жасыл әлем,

Бірде жабық, ал бірде ашық әлем.

Басылмайтын жерлерде басылып қап,

Тасынбайтын жерлерде тасыған ем.

 

Ана-жүрек, сезеді-ау бәрін-бәрін,

Армандарға адымдап дамылдадым.

Өлең жазсам — өзіңді сағынғаным,

Жазбай кетсем — Тағдырға бағынғаным.

 

Жырдың туы — қуанам, желбіресе,

Жүректерде үміт-от сөнді неше...

...Патшадай ғып өсірген ерке балаң,

Патшаның қолын алып келді кеше!

 

Жүруші едің ісіме алаңдап әр,

(Тентек ұлың осылай адам болар.)

Жақсы болсам - жақсы сөз маған келер,

Жаман болсам - жаман сөз саған барар.

 

...Ертең менің үйлену тойым, Ана,

Елдің ұлы болу ғой, ойым, Ана.

Екіленіп шықсам да қай биікке,

Есімде сен тұрасың дәйім, Ана.

 6

 1 қазан

 

Қаралы күн —  қазанның бірі маған,
Тағы кірді түсіме бүгін Анам.
Көп бөгеліп тұрмады, ғайып болды,
Көру үшін келгендей ұлын аман.

Көңілсіздеу атырдым таңды мына,
Күздің әні — ұқсайды жаңбырына.
Өз дегенін бәрібір жасайтұғын,
Өкпелеуді қойғанмын Тағдырыма.

Өкпелеуді қойғанмын Тағдырыма,
Өлеңдерім емдейді жанды мына.
Бауырымдай қараймын бірге туған,
Анасы жоқ адамның барлығына.

Қолдан келер, қол жаю аруаққа,
Дұғамыздан жақсылық дарымақ па?..
"Қара кітап" шығардық биыл жазда,
Қара құлып тұр қара шаңырақта.

Елеңдейсің біз жаққа есіл Ана,
Ерке күнді жүремін есіме ала...
Сен өмірден кеткен соң амалсыздан,
Біз ауылдан кеткенбіз көшіп, Ана...
Кешір, Ана!

7

Көктеммен сәлемдесу

 

Көктем, көктем, Гүл-Көктем аманбысың?!

Қандай xабар айтады маған құсың?.

Ақ жаңбырың ұқсайды көз жасыма

Мені қатты сағынған Анамбысың?.

 

Көктем, көктем, Нұр-Көктем қалың-қалай?

Жеткіземін жастықтың әнің қалай?!

Тәнім тәтті кешіңді аңсап жүр ғой,

Жаным жұпар иісіңді сағынғаны-ай!

 

Көктем, көктем, Жыр-Көктем асықпаған,

Күткен сайын кешігіп, қашықтаған.

Ақындардың бәрі де ғашық саған,

Адамдардың барлығы асық саған.

 

Көктем, көктем, Ал, Көктем төрлет деймін,

Әуеніңмен әдемі тербет деймін.

Сен келмесең, мен саған бара алмаймын,

Сен кетпесең, жаныңнан мен кетпеймін.

 

Көктем, көктем, бұл көктем-басқа көктем,

Басқа көктем екенің, рас па көктем?!

Менің тағдыр дейтұғын дәптерімнің,

Өзің жаңа беттерін баста Көктем!..

 8

 Өлең-Ғұмыр

 

Өлең-кеуде мазалайды жанымды,

Өлең-жүрек өткен күнді сағынды.

Өлең-дала шақырады алыстан,

Өлең-өмір таба алмай жүр бабымды.

 

Өлең-тағдыр өкпелейді несіне,

Өлең-жастық келдің маған кешіге.

Өлең-көктем Кеңгір көлдің келбеті,

Өлең-уақыт ертеңді сал есіме.

 

Өлең-құстар ашар көңіл сарайын,

Өлең-үміт жазар жырдың талайын.

Өлең-сезім өкініштің айнасы,

Өлең-дүние өтірікші ағайын.

 

Өлең-ғұмыр бұйыршы тек бағыма,

Өлең-дүбір топқа түсір тағы да.

Өлең-әлем мойындайды мені әлі,

Өлең-ару қарайлап жүр жолыма!

11