Коронавирус • 31 Наурыз, 2020

Әлемдегі ахуалға шолу: Вирус жұқтырғандар 800 мыңнан асты

453 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл топтамада әлемнің 178 елінде тараған Covid-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.

31 наурызда Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 801 400, өлім саны - 38 743, айыққандар саны - 172 657 адам болды (жаңартылған уақыты 18:30).

18:27

Дүниежүзі бойынша вирус жұқтырғандар 800 мыңнан асты

Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәліметке сенсек, дүниежүзі бойынша 801 400 адам коронавирус жұқтырған, оның 38 743-і қайтыс болған. Ал 172 657 науқас індетті жеңіп, үйіне оралған.

Вирус ең көп тараған елдер:

⚡ АҚШ - 164 610 жағдай

⚡  Италия - 101 739 жағдай

⚡  Испания - 94 417 жағдай

⚡  Қытай - 82 276 жағдай

⚡  Германия - 67 051 жағдай

а


17:10

Ресейде жетінші күн қатарынан науқастар саны өсіп келеді

Ресейде коронавирус жұқтырған адамдар саны 2 337-ге жетті. Бүгін жаңа 500 науқас анықталған.

Жалпы көршілес елде індет жұқтырғандар саны бір аптадан бері өсіп келеді. Бүгінгі 500 жағдай - ең жоғарғы көрсеткіш.    

121 адам айығып үйіне қайтса, 18 адам инфекциядан қайтыс болған. 

а


16:26

Испанияда вирус жұқтырғандар мен өлім саны Қытайдан асып кетті

Дүйсенбі мен сейсенбі аралығында Испанияда бір күндік ең көп өлім саны тіркелді. Вирустан кеше елде 849 адам көз жұмды. 

Испанияда барлығы 87 956 науқас тіркелген, бұл коронавирустың эпицентрі Қытайдағы көрсеткіштен 5 мың жағдайға көп. 

Індеттен қайтыс болғандар саны да Қытайдан екі есе көп. Испанияда 7 716 науқас Covid-19 вирусынан көз жұмды.

Осылайша, ол әлемде вирус көп тараған АҚШ пен Италиядан кейінгі үшінші мемлекетке айналды.

в    


15:27

Қырғызстанда вирус жұқтырғандар саны 100-ден асты

Бүгін елде вирус жұқтырудың жаңа 13 дерегі тіркелді, қазір Қырғызстанда барлығы 107 адам індет жұқтырған. Оның ішінде Бішкек қаласында - 1, Нарын облысында – 3, Ыстықкөл облысында - 2, Шу қаласында – 1, Ош қаласында – 5, Жалалабад облысында – 1 жағдай тіркелді.

Науқарстардың 49-ы ер және 58-і әйел. 15 жасқа дейінгі 11 азамат вирус жұқтырған, оның екеуі бір жасқа толмаған сәби. 31 егде жастағы науқас бар.

25 наурыздан 15 сәуірге дейін Бішкек, Ош, Жалал-Абад қалаларында, Ош облысының Ноокат, Кара-Суй аудандарының аумағында және Жалал-Абад облысының Созақ ауданында төтенше жағдай режимі жарияланған.


12:34

Уханда 1 апта бойы жаңа науқас тіркелмеген

Коронавирустың эпицентріне айналған Қытайдың Ухан қаласында бүгін вирус жұқтырған науқастың тіркелмегеніне 1 апта болды.

Екі ай бойы карантинде болған қала тұрғындары жайлап қалыпты өміріне оралып жатыр.

Қаладағы карантин толығымен 8 сәуір күні аяқталады. Карантин кезінде Ухан қаласы мен айналасындағы өңірлерде 56 млн адам үйінде отырды.

Кешеден бастап қаладағы кейбір бизнес және сауда орталықтары қайта ашыла бастады. Дегенмен тұрғындар сыртқа шығуға әлі де қорқып отыр. Қоғамдық көліктер де қайта жұмыс істей бастады. 

Қытай кеше вирус жұқтырудың 48 дерегі тіркелгенін хабарлады, барлығы шетелден келген тұрғындардан табылған. Одан бөлек Хубэй провинциясында бір науқас қайтыс болған.  

в

Сурет: Reuters


11:27

Қазақстанға көршілес елдердегі жағдай қандай?

⚡ Қырғызстан - 94 жағдай, қайтыс болғандар жоқ, 3 адам айыққан

⚡ Өзбекстан - 150 жағдай, 2 адам қайтыс болды, 7 науқас айықты

⚡ Ресей - 1 836 жағдай, 9 адам қайтыс болды, 66 науқас айықты

⚡ Қытай - 82 240 жағдай, 3 309 адам қайтыс болды, 76 194 науқас айықты (вирус ошағы)

⚡ Түркменстанда ресми вирус жұқтырғандар тіркелген жоқ. 


10:40

АҚШ-та вирустан қайтыс болғандар саны 3 мыңнан асты

Johns Hopkins University мәліметіне сәйкес, АҚШ-та 3 164 адам коронавирустан көз жұмған.

АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандар саны 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдардың құрбандар санынан асып түсті. 2001 жылы Дүниежүзілік сауда орталығы мен Пентагонға шабуыл кезінде 2977 адам қаза тапты.

Елде қаза болған науқастардың көпшілігі  Нью-Йорк штатының тұрғындары, өңірде 1200 өлім тіркелді.

d


10:17

Әлемде 785 979 адам коронавирус жұқтырды

с

 

10:12

Әлемдегі жағдай қысқаша:

• Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху көмекшісі вирус жұқтырды

• Токио олимпиадасы келесі жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтетін болды. 

• Джек Маның қайырымдылық қоры Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсетеді

• Гонконгта 31 жастағы ер адам үй карантинін бұзғаны үшін 3 айға түрмеге жабылды.   

• Еуропа елдері мен АҚШ вирус көп таралған аймақтарға айналды

• Иорданиядан Сиднейге оралған Аустралия азаматы 14 күндік карантинді бұзғаны үшін қамауға алынған.