Аймақтар • 01 Сәуір, 2020

Түркістан: Инфекция жұқтырғандар Нұр-Сұлтан мен Алматыдан келген

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы аумағында коронавирус инфекциясын  жұқтырғандар саны бесеуге жетті.

Түркістан: Инфекция жұқтырғандар Нұр-Сұлтан мен Алматыдан келген

Кеше, яғни 31-наурыз күні 1-пациенттің   коронавирус індетін жұқтырғаны тіркелген болатын. Нұр-Сұлтан қаласынан келген бұл науқаспен байланыста болған адамдарды тексеру барысында, тағы 3 отбасы мүшесінің сараптамасы оң нәтиже берді. Сонымен қатар, Алматы қаласынан келген 1 азаматта COVID-19 сараптамасы оң қорытынды берді. Түркістан облысы  Тауарлар мен көрсетілетін  қызметтердің сапасы  мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов қазіргі таңда  науқастар толық дәрігерлердің бақылауына алынғанын, жағдайлары қанағаттанарлық дәрежеде екенін хабарлады. Қарым-қатынаста болған барлық адамға стационарлық оқшаулау шаралары жүргізілген. Тиісті хаттамаға сәйкес, емдік шаралар жасалынуда.

Сондай-ақ дезинфекциялық қызмет науқас тұрған үй-жайларды дезинфекциялау және санитарлық өңдеу шараларын өткізген. 31-наурызда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқас Жетісай аудандық орталық  ауруханасында ем алуда. Науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандарды анықтау жұмысы жалғасуда.

Айта кетелік, облыста 31 наурыздағы жағдай бойынша Covid -19 коронавирустық инфекциядан  қолайсыз елдерден келген  495 адам мониторингтік бақылауға алынған. Оның ішінде 1 «а» санатындағы елдерден келгені - 9 адам, 1 «б» санатындағы елдерден келгені -  486 адам.

Инфекция  ошағында    тиісті департамент, басқарма мамандарымен  және облыстық инфекционист дәрігермен эпидемиологиялық зерделеу жұмыстары және індетке қарсы шаралар кешені жүргізілуде.

 

Түркістан облысы