Елорда • 06 Сәуір, 2020

«Еліміз үшін қызмет етуге дайынбыз» - Қонақүйде тұрып жатқан дәрігерлер  

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирусқа күдікті пациенттерді күтумен айналысатын дәрігерлерді Нұр-Сұлтан қаласы қонақүйлерінің жайлы нөмірлеріне орналастырды. Пациенттермен жұмыс істейтін дәрігерлерге, медбикелерге мен санитарларға люкс класты нөмірлермен қатар үш мезгіл тамақ пен арнайы көлік бөлінген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі хабарлады. 

«Еліміз үшін қызмет етуге дайынбыз» - Қонақүйде тұрып жатқан дәрігерлер    

«Diplomat» қонақүйі дәрігерлерді қарсы алғаны үшін қуанышты. Біз бұл қиын кезеңде осы жобаға қатысып, дәрігерлерге нөмір береміз және тиісінше оларды тамақпен қамтимыз. Мұнда оларға жайлы болып, өзін үйдегідей сезінуі үшін барлық жағдай жасаймыз. Біз осы қиын кезеңді тек бірлесіп өткере аламыз», – дейді «Diplomat» қонақүй кешенінің бас директоры Абай Бексеитов.

Сонымен қатар, «Думан» қонақүйі де астаналық медицина қызметкерлеріне бір аптадан бері көмек көрсетуде. Қонақүй кешені қауіпсіздік мақсатында медицина қызметкерлері орналасқан сәттен бастап қонақтарды басқа қабылдауды уақытша тоқтатты. Сондай-ақ, қонақүйде медициналық маска мен қолғапсыз жүруге қатаң тыйым салынды.

«Думан» қонақүйі дәрігерлерге өткен аптадан бастап өз есігін ашты. Біз қызметкерлеріміздің қалай қабылдайтыны туралы қатты уайымдадық. Бірақ олар өте ынталы және бүкіл әлемде қалыптасқан осы жағдайға көмектесуге дайын болды. Біз біргеміз. Басқа адамдардың өмірін құтқаратын дәрігерлерді қабылдағанымыз үшін қуаныштымыз», – дейді «Думан» қонақүй кешені директорының орынбасары Әлия Дүйсекеева.

«Думан» қонақ үйінің қызметкері Әнуар Қуаттың сөзінше, қонақүйде барлық сақтық шаралары сақталады. Қонақүй қызметкерлері қорғаныш униформасына киіп, медициналық маска мен қолғап және бахила киеді.

«Бізге осындай жағдай жасалғаны үшін мемлекетке көп рахмет. Бізге люкс класс нөмірлері берілді. Біз өз тарапымыздан халық пен мемлекетке қызмет етуге дайынбыз», – дейді №3 көпсалалы аурухананың медбикесі Гүлжан Ахметова.