Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Карантин картинасы (Триптих)  

793 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ойбай, бетпердемді ұмытып барады екем ғой. Киіп алайын...

Карантин картинасы  (Триптих)   

 Мен Имбирьмін

 Түк түсінсем бұйырмасын?!

Мына адамдарға не болған өзі?!

Екі ай бұрын көкөністердің арасында түкке керексіз, ешкімге қажетсіз болып елеусіз жатушы едім. Мына наурыз айы басталғалы адамдар бізге кезекке тұрып, жасы бар, жасамысы бар, пышақ үстінен талап әкететін болды. Жо-жоқ, имбирь деген дардай атымыз бар ғой. Несін жасырайық, «иммунитетімізді көтереді» деп бұрын да бізді сатып алушылар болатын. Көпшілігі қартаң кісілер еді. Бірақ қазіргідей тым көп емес еді. Ойбай, қазір бізді кім алмай жатыр?! Тіпті, бағамызға қарамай сатып алатын болды. Бұрын құнымыз мың теңгенің ар жақ-бер жағында еді. Қазір екі, екіңіз не, бағамыз үш-төрт есеге өсіп, алдымыз 10 мыңға дейін жетіп жығылыпты. Бәрін қойыңызшы, біз туралы ел арасында түрлі әзілдер де шыға бастапты. Бізді тіпті долларға теңеп: «Имбирьдің курсы қаншадан болып тұр екен?» деп әзілдеген болып келекеге айналдырып жатқандар да бар көрінеді. Олардың ойынша, біз вирусқа қарсы таптырмайтын ем екенбіз, адамның әл-қуатын арттырып, Алпамыстай айрықша ерекше күш береді екенбіз-мыс. Ой, десеңізші. Осыны адамдар бұрын неге білмеген екен, ә?! Жарайды, «ештен кеш жақсы».  

Айтпақшы, біздің құдайы көршілеріміз лимон мен сарымсақтың да бағасы аспандап кетіпті. Аспандағаныңыз не, дүкен сөрелерінен итпен іздеп жүріп әрең табасыз. «Бұрын көп адам мені менсінбеуші еді. «Аузымызды сасытады, иісі жаман құрғырдың» деп жиіркеніп, үйлеріне үш-төрт дарағын ғана алушы еді. Тек соғым кезінде ғана қадірімізді біліп, келілеп алатын. Басқа кезде азық-түлік дүңгіршектерінде айлап-жылдап жатушы едік. Соған өзіміз үйреніп те қалып едік» дейді осы жолы құдайы көршім аң-таң болып.

Несін айтасыз, әлгі лимон көршіміздің бізбен сөйлесуге мұршасы жоқ. Мұрнынан шаншылып жүр. Бұрын асықпай жата-жастана сөйлесуші едік. Оның бағасы да екі-үш есеге өсіпті. Бірақ енді мақтанды демеңіздер, тамырдың аты қанша дегенмен тамыр ғой, сарымсақ та, лимон да әзірге менен оқ бойы қалып тұр. Әй, маған жете де қоймас. Жақсы, осымен, сіздермен әзірге қоштасамын. Міне, тағы бір алушы келіп тұр. Кім біледі, бүгін тағы бағама баға қосылып, айды аспанға шығарып, 15 мыңға өтіп кетермін. 

 

Мен Саудагермін

Көкөніс, жеміс-жидек сатқаным қандай жақсы болған, ә?!

Әйтпесе әлгі кейбір таныс кәсіпкерлерім құсап, қу тіземді құшақтап, менде үйде отырар ма едім. 42 мың теңге дей ме?! Қазір олардың сонымен естері шығып жатыр екен. Маған сол 42 мыңның қажеті де жоқ-ау. Жанымды қинамай, төрт-бес келі имбирь сатып-ақ таппаймын ба, ә?! Әлде, не болса да, сол 42 мыңға өтініш беріп көрсем бе екен?! Елдің бәрі алып жатыр ғой...

Осы адамдар қызық?! Интернеттен қайдағы-жайдағы бірдеңелерді оқып алады да, әй, келіп біздің есімізді шығарады. Кейбір кісілер: «Мына сатушылар оңбаған, қанағатсыз, тойымсыз. Түк көрмегендей, имбирьді 10 мыңнан, сарымсақты 4 мыңнан, лимонды 3 мыңнан сатып жатыр жанталасып. Ұят жоқ екен өздерінде» деп бізді жерден алып, жерге салып жатқан көрінеді. Өттері жарылып кетсе де айтайын, түк көрмеген өздері. Сол кісілер біздің емес, өздерінің тойымсыз, қанағатсыз екенін білмейді-ау. Олар осылай құдды бір ертең ақырзаман болатындай жанталасып, адамды шошытып, бізге келмесе, имбирьдің де, лимонның да, басқа да дүниелердің бағасы өз қалпында тұрар еді. Біздің кінәміз қанша?! Бәріне адамдардың өздері кінәлі.

Бір қызығы, «Мемлекет қайда қарап отыр, бағаны бақыламай?» деп осыған мемлекетті кінәлап жатқан кісілер де бар екен. Мемлекет демекші, мына имбирь де, лимон да, сарымсақ та абырой болғанда, мемлекет бағасын бақылап отыратын әлеуметтік маңызды тауарлар дей ме, соның тізіміне кірмейді екен. Сол тізімге кірмегені қандай жақсы болған?! Кірсе, саудамыз бүгінгідей қыз-қыз қайнамайды екен.

 Қой, мен не айтып кеттім?! Имбирім бітейін деп қалыпты. Тапсырыс берейін тездетіп.

 Мен Тұтынушымын

Мынау имбирь деген не өзі?!

Жеміс дей ме, тамыр дей ме, түбір дей ме?!

Мұндай керемет дүние барын кеше көршімнен естідім. «Ойбай, елдің бәрі түк қалдырмай, талап алып жатыр. Сен әлі алмағансың ба? Ертеңнен қалдырмай сатып ал. Кеше мың жарым еді, бүгін 3 мыңнан саудаланып жатыр дейді. Бар, бар. Бітіп қалады» деп жініктірген соң барып бір келісін сатып алып едім, енді не істерімді білмей отырғаным?! Мұны өзі қалай пайдаланушы еді? Суға қайнатам ба, әлде шикідей, турап жеуге бола ма екен?! Байқамай, уланып қалып жүрмейін. Жарайды, қазір көршімнен сұрармын. Болмаса, интернетті ақтарып көрермін.

Имбирь демекші, бүгін имбирь-имбирь деп жүріп әлгі лимон алуды ұмытып кетіппін ғой. Оның бір келісі 3 мыңнан асқан дей ме?! Әлгінде қызым: «Мама, қазір карантин уақыты. Рұқсат қағазымен сыртқа шыққанда екі келісін бір-ақ сатып алшы. Бірақ ана «Фрешмаркеттен» алмаңызшы». Ондағы сатушылар бұл жерге тек байлар келеді деп ойлай ма екен, бағаны жәй дүкендерден екі-үш есе арттырып қояды екен. Үй жанындағы дүкеннен ала салыңыз» деп уатсабыма жазып жіберіпті. Әлгі сарымсақты қымбаттамай тұрып, алып қойғаным қандай жақсы болған?! Уф, әбден есім шығып кетті ғой. Ойбай, тоқтай тұрыңыз, қызым тағы да бірдеңе жазыпты. «Мама, үйде дәретхана қағазы бар ма? Ертеңнен бастап қалада карантин болады деп елдің бәрі түк қалдырмай алып жатыр екен» дейді.

Қой, құрысын, кеттім дүкенге. Ойбай, бетпердемді ұмытып барады екем ғой. Киіп алайын...

 

 Шығыс Қазақстан облысы