Елбасы • 08 Сәуір, 2020

«Бізде мұнай мен газ бар екен деп, үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» – Елбасы

692 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында жарияланған мақаласында пандемияның әлем экономикасына әсеріне тоқталды.

«Бізде мұнай мен газ бар екен деп, үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» – Елбасы

«Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия жаңа бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тиылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр»,- деді Елбасы. 

«Біздің Отанымыз Қазақстан – қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай ел. Мен «Бізде мұнай мен газ бар екен деп, үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» деп талай мәрте айтқанмын. Сондықтан егемендік жылдары біз ел экономикасын әртараптандырумен болдық. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Қазақстан – 2050» стратегиясын жасап, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорын аштық. Соның арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылып, елімізге жаңа технологиялар келді. Бұл еліміздің үшінші технологиялық жаңғыруына жол ашты. Ел аумағында бұрын-соңды болмаған теміржол, автокөлік жолдары салынды» делінген мақалада.

Елбасы сондай-ақ елдегі ауыл шаруашылық саласының дамуын атап өтті.

«Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды. Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді» деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев.