Қаржы • 13 Сәуір, 2020

Пандемия қаржылық сектордың жұмысын тоқтата алған жоқ

248 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тек жұмыс істеу тәсілін ғана өзгертті: Банктер халыққа қашықтықтан қаржылық қызмет көрсетті. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында валюта айырбастау пункттерінің жұмысы шектелгенмен, биржалар жұмыс істеп жатыр. Көзін тапқан адамға шетелдік валютаның барлық түрімен жұмыс істеуге мүмкіндік бар.  Ұлттық банк тіпті базалық кілтті төмендеткені қаржылық сектордың жұмысын қыздырып жіберді: Банктер нарықтағы орындарынан айырылып қалмау үшін нақты әрекетке көшті: Басымдық клиенттердің сенімінен айырылып қалмауға берілді.   

Пандемия қаржылық сектордың жұмысын тоқтата алған жоқ

Қазақстанда биыл экономикалық белсенділік төмендейтінін жыл басында Еуразиялық даму банкінің сарапшылары айтқан.

«Мұнай мен металдарға әлемдік бағаның құлдырауы, сондай-ақ коронавирустың таралуының жағымсыз салдары Қазақстанның экспортына сыртқы сұранысты әлсіретеді және елдегі экономикалық белсенділікті шектейді»  делінген ЕДБ ның мәлімдемесінде. 

Халықаралық банктің өкілдері ақша-кредит саясатын қайта қарау  экономикалық өсу қарқынына төмен қысым жасайтынын ескерткен.

Карантин немесе әлемдік катаклизмге айналып кеткен індеттің ызғарын әлсірету үшін Ұлттық Банк шешім базалық мөлшерлемені жылдық 9,5% деңгейіне дейін төмендетті. Оның себебін түсіндіріп те берді:  «Егер ағымдағы жағдайлар сақталса, 2020 жылы экономикалық  өсім теріс болады. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сыртқы және ішкі ортаның өзгеріп отыратын жағдайларына экономикамызды бейімдеуге бағытталған бірқатар шараларының бірі».

9,5 пайызға төмендеген базалық кілт пандемиядан қорғайтын қалқан ретінде қабылданды

Сонымен бірге Ұлттық банктің мәлімдеуінше, базалық мөлшерлемені төмендету, оның ішінде «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын 1 трлн теңгеге дейін кеңейту және шағын және орта бизнеске 600 млрд теңге мөлшерінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын қабылдау коронавирустың Қазақстан экономикасына әсерін азайтады және экономиканы қолдауға мүмкіндік береді.  Басқаша айтқанда 9,5 пайызға төмендеген базалық кілт пандемиядан қорғайтын қалқан ретінде қабылданды.

Экономистердің мұндай әрекеттермен экономикалық өсуге қол жеткізу қиын екенін айтады.  «Карантин тереңге шөгіп кеткен проблемаларды су бетіне қайта шығарды. Тамырын тереңге жіберіп үлгірмеген  ШОБ жабылды. Адамдар жұмыссыз қалды. Мемлекет көмегі 42500 теңге халықтың проблемасын шешпейді. ШОБ-тың, бизнестің болашағы халықтың төлем қабілетіне байланысты. Мемлекет мүмкіндігін шашыратпай, қаржыны өсім беретін және көшке ілініп кететін бағыттарға бөлу керек. Халық соны күтеді. Халықтың жағдайы нашарлап кетсе, банктер үшін үлкен проблема. Себебі ҚҚҚ төрағасы Е. Бахмутова кеше 1 млн адамның несиесін кешіктіріп төлеуге өтініш жазғанын білдік» экономист-қаржыгер Әнуар Үшбаев.     

              Банктер бағытын өзгерте бастады 

Банктер өткен аптадан  бастап қашықтан жұмыс істеуге көшкен кезде бұрын-соңды мұндай    салмақты бастан кешпеген жүйе сыр беріп қалды:  Картадан немесе жекелеген есепшоттардан аударуда кідірістер пайда болған соң адамдар наразылық білдіре бастады:  Қаржылық ұйымдардың сайттары кілттеніп,  электронды төлемге кері әсер етті.  Қызды-қыздымен «цифрландыру бағдарламасына жұмсалған қаржы қайда кетті» деп осы саланы басқарып отырған Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевті бұрышқа тұрғызып қоюға тырысып қойғандар  табылды. Кейіннен  Министр жүйе жүктемені көтере алмай істен шықты деген ақпаратты жоққа шығарды.  «Телеграмм-ботты іске қостық, ал ол жүктемені көтере алмағандықтан істен шықты деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз оны әзірлеудеміз. Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске қосамыз»,  деп көптің алдына шыққан соң бұл шу басылып, сабасына түсті.

Кейіннен мемлекеттің талғажу етіңдер деп бөлген 42500 дің жолын іздегендер, онлайн режиммен қашықтықтан оқып жатқан мектеп мектеп оқушыларының цифрлық бағдарламаның санасына салмақ салғаны белгілі болып қалды.        

 Аптаның алғашқы күндері ЕДБ үкіметтің тапсырмасын орындамай жатыр деген желсөздер көбейіп кеткен еді: Аптаның ортасына қарай IT жүйенің сыр беріп жатқаны белгілі болды. Жағдай күрделеніп кеткен Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында карантин жағдайына қарамастан  тұтынушыларды қабылдауға мәжбүр болды.  

Қаржыгер Ерлан Ибрагим бұл жағдай банктердің ақпаратты технологияның жаңалықтарына тиісті көңіл бөлмегенін көрсеткенін айтады. Егер, алдағы уақытта банктер бұл салаға көбірек көңіл бөлмесе, бәсекеге қабілетті деген ұғым желге ұшып кетеді:  «IT жүйелерінің жетілмегендігі - ЕДБ карантинге ұшыраған бірнеше мәселенің бірі. S&P Global Ratings сарапшылары Қазақстандағы банк секторының өсу перспективаларын белгісіз деп санайды. «Біздің болжамымыз бойынша, қазақстандық банк секторының кірістілік көрсеткіштері төмендейді, ал таза пайда 2019 жылы 800 млрд теңгеден 2020 жылы 300 млрд теңгеге дейін төмендейді» дейді  S&P есебінде.

Сарапшылардың пікірінше, провизия шығындарының жоғары деңгейі карантиндік шараларға байланысты қиындықтарға тап болған шағын және орта кәсіпорындардың  проблемалармен байланысты екен.  «Шағын және орта бизнеске және жеке тұлғаларға берілген несиелер несие портфелінің жалпы көлемінің 56% құрайды, бұл қазақстандық банктер үшін қосымша тәуекелдер тудырады. Біз сондай-ақ қарыз алушылар Ұлттық банк ұсынған жеңілдіктерді тиімді пайдаланады деп үміттенеміз» дейді сарапшылар.

Компанияларға және ШОБ өкілдеріне несиесін 90 күн кешіктіріп төлеуге мүмкіндік берілгені белгілі.  Бірақ бұл мүмкіндік те келесі проблемалардың бетін ашып жіберді: Кәсіпкерлер  несиесі кестесін қайта түзеу үшін келісімшарттарды жасай бастаған кезде жекелеген тұлғалардың несие төлеу мүмкіндігінің төмендеп кеткені белгілі болды. Ал банктер жекелеген тұрғындар үшін, әсіресе жұмыстарын жоғлатып алғандар  несиелік    демалыс беру деген жоспарда болмаған. Соңында Ұлттық банк 1 млн тұрғынның несиесін кешіктіріп төлеу туралы арызын қанағаттандырды. «Ұлттық банк  банктердің пайыздық мөлшерін шектей алмайды. Себебі біз нарық заңында өмір сүріп жатырмыз. Банк – бизнес. Бірақ Ұлттық банк тұрғындардың мүддесі үшін нарық заңына қайшы келетін қадамдарға барды: ЕДБ-ге  айыппұлдар мен өсімпұлдарды алуға тыйым салды. Бірақ сарапшылар осы тұста мына факторға назар аударуымыз керектігін айтып жатыр:  Ресейдің екінші деңгейлі банктері азаматтардан кешіктірілген несие үшін айыппұл мен өсімпұлды талап ету мәселесін президент В.Путиннің үндеуіне дейін  жариялады. Президенттерінің  араласып, талап етуіне жеткізбеді бұл жағдайды.  Бұл фактор халықтың қаржылық сауаты емес, банк өкілдерінің қаржылық мәдениеті  көрші елмен салыстырғанда қозы-көш кейін қалып кеткенімізді көрсетіп тұр.

Теңге 

Сарапшылардың айтуынша, 9 наурыз мен 5 сәуір аралығында теңгенің құнсыздануы шамамен 17% болды. «Біздің негізгі сценарийіміз бойынша, валюта бағамының тұрақсыздығы жалғасады.  2020 жылдың соңында валюта бағамы бір доллар үшін шамамен 435 теңгені құрайды. Ұлттық банк теңгенің құнын төмендетіп алуына жол бермейді», дейді  S&P сарапшылары.  Ал Еурпалық даму банк сарапшылары алдағы бірер айда көмірсутегі бағалары өсіп, теңгеге қуат беретінін айтады. Демек, экономикадағы баға тұрақтанған сайын теңге де күш ала береді. 

Әзірге Қазақстанның екі қаласындағы экономикалық өмірдің тоқтауы елдің қаржы жүйесі мен экономикасының жай-күйін жалаңаштап тұрып жайып салды. Карантин неғұрлым көп болса, соғұрлым жағымсыз көріністер де су бетіне қалқып шыға береді. Ал халық бұрынғыдай өтірікке алданбайды. Біздікі назарымызға ілініп қалған, онлайн чаттар, вебинар кезде байқап қалған тұстарды  көрсету. Егер тиісті орындар қаперге алмаса, өз сөзіміз – өзіміздікі.

 

АЛМАТЫ