Аймақтар • 15 Сәуір, 2020

«Ауыл – ел бесігі» жобасы Қордай ауданында қарқынды жүруде

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруда, жалпы ауыл инфрақұрылымын жақсартуда елімізде қолға алынып отырған «Ауыл – ел бесігі» жобасының маңызы зор. Аталған жоба аясында республика бойынша жалпы 6,6 миллион адам немесе 85 пайыз ауыл тұрғындары тұратын 3447 перспективалы елді мекен іріктеліп алынады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы Қордай ауданында қарқынды жүруде

Ал, Жамбыл облысының Қордай ауданы, Қордай ауылдық округі бойынша ағымдағы жылы жалпы 21 жобаны іске асыру мақсатында 898 миллион 615,0 мың теңге бөлінген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүгінде аталған жоба аясында аудан орталығында қарқынды жұмыстар басталып кеткен. Аудан орталығы Қордай ауылының 5 ауылішілік көшелері мен 2 жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған 5 көшенің жұмыстары сәуір айында аяқталады деп жоспарлануда екен. Осылайша 16 көшеге укезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен де қаржы қарастырылған. Бұл қаражатқа аудандық Мәдениет үйінің алдындағы субұрқақтың құрылысы басталған. Ал, мердігер «Кана» жеке кәсіпкерлігі бұл нысанның жуық арада пайдалануға берілетінін айтады. Сондай-ақ, ауылға кіреберіс тұстағы айналмалы жолға да абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал, Нұрдәулет Әлібекұлы атындағы магистральды каналының Төле би мен Қазыбек би көшелерінің аралығындағы бөлігін қоршауды «Қаратаев» жеке кәсіпкерлігі қолға алған. Олар да жұмыстың жақын арада бітетінін айтады.

 

Жамбыл облысы