Президент • 15 Сәуір, 2020

Жауапкершілікті қажет етеді

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқаты, экономикалық жағдай тұтастай алғанда әлі де күрделі екендігін атап өтті.

Жауапкершілікті қажет етеді

15 сәуір күні Төтенше жағдай енгізу туралы Президент Жарлығының мерзімі аяқталады. Бірақ індеттің таралуы мен адамдар қазасының статистикасы Төтенше жағдай режімін кем дегенде сәуір айының соңына дейін созуға тура келетінін айқын байқатты. Коронавирус ауруының шарықтау шегінен әлі өткен жоқпыз. Осы себепті Президент елорда, Алматы, Шымкент қалаларында және тиісті облыстарда карантин режімін сәуір айының соңына дейін ұзартуды тапсырды.

Барлығымыздың әдеттегі өмірімізді қалпына келтіріп, үйден шыққымыз келетінін түсіне отырып, Мемлекет басшысы карантинді, өзін-өзі оқшаулау тәртібін сақтаудан басқа амал жоқ болғандықтан бұл қиын шешімді қабылдауға мәжбүр болды. Президенттің әрбір сөзінде жағдайдың қаншалықты маңызды екендігін, мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайтындығын байқатты. Сондықтан да Қ.КТоқаевтың айтуынша, карантин кезінде біз азаматтардан үйде болуды талап етеміз. Иә, оқшаулану оңай емес, біздің өмірімізде бұндай жағдай бұрын орын алмаған. Бірақ бұл өте қажетті шара, өкінішке қарай басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсыныстары. Бұлай жасамасақ, Президент айтпақшы жағдайды ушықтырып аламыз, індет белең алып, барша ұлтымыздың денсаулығына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнеді.

Бүгінде шағын және орта бизнестің жағдайына алаңдаушылық білдіру дұрыс, бірақ егер біз зұлым вирустың таралу қаупін жеңе алмасақ, онда ШОБ және бүкіл экономиканың мүдделері өз маңызын жоғалтады.

Сонымен бірге Үкіметке әкімдермен тығыз байланыс орната отырып, еліміздің екі ірі қаласында шағын және орта бизнесті тоқыраудан біртіндеп өркендеуге алып шығу үшін, ең алдымен олардың әрқайсысымен жеке-жеке жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Бұған дейін айтылған барлық ұсыныстарды ескеру қажет.

Біздің алдымызда екі міндет тұр – азаматтарымыздың денсаулығы үшін карантинді сақтау, сонымен бірге кәсіпорындарды жеке-жеке жұмыс режіміне ауыстыру.

Сондай-ақ бұл үлкен қауіп екенін түсіну керек. Бұл жағдайда облыстар мен орталыққа бағыныстағы қалалар басшыларының жауапкершілігі бірнеше есе артады. Президент атқарушы биліктен шешімдерді әзірлеу мен қабылдауда байыпты болуды және берілген тапсырмаларды орындауда барынша жауапкершілікті күшейтуді талап етті.

Мемлекет басшысы осы қиын-қыстау кезеңде өз іс-әрекетінде мықты, ерік-жігерлі, жауапкершілікті және байсалды көшбасшының шынайы қасиеттерін көрсете отырып, терең адамгершілік танытты. Президент халықтың барлық шағымдарынан хабардар. Сонымен бірге дағдарыс барлық кемшіліктерді көрсетумен қатар, оның біз пайдалануымыз қажет үлкен мүмкіндік екенін де байқатты. Сондай-ақ кемшіліктерді де уақтылы түзету қажет. Президент елдің барлық азаматтарына түсіністік, шыдамдылық пен табандылық көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Зарема ШӘУКЕНОВА,

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры