Таным • 27 Сәуір, 2020

Коучингтің көкесі – бабалар мұрасы

510 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күн сайын құбылған алмағайып ке­зеңде замана ағымына неғұрлым тез бейімделіп, басқалардан бұрынырақ әрі жүйелі әрекет еткендердің аты озып, атағы шығып, материалдық жағдайы жақсаратыны түсінікті. Кейінгі жылдары коуч, коучинг, коучер деген ұғымдар тірлігімізге біршама дендеп енгені осыған байланысты болса керек.

Коучингтің көкесі – бабалар мұрасы

Бұл ұғымдарды қазақы қалыпқа салып қарасақ, бапкер, баптау, жаттықтыру дегенге саяды. Яғни коучердің басты мақсаты клиентін – көрерменін, тыңдарманын, оқырманын заман талаптарына дайын етіп шығару болса керек. Батырлар жырында айтылғандай, бабында қырық үш күндік кемдігі бар Тайбурыл қанша тұлпар болса да Көбіктінің тарлан атына жете алмай, шаң жұтып қалмаушы ма еді. Сол сияқты таланты тасып, ақылы асып тұр­са да, өзін өзі жетілдірмеген, тас түйін тәр­тіпке бағынбаған, күш-жігерін мақсатқа жұмылдырмаған адамның қатардан қа­лып қоюы оп-оңай. Сәйкесінше, мықты коучердің алдын көрген маманның мақсатқа жету мүмкіндігі де мол.

Өкінішке қарай, қазақстандық коучер­лердің көпшілігі Оралхан Бөкейдің «Өзі оқитын жаста өзгелерді оқытып шыға келе­тіндер бар» дегенін еске түсіреді. Шетел­дің бір-екі авторын оқып алып, артынша жалпақ жұртқа ақыл айтатындардың қатары көбейгендей. Базалық білімі болмаса да, психологияға, бизнеске, дінге қатысты сөзді сапырып, елді аузына қаратып отыру сәнге айналыпты. Айтқаны көпшіліктің кәдесіне жарап жатыр ма? Соның сабағынан сабақ алып табысқа кенелгендер бар ма? Әлде «Аңқау елге – арамза молданың» керін кел­тіріп жүр ме? Оған өзі де, тыңдайтын жұрт та бас қатыра бермейді. Әйтеуір, әлеметтік желіде аты мәшһүр болса болды, ақыл­манның кейпіне еніп алады. Шетелдің даныш­пандарынан оқып алғандары қазақтың дүниетанымына, тұрмыс-тіршілігіне сай келмейтініне де қарамайды. Соңғы кезде коучерлер туралы түрлі әзіл әңгімелер көбейіп, өздері сатиралық қойылымдардың кейіпкеріне айналғаны соған байланысты.

Осы орайда «Нәтиже» брендінің негізін қалаған белгілі бизнесмен Ерлан Әшімнің былтыр бір жиында:

– Александр Бектің «Волоколам тас жолын» қайталап оқудан жалықпаймын. Бауыржан Момышұлының қайсарлығына, ақылдылығына тәнтімін, – дегені ойымызға оралды. Яғни, бизнесменге Бектің кітабы, Момышұлының іс-әрекеті мотивация береді екен.

Құдайға шүкір, қазір оқырманға ой салатын, мотивация беретін, жігерін жанитын көркем шығармалар аз емес. Әрідегі жырау­лар поэзиясына, кейінгі қаламгерлердің шығармаларына ден қойсаңыз, анау-мынау коучтарды он орап алатын идеялары көп. Мәселен, Мұқағалидың өлеңіне құлақ түріп көрейік:

«Ал енді мен ақыл айтам, ақыл айтам, таңданба.

Қорлық үшін келген жоқсың мына өмірге, жалғанға.

Мына өмірде, жүрегіңде, бойыңда ыстық қан барда.

Болмысты да, болмасты да болады деп арманда!» дейді ұлы ақын.

Мотиваторлар жиі қайталайтын: «Армандап үйрен! Сенің қолыңнан бәрі келеді» дегеннен қай жері кем? Керісінше, көркемдігі әлдеқайда биік емес пе?

Махамбет Өтемісұлы:

«Мен, мен едім, мен едім,

...Еңіреп жүрген ер едім,

...Екі тарлан бөрі едім...» дейді.

Доспамбет жырау: «Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағаның

Хан ұлынан несі жоқ,

Би ұлынан несі кем?!» деп жырлаған. Күн сайын таңертең айнаға қарап «Мен мықтымын!» деп үш рет қайталағанша, Махамбет пен Доспамбеттің жырын оқып өзіңді қайрап, рухтанған, қанаттанған артық емес пе?

«Идеяңды ешкімге айтпа!» деген де кейінгі тренингтерде жиі айтылады. Ол туралы аталарымыздан қалған сөз бар: «Жаман шынын айтам деп сырын айтады!», «Сырын білмеген адамға сырыңды айтпа, қасақы қу жаманға шыныңды айтпа».

Қысқасы, мұндай мысалдарды келтіре беруге болады. Бізге салсаңыз, қалтаңыздағы қаржыны шала коучерлерге шашқанша, бір сүбелі дүние оқығанның пайдасы анағұрлым артық. Коучингтің көкесін бабалардың мұрасынан да көруге болатындай.