Қоғам • 28 Сәуір, 2020

Төтенше жағдай – вирусқа тұсау

112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайдың ұзартылуына қатысты жасаған мәлімдемесі аса қажетті шара деп білемін. Жаһанды әбігерге салған пандемияның елімізде өршіп кетпеуі ең алдымен осы төтенше жағдай режімінің уақтылы енгізілуімен тікелей байланыс­ты.

Төтенше жағдай –  вирусқа тұсау

Бүгінде коронавирус індетіне шалдыққандар са­ны дүние жүзінде 3 млн-ға жуықтады. Медицинасы дамы­ған ел деп бағаланатын АҚШ, Еуропа елдерінің жағ­дайы да мәз емес. Ал Қазақ­стандағы жағдай әлем мем­ле­кеттерімен салыстырғанда барынша тұрақты. Алайда елімізде вирус жұқтырғандар саны артып келеді. Бірақ індет жұқтыру динамикасы әлдеқайда төмен. Сондықтан Президент тарапынан қа­был­данып жатқан шараның бар­лығы да дұрыс дер едім. Төтенше жағдай мерзімін созуы­мыз қажет. Неге? Себебі төтен­ше жағдай мерзімін ұзарт­қан сайын елімізде ау­руға шалдыққандардың саны азаяды.

Төтенше жағдай режімін ең алдымен ауылдық, ау­дан­дық деңгейде қатаңдату қажет деп санаймын. Олай деуге себеп – вирустың Қазақ­станның аймақтарына таралып кетуінде болып отыр. Осы мәселеге қатаң назар аудару керек деп білемін.

Мемлекет басшысы атап өткендей, 12 мамырдан бас­тап төтенше жағдай режімі тоқтатылады. Бірақ бір нәрсеге қазірден бастап үйренуіміз керек. Коронавирусқа вакци­на табылғанша бізге осы ін­детпен қатар өмір сүруімізге тура келеді. Бұл аса қауіпті мә­селе. Алайда қолдан келер одан өзге қайран жоқ. Сон­дықтан адамдар санитарлық-ги­гиеналық нормаларды сақ­тауды және тұрғындар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгертуді, соны­мен қатар жеке басының, қор­шаған ортаның қауіпсіздігін сақтауды үйренуі тиіс. Сол кезде барып елімізде вирус жұқтырғандар саны азаяды.

Төтенше жағдай режімі кезінде мемлекет тарапы да халыққа бейжай қараған жоқ. Отандастарымызға тиісті кө­мек көрсетіліп жатыр. Пре­зи­дент мәлімдемесінде атап өткендей, халыққа көмектесу, яғни азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 трлн тең­геге жуық қаржы бөлінді. Бұл – халыққа аса үлкен кө­мек. Мәселен, көршілес Ресей, Өзбекстан сынды мем­ле­кет­тердің бірде-біреуі өз халқына осындай қолдау жасап жатқан жоқ. Сондай-ақ еліміздегі тө­тенше жағдай режімінің созы­луының өзі халықтың ден­сау­лығын сақтауға деген мем­лекеттің көңілі деуге бо­лады. Осыны есте сақтауы­мыз керек.

Қазіргі ең негізгі мәселе – отан­дастарымыздың тө­тен­ше жағдай режімі кезінде де, төтенше жағдай режімі аяқ­талған соң да тәртіпті сақтай білуінде. Өз мәдениетімізді өз­гертуіміз қажет. Сондықтан елімізде қабылданып жатқан іс-шараның барлығы да тұрғындар үшін ауадай қажет әрі дұрыс деп білемін.

 

Ерлан САИРОВ,

саясаттанушы