Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Мемлекет жәрдемі – көп отбасы үшін мүмкіндік

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мемлекет қолдауы дер кезінде жетуі үшін жүйелі жұмыс жасалып жатыр. Осы күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандары карантин талаптарын барынша сақтай отырып, қауырт жұмысқа көшкен.

Мемлекет жәрдемі – көп отбасы үшін мүмкіндік

Басқарма мамандарының айтуынша, облыста 42500 теңге әлеуметтік төлем алуға тіркелген 186 мың 749 адамның 179018-і осы көмекті алыпты. Олардың жартысына жуығы облыс орталығының тұрғындары.

– Біз негізі осы төлемді алу жолдарын түсіндіреміз. Әсіресе бірыңғай жиынтық төлемі мен өтінімі арасын алшақтатып алған кейбір азаматтың әлеуметтік төлемді ала алмай қалуы жиі кездесіп отыр. Оларға біздің бөлім мамандары өтінім беруде көмек көрсетеді. Өйткені мемлекет қолдауынан тиісті азаматтардың ешқайсысы шет қалмауы керек, – дейді халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жанар Дәулетбаева.

 Осы уақытқа дейін Nur Otan партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында облыста 7 798 отбасына жалпы құны 83,6 млн теңге болатын азық-түлік себеті таратылды.

 Ел азаматтары арасынан бұл акцияға қолдау көрсетіп отырғандар аз емес. Олардың бірі қорға қаржы аударса, енді бірі партия филиалдары арқылы мұқтаж азаматтар тізімін алып, еріктілермен бірге көмек көрсетуде. Мәселен, Абзал и К ТС 100, ал Ai-Sultan Company ЖШС 20 отбасыға жәрдем жасады. Осы індеттің алдын алу үшін ашылған облыстық қорға «Абзал и К» ТС төрағасы, Jas Otan ЖҚ орталық кеңесінің мүшесі Мағжан Ерәлиев, облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Бақдәулет Махашов, Асқар Махамбетов, Нұриддин Әмитов, Мұрат Сәрсенбаев секілді азаматтар қаржы аударды. Жетекші партия филиалдарына мұндай отбасылар тізімін қалалық, аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері ұсынып отыр.

 «Birgemiz» қоғамдық қорының өңірлік филиалы «Birgemiz-Kyzylorda» арқылы Қызылорда қаласындағы 6313 отбасы 50 мың теңге көлеміндегі бір реттік қаржылай көмекке ие болды. Бұл көмектің екінші траншында 7 796 отбасын қамту жоспарланып отыр.

 «Birgemiz-Kyzylorda» қорының құрылтайшылары, қамқоршылық кеңес құрамы жасақталды. Оның құрамына партияның әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсетіп келе жатқан, облысқа белгілі азаматтар мен азаматтық қоғамның беделді өкілдері, көп балалы аналар еніп отыр. Қор жұмысы туралы барлық ақпарат әлеуметтік желідегі арнайы парақшаларда жарияланады.

– Сонымен қатар қазір індеттің кең таралуына байланысты тікелей байланысты болдырмау мақсатында азық-түлік пен тұрмыстық жиынтығы әр алушының есепшотына ақшалай аударылады. Ол 5567 теңге болып отыр, – дейді басқарманың әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Шаризат Алмашева.

 Өткен айда республикалық бюджеттен облыс бойынша 16647 балаға 92 млн теңге төленген. Азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық алушылардың кеңейген тізімінен кейін бірінші және үшінші топтағы мүгедектерге, мүгедек балаларға, сондай-ақ мүгедек балалар күтімімен отырған аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының 6-18 жас аралығындағы балаларына және жұмыспен қамту орталықтарында тіркеуде тұрғандарға берілетін бұл көмек осы айда 60300 адамға тиесілі. Олардың 37400-іне 208,4 млн теңге аударылды. Қалған азаматтар ай соңына дейін алып үлгереді.

Осылайша мемлекет пен жұртқа жәрдем жасауға асыққан азаматтар көмегі көптеген отбасы үшін төтенше жағдайдан қиналмай шығудың мүмкіндігіне айналып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА