Адамзат тарихында мұндай апаттар аз болған жоқ. Қиындықта топтасқан, біріге білген ел жеңіске жеткен. Адам баласына жаппай төнген ауыртпашылық тек қиындық әкеліп қоймайды, сонымен бірге жаңашылдыққа жол іздетеді. Осынау сыни жауапты шақта ұлт болып ұйысып, ел болып қауымдасудың және төзімділік, шыдамдылық, қайырымдылық пен тәртіптіліктің үлгісін көрсету – парыз. Сондықтан рухымыз мықты әрі биік болуы тиіс. Демек, аға буын зиялылардың халықты ынтымаққа, жақсылыққа белсене шақыратын, жастардың өз бойындағы жасампаздық күш-қайратын жүзеге асыратын кезі келді. Адамзаттың парасатты істері, ізгі амалдары, ғылым мен білімнің жетістіктері, халықтың мызғымас тұтастығы мен табандылығы барлық қиындықтарды жеңіп шығар жол табуға болатынын дәлелдейді.
Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында да көп дүниенің басын түйген-ді. Мемлекет басшысының мәлімдемесі аталған мақаламен мазмұндас, үндес. Жалпы, Елбасы Тәуелсіздік таңы атқан кезден бастап өз халқының тағдыры жолындағы талай түйіндердің күрмеуін тарқатып, әрі әлемдік деңгейдегі бетбұрысты оқиғалар туралы ой бөлісіп келеді. Тарлан тарих беттерін парақтасақ, осынау дәстүрдің тамырын тереңнен тартатынын байқаймыз.
Бізде аурудың алдын алу ісі дер кезінде басталды. Ауыртпалықты еңсеруге қажетті ресурстар жеткілікті болды, сыртқы елдермен достастық саясаты, әлеуметтік-экономикалық, білім және ғылым салаларында жүргізілген табысты реформалар бұл қиындықты да жеңіп шығуға мүмкіндік береді. Бірлік жеңіске жеткізеді. Бірақ бірліктің материалдық, қаржылық, басқа да негіздері бар. Бірінші – тәртіп. Тәртіп – халықтың өзіне төнген қауіптен сақтану деңгейінің жоғарылау қабілеті. Бұл тұста Елбасы қазақ халқының даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының тәртіп туралы сөзін еске салады. Бізді біріктіруші, бір мүдде мен мақсатқа жетелеуші күш – ел ішіндегі ауызбіршілік пен түсіністік, қамқор көңіл, жылы ниет.
Осы қағиданы Президенттің кешегі мәлімдемесінен де байқадық. Яғни босаңсуға болмайды. Қазіргі қабылданған шаралар ел экономикасы мен қауіпсіздігі үшін екенін естен шығармаған ләзім.
Еліміздің басына қара бұлт болып төнген осындай қиын кезеңде әр адам өмірі қымбат болса, соның ішінде білім мен ғылым саласындағы адам капиталын сақтау аса маңызды. Осы бағытта Білім және ғылым министрлігі қабылдаған шұғыл да маңызды шаралардың бірі – елдегі барлық білім беру ұйымдарын қашықтан оқыту технологиясына көшіруі. Бұл қатарда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті де қашықтықтан оқыту форматына көшті. Оқу үдерісін сапалы әрі тиімді ұйымдастыру үшін университет педагогтері барлық электронды платформаларды пайдалануда. Оқыту форматы Платонус ақпараттық жүйесінде чат дәрістер негізінде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар ZOOM, Google Classroom.com, Moodle, Telegram, Скайп электронды көздерінде онлайн дәрістер, чат-сабақтар өтуде. Ютуб желісінде оқытушылардың бейне дәрістері жазылып дайындалып, университеттің ресми сайтына, ақпараттық ресурстарға салынған.
Қашықтан білім беру жағдайында туындаған барлық сұраққа жауап беру мақсатында университет сайтына Call-орталығы туралы ақпарат орналастырылып, онда келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап берілуде. Сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану және оқуға қажетті мағлұматтарын алу мақсатында электронды кітапханамен жұмыс істеу қамтамасыз етілді.
Профессор-оқытушылар үшін де қашықтан жұмыс ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда олар толықтай өз қызметтерін онлайн режімде атқарып отыр. Қашықтан оқыту технологиясын пайдалану – біліктілік пен білімнің сыналатын уақытында, өзіміздің бәсекеге қабілетті екенімізді байқатуға жасалған бірден-бір мүмкіндік. Еліміздің экономикасын дамытып, өркениеттілікке жеткізетін, сондай-ақ дамыған елдер қатарына қосылуына мүмкіндік жасайтын жастарды тәрбиелеу қазіргі заман еншісіндегі ұлы қызмет екенін әрдайым есімізде ұстағанымыз абзал. Сол себепті, қалыпты өмірге қайта оралу үшін өтпелі кезеңді бірлікпен еңсеріп шығу – азаматтық парызымыз.
Біздің бар күшіміз бірлікте. Ұлттық ділімізге тән ізгілік пен мейірімділік, имандылық пен сабырлылық қашанда жақсылықтың бастауы болмақ. Біз біргеміз!
Бейбіткүл КАРИМОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылода мемлекеттік университетінің ректоры