Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Мақтааралдықтар мәселесі – мемлекет назарында

373 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Мақтаарал ауданында су басқан ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін жеткізді.

Мақтааралдықтар мәселесі – мемлекет назарында

«Қазақстан Президенті Мақтаарал ауда­нының судан зардап шеккен бірде-бір тұр­ғыны көмексіз қалмайтынын айтты. Сол себепті, сіздерден тек түсіністік танытуды сұраймын. Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Президент Үкі­метке Өзбекстандағы су қоймасы бөге­­тінің бұзылуы салдарынан су басқан ауыл­­дардың тұрғындарына жан-жақты мате­риалдық көмек көрсетуді тапсырды», деді Роман Скляр.

Кеше  Президент осы мәселеге тағы да назар аударды. «Үкімет Өзбекстандағы су қоймасы апатының салдарынан баспанасынан айырылған Түркістан облысының азаматтары үшін мыңнан астам тұрғын үй салуға кіріседі», деп жазды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туиттердегі парақ­шасында.

1

Аудандағы жағ­дайға байла­нысты арнайы үкі­мет­тік комиссия құ­рылғаны бел­гілі. Ко­миссия төрағасы Р.Скляр, Түр­кіс­­­тан облысының әкімі Ө.Шөкеев пен құ­ра­мында орталық және жергілік­­ті атқарушы органдардың басшылары бар жұ­мыс тобы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоу­си, Өргебас, Достық ауыл­­дарының тұрғын­да­ры­мен кездесті. Комиссия шұғыл түрде шы­ғын­ды есептеу жұмыстарын жүр­гізетін бо­лады. Ең алдымен тұрғын үйлер қалпына келтіріледі.

Сонымен қатар инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым реттеледі. Үкіметтік комиссия төрағасымен кездесуде жергілікті халық елді мекенді, тұрғын үйлерді қалпына келтіруге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Мысалы, жергілікті кәсіпкер, елге танымал азамат Ережеп Қанаев жаңадан салынатын тұрғын үйге қажет қаржыны баспана иесіне ақшалай беруді ұсынды. Яғни қаржыны алған тұрғын үйін өзі тұрғызуға мүдделі болады. Бұл орайда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыстағы апаттан кейін үйлерді қалпына келтіру кезіндегі тәжірибені мысалға ала отырып, өз пікірін жеткізді. Облыс әкімінің айтуынша, Арыста үй иесіне ақша берілгенімен не үй салынбаған, не ақшаның қайда жұмсалғаны белгісіз болған даулы мәселелер де туындаған. Сондықтан егер қаржы тұрғын үй иесіне бөлінетін болса, бөлшектеп беру қажет. Мысалы, іргетасын тұрғызуға бір, одан соң қабырғасын қалауға бөлек. Яғни нақты нәтиже бойынша. Әрине тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар сараланып, алдағы уақытта нақты шешім қабылданады. Сондай-ақ тұрғындар үйлердің барлығын бір қалыпта емес, мемлекеттік актіде көрсетілген көлем бойынша салуды ұсынып отыр. Яғни бір азаматтың 3 бөлмелі қоржын тамы, екінші бірінің екі қабатты зәулім үйі жарамсыз болып қалған болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар арасында әр отбасына 100 шаршы метр үй салынады деген ұсыныспен келіспейтіндер де бар. Су басып қалған ауылдарды көшіру, яғни басқа жерден тұрғын үйлер салу мәселесінде де нақты шешім жоқ. Бұл орайда тұрғындардың 70 пайызы басқа жерден ауыл салуға келісім берген жағдайда шешім қабылданбақ. Бұл да асықпай, халықпен бірге талқылауды қажет ететін мәселе. Қазіргі таңда су басқан 5 ауылдың үшеуі қатты зардап шеккен. Осы орайда 3 ауылды біріктіріп, 500-дей үй салу қажеттігі айтылуда. Ал екі ауылда су бармаған немесе ішінара бүлінген үйлер бар. Мысалы, Фирдоуси елді мекенінің 50 шақты үйі судан аман. Сондай-ақ  кездесуде зардап шеккен ауыл­дарда әр тұрғынға өтемақы төленетіні де айтылды. Құжаты жоқ үйлер де ескерусіз қалмайтыны жеткізілді. Ал зейнеткер Нүрия Амангелдиева барлық тұрғын атынан қазіргі таңда көрсетіліп жатқан көмектерге алғысын, елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында бүгінгі қиындық еңсерілетініне сенімді екенін айтты. Сондай-ақ комиссия арнайы техника әкелген Өзбекстан мемлекетінің өкілдерімен де кездесті. Су астында қалған ауылдарды тазалауға көрші елден көмекке келген 50-ге жуық техника жұмылдырылады.

Арнайы құрылған үкіметтік комиссияға Мәжіліс депутаттарының да айтар ұсыныстары бар. Күні кеше төменгі палатаның жалпы отырысында депутат Құдайберген Ержан бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Үкіметтік комиссия Мақтаарал ауданында су алған тұрғын үйлерге келген залалды бағалауда тек үйдің салынған материалына ғана емес, текше метр көлемі мен тұрғындар санын негізге алғаны жөн. Кейбір тұрғындардың өз мүліктерін рәсімдеп үлгермегендері де болады. Осы жағдайды ескеру қажет. «Жерасты суларының жақын орналасқанын ескере отырып, су басқан жерлерді бабына келтіру мақсатында дренаж жүйелерін қолдануды қажет деп санаймыз. Диқандарға егінді қайта егуге қолдау жолдарын қарастыра отырып, оның ішінде ауылшаруашылық техника, жанар-жағармаймен жедел қамтамасыз ететін және оларға егістік алқаптарда уақытша паналауға мүмкіншілік жасау керек. Сонымен бірге диқандармен ақылдаса отырып, қысқа мерзімде өнім беретін дақылдарды егуді және оған керекті тұқымдарды жеткізіп беруді, кейіннен алынған өнімнің сатылуына байланысты шараларды іске асыру керек деп санаймыз», деді Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауалды жария еткен Құдайберген Ержан. Сонымен қатар депутаттар қазіргі карантин жағдайын ескере келе, тұрғындарға медициналық көмек беру мәселесіне аса жоғары мән беру қажет деп есептейді.

Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданына көмек еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Қазірдің өзінде мұнда 150 тоннаға жуық азық-түлік пен өмірге қажетті барлық тауар түрлері жинақталған. Бұл қоймадағы азық-түліктер тасқыннан жапа шеккен тұрғындардан бөлек, алдағы уақыттағы үй, жол салатын құрылысшыларға жұмсалатын болады. Эвакуация орындарындағы 3 мыңнан астам адамның бүгінгі жай-күйі бірқалыпты. Олардың барлығы медициналық тексеруден өткізіліп, жатын орынмен, көрпе-төсекпен тегіс қамтылған. Тұрғындарға күніне үш мезгіл тамақ үлестірілуде. Азық-түлік пен жеке бас гигиенасын сақтауға қажетті керек-жарақтың бәрі жеткізіліп берілуде. Эвакуациялық орындарда, яғни, мектептер мен колледж, мешіттерде орналасқан тұрғындар осындай қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созып жатқан мемлекет басшылығына, Үкіметке, облыс, аудан басшылықтарына және барлық қазақстандықтарға шынайы алғыстарын айтуда. Ал Фирдоуси ауылының тұрғындары тасқын судың беті қайтып, су астында қалған үй-жай мен мал-мүліктері және егістік алқаптарының шығындары өтелетіндігін естіп қуануда. «Шығын өтеледі, деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. Оны осында тұрып жатқан барлығымыз естіп, көңіліміз орнына түсті. Үйіміздің орнына үй салынса, егістікке жұмсаған шығындар өтелсе, ел риза. Күн жылы, күтеміз. Қасақана жасалған іс емес. Оны көзбен көріп отырған соң, көнеміз. Құрылыс басталса, өзіміз басында боламыз, деп қуанып жүрміз. Ел аман болсын. Көмек жіберіп жатқан барша қазақстандықтарға мың алғыс айтамыз», дейді Фирдоуси ауылының тұрғыны Надир Фахруддин. Ал бес баласын алып түнде үйін тастап шыққан Махфират Құрбанова бәрінің аман қалғанына шүкіршілік етеді. «Мектепте жатырмыз. Төсек орны тап-таза, балаларға киім-кешек берді. Тамақ беріп жатыр. Бәріне ризамыз. Жасалған жақсылықтарыңыз үшін еліме ризамын!», дейді көп балалы ана. Тұрғындардың су ортасындағы мал-мүлкін полицейлер күзетуде. Сондай-ақ су басқан елді мекен оқушылары эвакуациялық пункттерде білімдерін жалғастыруда. Су басқан Жеңіс, Нұрлы жол, Жаңатұрмыс, Өргебас, Фирдоуси ауылдарындағы 5 мектептегі оқушылар саны – 1638. Мектепке дейінгі 6 білім беру ұйымындағы тәрбиеленушілер саны – 425. Эвакуация орындарында балаларға қашықтан оқу бойынша жағдай жасалып, «Балапан», «Еларна» телеарналары арқылы оқуларын жалғастыруға мүмкіндік беретін теледидарлар орнатылды. Оқушылар қажетті кеңсе заттары, оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Бос уақыттарында танымдық, спорттық ойындар ойнап, кітап оқумен айналысады.

Білім бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп психологтары зардап шеккен ауыл тұрғындары мен оқушыларға пси­хологиялық көмек көрсетуде.

Түркістан облысы