Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Барды ұқсата алмау – басшыларға сын

210 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында бастау алған өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жоба бүгінде өзінің жемісін бере бастады. Өңірдің 10 ауданынан таңдап алынған 11 ауылдың тұрғындары төмен пайызбен несие алып, мемлекет қолдауының игілігін көруде. Төрт түлік бағып, табысқа кенелуде.

Барды ұқсата алмау – басшыларға сын

Ел Үкіметінен қолдау тапқан аталған жобаның жүзеге асырылу барысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев назарда ұстай­тынын айтқан. Мемлекет тарапынан қолдау бар, енді сол мүм­кіндікті тиімді пайдалану, қолда барды ұқсату да тиісті бас­шы­лардың міндеті болса керек.

 Дегенмен, қанатқақты жоба аясында бөлінген қаражатты игеруде өңірде олқылықтар бар болып шықты. Облыс әкімі аталған мәселе бойынша жұмысы нашар басшыларды сынға да алған болатын. «Қаражат төрт ай бұрын бөлінген, бірақ біз әлі де оны толық игере алмай отырмыз. Жобаның болашағы біздің бүгінгі жұмысымызға байланысты. Алғашқы кезең жемісті жүзеге асқан жағдайда ғана жобаны одан әрі қаржыландыру шаралары жалғасын табады», деді Б.Сапарбаев. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтың айтуынша, қанатқақты жобаның бес бағытының төртеуі бүгінде толығымен қаржыландырылған. Алайда бүгінгі таңда тек мал сатып алуға арналған 500 млн теңгеге жуық қаражат игерілмей отыр екен. Ауылды жерлердегі азаматтардың да көздегені берілген қаражатқа мал алып, оны бағып, тірлігін тіктеу ғой. Бұл бір жағынан жоба арқылы ақша алып, мал өсіруге ниетті тұрғындардың қолын байлайтын да көрсеткіш. Енді бар нәрсені ұқсата алмау да басшыларға сын емес пе?! Бірақ аталған басқарма басшысы бұл жұмыстардың бір аптаның ішінде аяқталатынын айтады.

 Жалпы, Жамбыл өңірінен бастау алған бұл жоба ауыл тұр­ғындарының әлеуметтік мәсе­лелерін шешуге зор мүмкіндік береді. Алайда оны ұйымдастыру жұмыстарының уақтылы ше­шімін таппай отырғаны да сын садағына ілінген. Үкімет тарапынан егер артықшылығы дәлелденіп, тұрғындардың тұр­мысын жақсартуға септігі тие­тін болса, онда еліміз бойынша таратылады деген жобаның кейбір жұмыстарында осындай кемшіліктер бар екен. Сондай-ақ құрғақ есептің де осындайда істі алға бастырмайтыны көрінеді. Бұл ретте Б.Сапарбаев ұсынылған мәліметтердің ара­сындағы алшақтықты да сынға алып, аудандардың ешқайсысы белгіленген мерзім, яғни 10 наурызға дейін жұмыстарды толық аяқтап үлгермегенін де айтқан. Енді барлық аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бір аптаның ішінде бөлінген қа­ражаттың тиімді игерілуін қам­тамасыз етуі керек. «Егер біз бөлінген қаражатты ұтымды ұқ­сата алмайтын болсақ, жобаға қатысушылардың саны көбей­ген кезде жұмысты қалай жүр­гіземіз?», дейді әкім.

 Шыны керек, әлі де болса бұл жоба туралы білмейтін, білсе де түсінбейтін адамдар көп. Тіпті несие алудың жолын, оның тиімділігін білмейтін тұрғындар да бар. Сондықтан аталған жоба аясында түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңызы орасан. Сонымен қатар жобаға енген әрбір ауылда ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, олар­ға жыл басында лизингке 200-ге жуық техника берілген болатын. Енді сол құрылған коопе­ративтердің қатарына ұсақ шаруа қожалықтарын тарту мәселесі бүгінде күн тәртібінде. Сондай-ақ бір ғана шағын облыста 18 мыңнан астам шаруа қожалығының болуы ауыл шаруашылығы субъек­тілерінің ұсақталып кеткенін көрсететіні және саладағы жұм­ыстың әлсіздігін аңғартатыны да айтылған. Енді бұл айтылған сыннан тиісті басшылар қорытынды шығара алса, онда Әулиеата өңірінде бастау алып, барлық әлеу­метке кәсіп көзі болатын жобаның артықшылығы дәлел­денбек.

 Сол сияқты, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тағы бір қолдау – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында өткен жылы үш аудан орталығында 3 млрд теңгеден астам қаржыға 103 жоба жүзеге асырылған. Бұл да тозығы жетіп тұрған нысандардың қайта жандануына, ауылдың сәулетін арттыруға айтарлықтай үлес қосты. Дей тұрғанмен, бағдарламаның іске асырылуы барысында кемшіліктер де бар екен. Облыстық эконо­мика және бюджеттік жос­пар­лау басқармасының басшы­сы Гүлдана Жауынбекова мер­ді­гердің кінәсінен Шу ауда­нын­дағы Мұхтар Әуезов атын­да­ғы мектептің күрделі жөн­деу жұмыстары әлі күнге аяқ­талмағанын айтты. Қазіргі уа­қытта бұл бойынша сот процесі жүруде екен. Бір айта кетерлігі, биыл өңірде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде 5,9 млрд теңгеге 92 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар еліміздің Ұлттық экономика министрлігі жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын тағы да 148 жобаны мақұл­даған.

Бүгінде өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жөніндегі қанатқақты жобаның маңызы артып тұр. Жалпы, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмекті көптің игілігіне пайдалану үшін күш салу, барды ұқсату тағы да аудан әкімдері мен тиісті салалық басқарма басшыларына міндет артатыны сөзсіз. Алайда барды ұқсата алмау басшыларға сын екені тағы да шындық.

 

Жамбыл облысы