Қазақстан • 09 Мамыр, 2020

Ер есімі – ел есінде!

3582 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мамырдың қасиетті күндерінің бірі – 9 мамыр Жеңіс күні күллі қазақ елі үшін қасиетті күн! Қазақ елінің Ұлы Отан соғысы шарпымаған түндігі кемде-кем. Бүгінгі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткен аталарын іздестіріп отырған, жан дегендегі бауырлары мен жарларын жоғалтқан аналардың ұрпағы қаншама десеңізші...

Ер есімі – ел есінде!

Осы сұрапыл соғыс күндері өз есімдерін алтындай таспаға жазып кеткен батырлардың орны да ерекше. Бүгінгі ұрпақтың негізгі парыздарының бірі-осы батыр ағалардың атын өшірмеу, жоқтатпау.

Қалың қазақ мекен еткен Монғолияның Баян-Өлгей аймағының жұрты Генерал М.Зайсановты қадір тұтады. Сталиннің қолынан жеке  марапат алып, шет жерде жүрсе де ерлігімен және білгірлігімен көзге түскен, Монғолияның тұңғыш қазақ генералы атанған Мүдәріс Зайсановтың тағдыры да ерекше.

Оның өмір жолын толық зерделеп, анық баға беретін де уақыт жеткен сияқты. Ұлты қазақ деп бөлмей, еңбегі мен ерлігін бағалаған моңғол халқы да М.Зайсановты қадір тұтады.

Қазіргі уақытта ұрпақтары тарыдай шашылып кеткен қазақтың тұңғыш генералы М.Зайсанов туралы барлық мағлұматтарды бір қолға жинап, көркем фильм түсірсек деген ой да жоқ емес.

Жеңіс күні дүниежүзі халқына маңызды үлкен мейрамдардың бірі. Әсіресе бұл мерекенің екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпалығын бірге көтеріскен сол кездегі Кеңес одағына одақтас мемлекеттер үшін маңызы ерекше.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Моңғолия материалдық және рухани көмек көрсетіп, майдан даласына сан мыңдаған сәйгүліктер жіберіп, тапқанын ауызынан жырып бергені тарихқа таңбаланып қалды. Баян-Өлгей аймағынан да соғыстың төрт жылында 8000 - нан астам жақсы аттарын майдан даласына жолдаған.

Бұл зұламат соғыстан бір жыл ғана бұрын құрылған, әлі де болсын тәй-тәй басқан баладай қаз тұра бастаған әкімшілік бірлігі  үшін оңай соқпағаны белгілі. Баян-Өлгейаймағынан көмекке жөнелтілген заттарды Ақкөл өткелегі арқылы Ресей Федерациясының Таулы Алтай Республикасының Бийск қаласына түйемен тасымалданған. Бийск қаласы мен Баян-Өлгейаймағының арақашықтығы 700-800 шақырым болса жол қиындығы өз алдында бөлек әңгіме.

Себебі әйгілі Шекетаман асуынан бастап, көктемгі мезгілде өткел бермейтін Алтайдың сансыз өзен-бұлақтары ұзақ жолдан қалжырап шаршаған керуеншілерге оңай болмағаны түсінікті. «Бұл өлкеге қыс айларында шыққан керуен қайта айналып келгенше 6 -  8 ай уақыт кететін. Сондықтан да бір жолда 1 мың тоғанақ түйелі керуен жүргізіп тұрған» дейді көнекөз қариялар. Осылайша Моңғолия қазақтары соғысқа денелей қатыспаса да, соғыс зардабынан тыс қалған жоқ.

Екінші дүниежүзілік соғыс алуан түрлі мүдделер қайшылығынан туындаған қанды қақтығыс екенін ешкім де жоққа шығара қоймас. Соғыстың басталуына түрткі болған оқиға ретінде тарихшылар бір ауыздан 1939 жылдың Моңғолияның Халха өзені аумағында болған кеңес-жапон қарулы қақтығысын атап өтеді.

Халхан гол соғысына дейін Моңғолия үкіметі Моңғолиядағы қазақ қауымынан солдат алмаған. Бұның астарында қандай себеп бары түсініксіз. Бәлкім Қазақстандағы 1916 ж. 25 маусымда армияның қара жұмысына ер-азаматтарды шақыруына  қарсы бұрқ еткен ұлт-азаттық көтерілісі, Алтайдағы Жәдік қара Оспан бидің «Сарноқта» салығын төлеп, Қытайға сарбаз беруден бас тартуы, оның сыртында Шығыс Түркістен республикасы орнап кетсе қазақтар қоныстанып отырған өлке солай қарап кетуі де мүмкін деген түрен тартқан оқиғаларды зерделей келіп, бейбітшілік сүйгіш халықтың арасына әлеуметтік толқыныс тудырудан сақтануы да ғажап емес. Әйтеубір біздің білетініміз 1939 жылға дейін Моңғолия қазақтары үшін әскери міндет міндеттелмеген.

Алайда 1939 жылы Жапон милитаристерімен қарсы соғыста тұңғыш рет қазақтан сарбаз алуға мәжбүр болған.  Сол жылы отан алдындағы борыштарын орындау үшін шығыстағы майдан даласына мыңдаған сарбаз аттанғанымен 2,3 мың шақырым жолды салт атпен жүріп өткен сарбаздар соғыс аяқталып жатқан уақытта әрең ілінген деседі.

Қанды қақтығыс 128 тәулік деген де Жапонияның жеңілісімен аяқталды. Әйтсе де бұл соғысқа  ішкергі өлкелерде қызметтейтін Баян-Өлгейаймағының тумалары бірнеше қазақ қатысып түгелдей ерлік көрсетіп қазақ халқының батырлығын бір дәлелдеген екен. Бұлардың ішінен халық армиясының 1-ші дивизиясы 2-ші полкінде взвод командирі– Ікей Мәзімұлы «Моңғолдың Халық Батыры» атағымен, ұшқыш- Мүдәріс Зайсанов  алғашқы генерал атанып, такист Тана, капитан Баймолдалар да ерліктері үшін марапатталған.

Зайсанов Мүдәріс туралы Моңғолия мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер, ақын, жазушы Шынай Рахметұлы былай дейді:

Моңғолия қазақтары оны Жайсанап дейді. Ал моңғолдар матросұлы Зайсанов дейді. Зерттеушілер оның шын есімі Мүдәріс, ал Зайсан – Семей губерниясындағы уездің атауы, шамамен сол жерде дүниеге келген болуы керек деп болжайды. Мүдәрістің әкесі –Қазақ, шешесі –Татар ұлтынан, азан шақырып қойған есімі - Қамза. Мүдәріс - «Ұстаз» деген ұғымды білдіретін Түрік сөзі, дейді жазушы.

Азамат соғысы жылдарында Мүдәрістің әкесі қудаланып, он жасқа іліне қоймаған баласын Моңғолиядағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, Шеруші уәлаяты басшыларының бірі Райысхан Әукеұлы Мүдәрісті аманатқа берген. Райысхан 1938 жылы нәубет құрбанына ұшыраған.

Бала тәрбиесімен көбінесе оның анасы Анар айналысып, 1928 жылы осы өлкеде ашылған тұңғыш қазақ мектебіне барып, хат таниды. Алғаш білім алған ордасына 1981 жылы «Зайсановтың» аты берілді. 1929-30 жылдары Қазақстаннан келген коминтерн өкілі Абай Қасымов, комсомолдың өкілі Шәріп Өтеповтардың ұйымдастырған іс-қызметіне белсене араласып, өлке қазақтары арасында төңкерісшіл жастар ұйымын ұйымдастырады.

1930 жылы отыз шақты қазақтың ұл-қызымен бірге Мәскеуге Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне (КУТВ) оқуға түседі. Кейін бала кезінен орыс тілін еркін меңгерген зерек бала Тамбовтағы атты әскер офицерлерін дайындайтын курсқа түсіп, одан соң Орынбордағы жоғары әскери-әуе училищесіне оқуға аттанып, аталған училищені 1937-ші жылы лейтенант шенінде бітіріп шығады.

Мектепті үздік бітіріп, әскери әуе күшінің техникаларын жетік меңгерген Мүдәрісті Моңғол халық армиясының басшылығы жоғары бағалап, оны капитан шенді эскадрилья басшысы етіп тағайындайды, ал бірер айдан кейін тіпті полковник дәрежесіндегі Моңғолия әскери-әуе күшінің командирі етіп көтереді.

Осы жылы күзде Халхингол өзені жағасында жапон милитаристеріне қарсы болған ұрыста тоғыз ұшақты өзі бастап, екі сағатта 300 шақырымға жуық ұшып, қарсыластың негізгі күшіне ойсырата соққы береді.

Осы орайда, 1934 ж. көктемде  орын алған “Кенжебек оқиғасы” немесе ”Жалғыз аэроплан қырғыны” деп аталып кеткен Алтайдың Шағанғол өзені бойындағы қазақ ауылдарға Моңғолия тарапынан жасалған шабулға Мүдәрістің ешбір қатысы жоқ екенін атап өткім келеді. Өйткені 1934 ж. Мүдәріс Кеңестер одағында оқуда болды.

Мүдәріс соғыс жылдары генерал (1944ж) шеніне дейін көтерілген Моңғолияның алғашқы генералдарының бірі. Генерал Мүдәріс 1945  жылы азаттық майданына қатысып, Ішкі Қытай өлкесінің Мәнжурияға дейінгі жерін Жапон басқыншыларынан тазартуға ат салысса, 1947 жылы 3 маусымнан Бәйтік тауы маңындағы болған жойқан ұрыста ұшағының бензин багына оқ тигенде, ұшағын  шеберлікпен жерге қондырғаны жайлы-қарт жауынгер Дугарын Гунгааның естелігінде айтылады.  

Ол 1948 жылы Моңғолия әскери-әуе күштері командирі және алғашқы қазақ генералдарының бірі Мүдәріс Зайсанов талай Совет Одағының Батырларын дайындап шығарған Монинодағы Әскери-әуе күштері академиясын тәмамдайды. Осының аз алдында, соғыс жылдарында, оны «Як-9» және «Ил-2» истребительдерінің «құдайы» дейтін.  Истребителін ұршықша үйірген оның ұшқыштық шеберлігіне таңғалмайтын адам кемде-кем еді.

Мүдәрістің еңбегі Моңғол үкіметі тарапынан өз тұсында жоғары бағаланып «Алтын жұлдыз» ордені,  Әртүрлі майданға қатысқандағы үшін берілген орден-медальдар және үш мәрте «Майдан даңқы қызыл ту» орденімен, «Майдан даңқы» орденімен, Кеңес одағының «Майдан даңқы қызыл ту» орденімен марапатталған.

Ал енді Мүдәрістің Баян-Өлгейқазақтарының өмірі үшін істеген жақсылықтарына тоқтала кетсек, ең әуелі өзін панасына алып, жаман күнінде жар болған Райсханның әулетінен інісі Даштуан Дөтейұлын өз қасына алып, шебер ұшқыш етіп шығарды. Қазір осы әулеттен шыққан ұшқыштар саны  төртке жетті.  

Екіншіде 1939 жылы шақырылған мемлекеттік 8-ші құрылтайдан бастап Кіші Хурал (парламент) мүшесі болған жылдары Баян-Өлгейаймағының алғашқы әкімі Қаби Бажыұлы, Жәмилә Әпселеңқызы қатарлы тұлғалармен тізе қосып Баян-Өлгейаймағын ұлттық аймақ болдыру үшін ұсыныс білдірді.

Ұлттық аймақ болдыру мәселесін зерттеген Моңғолияның сол кездегі маршал Хорлоогийн Чойбаслан Қобда аймағының құрамындағы қазақтардың пікірін білуге келгенде Мүдәріс тілмаштық міндет атқарды. 

1950 жылы Баян –Өлгий аймағына он жыл толып, осы мереке кезінде өлке топырағына тұңғыш рет ұшақ қондырғанда осы Мүдәріс болды.

Мүдәріс Зайсанов 1967 жылы 19 қарашада қайтыс болды. Генералмен қоштасу рәсімінде құрметті қарауыл сапқа тұрып, үкімет басшылары бастарын иіп, әлденеше дүркін зеңбірек атқылап, Ұланбатырдағы «Алтын бесік» зиратына жерленді.

Келесі күні, 1967 жылдың 20 қарашасында, моңғол үкіметі мен партиясының бас басылымы «Үнен» газетінде: «М.Зайсанов 1910 жылы Баян Өлгей аймағының Ұланқұс сұмынында кедей малшы қазақтың отбасында дүниеге келген. М.Зайсанов – еліміздің тәуелсіздігі мен социализм ісі үшін саналы өмірін арнаған біздің қарт жауынгерлеріміздің бірі еді. Ол Моңғолия Халық Армиясында 25 жыл еңбек етіп, қатардағы жауынгерден генерал-майор дәрежесіне көтерілді»,- деп жазылды.

Биыл Баян-Өлгейаймағының орнауына 80 жыл, генерал Мүдәріс Зайсановтың туғанына 110 жыл толaды. Мерей той қарсаңында қазақ халқының қайсарлығы мен отанына адалдығын көрсеткен ұлғы тұлғаға қандай құрмет көрсетсекте лайық дейді- жазушы Шынай Рахметұлы.

 

Қуат Уатханұлы

Соңғы жаңалықтар