Таным • 11 Мамыр, 2020

Шахимардан Әбілов: Шығармашылығымның темірқазығы – Абай

904 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Есімі мұқым қазаққа ғана емес, әлемге мәшһүр әйгілі опера әншісі бізді есіктен ерекше көтеріңкі көңіл күймен жадырай қарсы алды. Карантин уақытында да сахнаға шығардай сәнді киінген өнер иесінің тіпті жай ғана тіл қатуының өзі ән салып тұрғандай екен. Абай романстары арқылы жүрекке жеткен сыңғыр үн сол сәтте-ақ көңілімізге көшіп алғандай, әншіні
ә дегеннен жатырқамадық. Қазақы әдептен аспай, ақсақал да құрақ ұша төрін ұсынды. Жарығы мол түскен кең бөлмемен бірге Абай әлемінің де есігі айқара ашылғандай әсерге бөлендік. Өйткені бұл бөлме тұтастай ұлы ақын үнімен айрықша үйлесім тауыпты. Хакім кітаптары мен ұлы ақынның тастан қашалып жасалған шағын мүсіншелері, кемеңгер тұлға туралы жазылған әр жылдардағы мақалалар мен сарғайған газет қиындылары бұл үйдегі Абай әлеміне деген айрықша құрметті әйгілеп тұр. Белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбіловпен өрбіген әңгімеміздің де әлқиссасы опера өнерінің қыр-сыры, өзі әнін әлемдік сахнада кеңінен насихаттап жүрген ұлы ақынның шығармашылық мұрасы төңірегінен тарқатылды.

Шахимардан Әбілов: Шығармашылығымның темірқазығы – Абай

Әнші айтады: Мен өте ба­қытты адам­­мын шынын айтқан­да. Павлодар облы­сының Шар­бақты ауданындағы Арбаи­ген деген қазақы ауылында туып-өстім. Қа­лың қарағайдың ортасындағы ерек­ше әсем мекен болды. Бала күнімде ор­манға кіріп кетемін де, айқайлап тұрып өлең айтатын­мын. Ән айтсаң, жаңғырық шы­ғады. Жан сарайым ашылып, кө­кірегім сайрай жөнелетін. Бүкіл орман менімен бірге ән салып тұрғандай сезілуші еді сонда. Біздің өлкенің созылып жатқан шетсіз-шексіз орманының жаң­ғырығы маған кеңдікті үйрет­ті. Даусыма ерекше өрнек сый­­лады деп ойлаймын. Күні бүгінге дейін орманға ерекше құмартатыным сондықтан болса керек. Сахнаға шыққан кезде де орманның осы бір тылсым үні, табиғаттың дау­сы ылғи да құлағыма келіп тұрады. Мен үшін орман теңдессіз шабыт ұя­сы. Шын сезіне білген адамға ор­ман деген тұнып тұрған симфо­ния ғой. Кейде  «қазақтың ән мек­тебінің төркіні осы орманда жатқан жоқ па екен?» деп те ойлап қоямын. Өйткені кім-кімге де туып-өскен топырағының қасиеті дариды ғой.

Мен ойладым: Расымен де туған жер деген ерекше құді­рет қой. Қазақтың қай жері де қа­сиет­ті. Әйтсе де ұлттық класси­ка­лық дәстүрлі ән мектебін қалып­тастырған ұлы мектеп – сал Бір­жан мен сері Ақан, Үкілі Ыбы­рай, Сегіз сері, Мәдилерді ту­ды­­рып, қалыптастыруда Арқа да­­ла­сының кең тынысы мен әсем табиғатының айрықша әсері болғаны анық. Сол ұлы өнер керуенінің ізін жалғай бекзат әлем – опера өнері көгінде жар­қырай жанған Шахимардан Әбіловтің де талант құпиясын осы табиғат дарытқан ерекше тылсымнан іздеген әділетті болар деп ойлаймыз. Өйткені әнші туған Кереку өңірі – шын мәнінде сұлулықтың ұясы. Жалтыраған әдемі көлі, қарағайлы орман-тоғайы, сұлу табиғат аясы бар киелі топырақ балғын сананы өнер дейтін ерек әлемнің иіріміне қарай тарта жөнелгені рас. Көз көрімде Құлынды даласы, қол созымда Семейдің Бесқарағайы, одан әрі Қарқаралы мен Көкше топырағының аласа шоқылы тауы мен қарағайлы орманы сәби көңілін ерекше әсерлендіріп, адам қиялы ғана жететін зау биік­терге қарай ұмтылдыра беретін. Сол іңкәрліктің әсері болса керек, бо­лашақ әнші алдына тек ас­қақ арман қойып, соған жетуге тал­пынды.

Әнші айтады:  Өнер деген ошақ­тан басталды ғой. Әкем де, ше­шем де өнер қонған адамдар болды. Әсіресе Тілеуқабыл деген үлкен ағамның өнерге деген талабы да, талғамы да зор еді. Домбыра мен баян тартып, ән ай­татын-ды. Даусы ерекше бол­ды. Жан-жақты кісілер еді. Анам әнді де, жырды да, арифметиканы да жақсы білетін. Ал әкем мі­незді кісі болды. Коммунист бо­ла тұра, сол заманда бес уақыт на­мазын қаза қылмаған адам. Ұлы Отан соғысына қатысып, қиын­дықты көп көрді. Бірақ сонда да өнерге деген шексіз махаббатын сөндірмей өтті. Сол талант әкенің қаны, анамның сүті ар­қылы менің де бойыма дарыса керек, әсіресе ән салуға айрықша құштар болдым. Бала күнімізде үйге қонақ көп келетін. Сондай сәтте домбырамызды сайлап, жыр-дастандарды жаттап алып, кештің түсуін асыға күтер едік. Ол кезде дастарқанда бас қосқан ауыл ақсақалдары мен меймандары астан соң  қазақтың эпостық жырлары мен дастандарын оқып, ән мен жырдан шашу шашып,  барлығымыз бір жасап қалушы едік. Абайдың әндерін айтуды да осындай думанды ортада үйрендік. Әсіресе ауылдың жас­тары үшін бұл ғаламат мереке болатын. Елдің үлкендері өздері оқып болған соң, дастандардан үзінді оқу кезегін балаларға беретін. Біз де мәре-сәре болып жамырай жыр оқып, ертегі айтып, ән салып бір жасап қалушы едік. Қазір ойлап қарасам, ертегі мен жырды жаттап өскеніміз өте дұрыс болыпты. Өйткені ертегі қиялдауға үйретеді. Армандай білген адам ғана алыс­қа көз тігеді. Мен де ауылдың қа­ра­сирақ балаларымен бірге ер­тегі мен жыр-дастандардың уызына қана жүріп, Алматыға жетуді, әнші болуды армандадым. Арманым алдамады. 1967 жылы эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Ұлықпан Есенов, Қапаш Құлышевалармен тай-құлындай тебісіп бірге оқыдық.

Мен ойладым: Алматыға жет­кізген арман болашақ үлкен әншіні эстрада емес, классикалық өнердің кеңістігіне қарай тарта жө­нелді. Оған әсіресе өзі оқып жүрген студиядағы ұстазы Науат Темірбекованың ақыл-кеңесі мен жол нұсқауы да үлкен сенім сыйлады. Алайда дәл осы мезетте әскерге кеткен болашақ өнер иесі араға біршама уақыт салып барып консерваторияға құжат тапсырып, оқуға қабылданады. Мұнда Бекен Жылысбаев, Ермек Серкебаев бастаған музыка өнерінің майталмандары талантты әншіні құрақ ұша қарсы алады. Талантты тамшысынан танитын кәсіби мамандар талапкер келешегінен зор үміт күтіп, сенім артады. Дипломдық жұмысын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің әйгілі «Абай» операсындағы Абай партиясын орындап қорғаған болашақ әнші комиссия мүшесі ретінде қорғауға қатысқан опера авторы Латиф Хамидидің: «Бұл бала матур, обсуждению не подлежит» деген жоғары бағасын алады. Сөйтіп дипломын үздік бағаға тапсырған дарын өмірінде осы сәттен бастап ұлы ақынның орны да, рөлі де зор болды.

Әнші айтады: Иә, сол бір кез­ есімнен бір сәт те шыққан емес. Латиф Хамидидей ұлы ком­по­зитордың аузынан мұндай жоғары баға алу студент үшін үлкен дең­гей болатын. Әрине әуел бас­тан опера театрында жұмыс іс­теуді армандағаныммен, театрға жол сәл кідіріп жетті. Дер кезінде тың­далдым. Алайда әлдеқандай себептермен қабылданбай қал­дым. Бірақ мен оған титтей де өкін­беймін. Керісінше, болып-толып, ізденіп, тәжірибе жинап барып театрға бір-ақ келдім. Мен оқу бітірген жылы Ғазиза Жұбанова консерваторияның ректоры болатын. Дипломымды ала салысымен мені оқу орнына бірден оқытушы ретінде алып қалды. Ол кезде мұндай жағдай сирек болатын. Сөйтіп ұстаздық жолым басталып кетті. Міне, 40 жылға жуық осылайша шәкірт тәрбиелеп келемін. Консерваторияның деканы, 2007 жылдан бастап кафедра меңгерушісі болдым. Ол кезде менің кафедрамда Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Бекен Жылыс­баев бастаған өзімнің ұстаз аға-әпкелерім қызмет етті. Олар ме­нің ұстазым болды. Сол кісілер­мен бірге жұмыс істей отырып, өзім де көп нәрсе үйреніп, ұс­таздық ұлағатын бағыт-бағдар етіп, жақсы қасиеттерін бойыма сіңір­дім. Нағыз педагог адамдар еді ғой. Бүгінде сол жылдарды сағынышпен еске аламын.  Әлі есімде, тәуелсіздігімізді ал­ған жы­лы ұлағатты ұстазым Ер­мек Сер­кебаев ағам Мәскеудің қо­нақүйінің бірінде отырып ма­ған былай деді: «Шахимардан, сен қандай бақыттысың! Біздің жас­тық шағымыз, өнерімізді на­ғыз дер шағында көрсетер кезі­міз Кеңес Одағының дәуір­леген тұсымен тұспа-тұс келді де, ұлттық өнерімізді шетелдерге лайықты деңгейде насихаттап, таныта алмадық. Қазақтың классикалық ән вокалын көрсете алмадық. Міне, тәуелсіздігімізді алдық. Қазақ әнін еркін шырқар шақ туды. Сондықтан бар үміт пен сенім сендерде» деп еді. Мі­не, содан бастап мен қазақ өне­рін, соның ішінде, әсіресе  Абай Құнанбайұлының өз романстары мен ұлы ақын өлең­деріне жазылған басқа да компо­зиторлардың туындыларын ре­пер­туарыма енгізіп, шетел сахналарында осы күнге дейін орындап келемін. Сонда байқағаным, әлем тыңдармандарының, музыка мамандарының қазақтың классикалық ән мектебіне деген қызығушылығы айрықша. Толассыз шапалақ соғып, қайта-қайта орындауымды сұрайды. Ән авторлары жайлы да шетелдік тыңдармандардың тәптіштей сұрап, бас шайқасып, таңдай қағыса тарқасқан кездері көп. Әсіресе ұлы Абайдың романстарын құбылысқа балайды. Бұл – сөзсіз қазақ өнерінің құдіреті.

Мен ойладым: Ұлағатты ұс­таздар тәлімін көре жүріп, өзі де үлкен бағбанға айналған музыка майталманы бүгінде 40-тан аса шәкірт тәрбиеледі. Олардың тең жартысы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құр­метті атағына ие. Опера өнері­нің мақтанышына айналған дүл­дүл дарындардың арасында А.Ибраев, Д.Уашев, М.Тойкенов, Т.Мұсабаев, Д.Хамзина, Ж.Ғаб­дуллина, М.Шотабаев бастаған хас таланттар ұлттық өнерімізді тек ел аумағында ғана емес, әлем­нің үздік деген сахналарында мо­йындатып жүр.

Шетелдің өнерсүйер қауымы ән­шінің өзін де ерекше құрмет тұтып, қатты қадірлейді. Әлемнің небір мен деген сахналарында өнер көрсетіп, қазақ өнерінің мерейін асқақтатып жүрген әншінің шын мәнінде ұлт мәдениетіне, руханиятына сіңірген еңбегі ерен. Атап айтар болсақ, Лондонның әйгілі Барбикан орталығында Ұлы­британияның камералық оркестрімен, Париждің ең мықты Плейель залында, Мәскеудегі Ком­позиторлар одағының залында, П.Чайковский атындағы кон­серваторияның кіші залында ән шырқады. Түркияның бұрынғы премьер-министрі С.Демирелдің қамқорлығымен қойылған «Арарат туралы аңыз» операсындағы Ахмет рөлін түрік­ше орындаған тұңғыш қазақ. Кезін­де әнші өнеріне тәнті бол­ған белгілі италиялық журналист Сильвио Ипполитидің: «Егер Шахимардан Абай партия­сын, Вердидің Риголеттасын Милан­ның «Ла-Скала» театрында орындайтын болса, мен оны күнде келіп тыңдаудан жалықпас едім», деп ерекше ілтипат білдіруінің өзі музыка майталманының шеберлік қарымына таразы болатындай.

Әнші айтады: Менің шығар­ма­шылығымда «Абай» рөлінің маңызы зор. Ең алғаш консерваторияны тәмамдайтын жылы дипломдық жұмыс ретінде орын­даған бейне мен үшін бар­лық шығармашылығымның темір­қазығына айналғандай. Әйгілі партияны қанша мәрте орындасам, өзім үшін сонша мәрте жаңалық ашамын. Мен Абай бей­несіне кездейсоқ келген жоқ­пын. Ұзақ дайындықпен, ізде­ніспен келдім. Мәселен, ұлы ақын­ның сахнадағы бейнесін сәт­ті шығару үшін ең әуелі романс­тарын орындадым. Одан кейін ұлт­тық композиторларымыздың мұрасына ден қойдым. Абайға түсу үшін әлемдік классиканың озық майталмандары – Шуберт, Малер, Чайковский, Рахманиновтардың шығармаларын шырқадым. Абай маған үлкен мектеп болды. Нағыз шеберлігім шыңдалар сынақ болды десем де артық айтқандық емес. Міне, қанша жыл айтулы партияны орындап келемін, бірақ әлі күнге дейін кемеңгер бейнесінің кілтін таптым деп айта алмаймын. Қанша мәрте ойнасам да, бәрібір бірдеңе жетіспей тұрады. Абай мен үшін жұмбағы шешілмес түпсіз терең тұңғиық.  Абыз рөлі кез келген өнер адамы үшін қалпақпен қағып алатын жай дүние емес. Бұл – классика, үлкен философия. Ойнап жү­ріп ойланасың. Тазарасың. Соны­сымен де Абай бейнесі биік, қас­тер­лі.

Мәселен,  мен шетелде Абай рөлін талай мәрте сахна төрі­не алып шықтым. Сонда опера­ның отаны саналатын елдердің талғампаз көрермені аузын ашып, тапжылмай тұрып қалған сәті­не куә болдым. «Не деген дең­гей!» деп таңырқасқан халықтың қарасында тіпті шек жоқ. Көрдіңіз бе, бұл – Абай бейнесінің күрде­лілігі, тереңдігі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ерке­ғали Рахмадиев маған арнап «Абылай хан» операсын жазды. Либретто авторы – Әбіш Кекілбаев. Аталған шығармада Бұқар жыраудың партиясын орын­дадым. Осы рөл арқылы Мем­лекеттік сыйлыққа ие болдым. Композитордың Бұқар жыраудай кесек бейнені маған арнайы тапсыруының сыры – Абайда жатыр. Талай жыл Абай партиясын орындап шыңдалғандығымды ескере отырып, Еркеғали Рах­мадиев осы рөлді маған арнап жа­зып шыққан болатын. Менің бой­тұмарым – Абай. 

Мен ойладым: Әнші Шахи­мардан Әбіловті үлкен шығар­машылық иесі ғана емес, қазақ­тың ұлтжанды перзенті ретінде танытатын азаматтық ісі – музыкасын Еркеғали Рахмадиев жаз­ған Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» романсына екінші ғұмыр сыйлауы дер едік. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жанына батқан өнер иесі Қазақстан Композиторлар одағының кезекті пленумында осы туындыны ортаға шығып орын­дап, батыл мінез көрсетеді. Өйткені қылышынан қан тамған қиын кезеңде мұндай шығарманы орындау үлкен ерлік еді. Ал ән болса ұлттық қасіретті, қазақ мұ­ратын күңірентіп тұр. Сөйтіп 86-ның ызғарлы оқиғасынан кейін көңілі жабырқап жүрген көп­шіліктің ішіндегі қатпарлы буырқаныс, қалың шерді қоз­ғайды. Осы орындаудан кейін кө­зіне жас алып, күңіренбеген жан қалмады. Әу баста ән авторының өзі «Бұл қалай болар екен?» деп тіксініп, жүрегіне діріл ұялатып үлгергенімен, кейін пафосы керемет, әлемдік деңгейдегі әлеуеті күшті романсының талантты әншінің орындауында жарыққа шығып, жария болғанына ерекше риза болып, көкірегін қуаныш кернеді. Бір қызығы, бұл романс­ты Рахмадиев ертеректе жазған екен. Алайда алғашқы тыңдаудан кейін «бағы жанбай», шаң басқан тартпада қалып қойған туындыны үлкен сахнаға қайта алып шығып, екінші ғұмыр сыйлаған  Шахимардан Әбілов шеберлігіне ән авторы да, тыңдармандары да сол жолы дән риза болады. Осы оқиғадан соң шабыты ашылып, көңілі көтерілген композитор сол қуаныштың әсерімен әйгілі әннің байғазысына тағы да бірнеше романсты өмірге әкеледі. Төлеген Мұхамеджановтың әншіге Абай әндеріне жазған романстарынан жасаған тамаша тартуы да өрелі өнер иесінің репертуар қорын байы­тып, үлкен сахналарда еркін кон­церт беруіне кең жол ашып берді.

Рас, сахна аталатын киелі ке­ңіс­тікте әнін орындап, қошемет­ке бөленуді ғана қанағат тұтпай, ұлт­тың жанына жақын жүріп, музыка арқылы азаматтың позициясын біл­діре алатын азамат таланттар өнер­де өте сирек. Сол аздың алды осы Шахимардан әнші десек, тит­тей де артық айтқандығымыз емес.

Әнші айтады: Жақсы опера­лық әнші болу үшін әр адам ең әуелі  өзінің тілін білуі керек.­ Мы­са­лы, мен Жапонияның Токио, Нагасаки қалаларында кон­церт бердім. Сонда жапондар­дың өз тіліне деген құрметін, сүйіс­пен­шілігін көріп таңғалдым. Соны­сымен де жапондар мықты деп ойлаймын. Қазаққа да жапондардың осы бір тамаша қасиетінен үйре­нетін тұс көп. Музыканы қазақ­тың жаны дейтін болсақ, біз орын­даған әніміз арқылы ұлттық өнері­мізді жаңа белеске шығара ала­мыз.

Опера мен романсты айту үшін әншіге жан-жақты білім, жан дүниенің соған сай шынайы толқыныс-тебіренісі, үлкен фи­лософиялық сана қажет. Көп­теген симфонияны, сандаған опе­­­раны театрларға барып, қай­та-қайта жалықпай тыңдап, көңіл құлағына құйып, зердеге тоқу керек. Әрине мұның барлы­ғы адам бойына бірден дарып, құйыла кетпейді. Әлемдік деңгейдегі жақсы әнші болу үшін үздіксіз, ұзақ ізденіс қажет. Бұл тұста ұлы Абайдың «ақырын жү­ріп, анық бас» қағидасы бағдар болуы тиіс. Сондықтан мен де көз­­деген мақсатыма жету үшін са­па­ны, тереңдікті, бастысы ба­йып­­тылықты мұрат тұттым. Сол жолда іздендім.  

Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой айтпақшы, жалпы опера деген бар өнердің басын қосқан үлкен мереке ғой. Өнердің шыңы. Оның ішінде сөз де, ән де, би де, симфония да, романс та бар. Ал оны шығару үшін ең әуе­лі өзіңнің тамырыңды білу керек. Содан кейін ғана әлемдік клас­сикаға құлаш ұр. Тамырыңды біл­мей, әлемдік өркениетті игерем деу ұлтты үлкен ұтылыстарға алып келе­ді. Бұл өнердің қай түріне де қатыс­ты. Осыны ұмытпау керек. Опера әншісіне ең әуелі білім керек. Құр дауыспен ғана әнші алысқа бармайды.

Мен ойладым:  Біраз уақыт бұ­рын әншінің шығармашылығын зерттеп жүріп, ақын Қорғанбек Аманжолдың мына бір өлең шумақтарын оқығанымыз бар еді.  Ақын толғанысы шынымен-ақ бүгінде 70 жастың белесіне шыққан өнер иесінің бар болмысын ашып беріп тұрғандай. Әңгімемізді түйіндеп тұрып, осы өлеңді және бір мәрте еске тү­сірдік.

Шаһимардан, Шаһимардан,

Пәни жалған, шаһи арман.

Ән сәулесі нөсерлеген,

Көз жетпейтін бақилардан.

 

Күміс бұлақ, кәусар үнің,

Салқар шағын мен сағындым.

Алты Қырдан асыршы бір,

Әуселесін ән шағылдың.

 

Жаның ғажап, сән керемет,

Мағына да, мән де бөлек.

Бекзат болмыс сыбазым-ай,

Шаттандырдың әнге бөлеп.

 

Арсыдағы ән қанатың,

Ғаршыларға жалғанатын.

Алыстарға сапар шеккен,

Абыздарша толғанатын.

 

Шың басында Шаһимардан,

Ән шәулісі шалқи алған.

Жомарт жүрек, сақи жаннан

Шалқыған ән – шаһи арман!..

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»