Білім • 12 Мамыр, 2020

Бір бала тек бір мектепте тіркелуі тиіс – А.Аймағамбетов

515 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бір баланың тек бір мектепте тіркелуі не үшін маңызды? Мұның арғы жағында жемқорлыққа жол бермеу мәселесі жатыр. Өйткені мектептер жан басына қаржыландыруға біртіндеп көшіп жатыр. Осы жайтқа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы тоқталды. 

Бір бала тек бір мектепте тіркелуі тиіс – А.Аймағамбетов

Бұған дейін базаны толтыру жылына тек екі рет, күзде және көктемде жүргізілетін. Сәйкесінше, жүйедегі ақпарат жыл соңына қарай өзектілігін жоғалтатын. Нақты мәлімет алу үшін өзге ұйымдар мектептерге сауал хат жолдауға мәжбүр болатын. Енді ақпарат 24/7 режімінде толтырылып, жаңартылып отырады.

– Айта кетерлігі, базаға ақпараттың басым бөлігін бұрынғыдай қолмен енгізіп отыру қажет емес. Себебі Ұлттық білім беру деректер қоры ЖТМДҚ («Жеке тұлғалар» Мемлекеттік деректер қоры) сынды ақпараттық жүйелермен интеграцияланды. Сәйкесінше, белгілі бір адамның ЖСН мен аты-жөнін базаға жазсақ, қажет ақпарат шығады.

ҰБДҚ мен ЖТМДҚ интеграциясы есебінен біз мектептерде 800 мыңнан астам оқушыға қатысты деректердің қайталануы жағдайын жойдық. Бір бала тек бір мектепте тіркелуі тиіс. Бұл жан басына қаржыландыру жүйесіне көшкен соң ерекше маңызды болып отыр.

Көпшілікте дербес деректерді сақтау туралы сұрақ туындайды. Біз үшін ақпаратты қорғау – басымдыққа ие. Деректер қоры бөтен адамдардың араласуынан сенімді қорғалған және ақпаратқа тек рұқсаты бар шектеулі қызметкерлер санатынан басқа ешкім қол жеткізе алмайды, – деді министр.