Руханият • 15 Мамыр, 2020

«Казправда» – журналистік шеберліктің кемел мектебі

371 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Әйгілі неміс ойшылы А. Шопенгауэр «Газет – тарихтың секундтық тілі» деп айт­қан екен. Бұл ақиқатты бүгінгі таңда жарық көргеніне 100 жыл болған «Казахстанская правда» газеті секунд сайын болмаса да, тәулік сайын дәлел­деу­де.

«Казправда» – журналистік шеберліктің кемел мектебі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Әрине оқырмандардың «Казправ­да­ға» деген көзқарасы әртүрлі. Кей­біреу­лері оны тым ресми деп санайды. Басылым беттерінде жарияланған мақа­лалардан кейін «сынға ілінген» бәз­біреулер газетті тым сыншыл деп санай­ды. Тағы біреулер оны жаңалықтың ғана емес, білімнің де қайнар көзі деп біле­ді. Бірақ ешкім де «Казправда» материал­дарының әрдайым шынайы, ал журна­лис­терінің жедел және адал екендігіне қарсы дау айта алмайды.

Шын мәнінде, «Жедел, сауатты және адал» ұраны басылымның даму тарихымен қазіргі «Казправданың» бастауы болып саналатын «Известия Киргизского края» газетінің алғашқы саны жарық көр­ген 1920 жылғы 1 қаңтардан бастап ғасыр бойы жалғасып келеді.

Бейсенбі сайын тек бір баспа табақ көле­мінде ғана шығатын апталық өлкеде заңдылықты енгізу және «халықтың өмі­рі мен қызметін басқаруға арналған» акті­лерді жариялау арқылы өз міндетін нақ­ты қалыптастырды. Сонымен қатар алғаш­қы редакторлық мақалада «тек ресми ғана емес, сондай-ақ кең-байтақ қазақ өлкесінің сұраныстары мен қажет­ті­ліктерінің көрсеткіші – ұлт газетіне айналатын баспа органын біртіндеп қалып­тас­тыру» сияқты ұзақ мерзімді мақсаты да жа­рияланды.

«Известияның» алғашқы редакторы ревком мүшесі Седельников деген адам болды. Бірақ көп ұзамай оны большевик-публицист, Бірінші дүниежүзілік және аза­мат соғыстарына қатысқан Казревком мүшесі, Алашордамен келіссөздер жүр­гізумен, Ембі мұнайы және әскери құ­рылыс мәселелерімен айналысқан Вале­рий Лежава-Мюрат алмастырды.

Ол кезде, әрине газет жоғары типо­гра­фиялық сапасы және техникалық әрле­нуімен ерекшеленген жоқ еді. Аза­мат соғысы жүріп жатты, елде аштық пен күйреу басталды. Бірақ газет бет­те­рін­де саяси өткірлік те, сонымен бірге әр­түрлі белгілеуші, реттеуші, бағыт­тау­­шы декреттер де жеткілікті болды. Мы­салы, революциялық қажеттілік деп тү­сін­­дірілген мәжбүрлі тәсілдер арқылы зия­­лылар еңбекке тартылды.

Бірақ уақыт өтіп жатты. Азаматтық со­ғыс аяқталды, елде ұжымдастыру және индустрияландыру кезеңі бас­тал­ды. Ол кезең де басылымда өз ізін қал­дыр­ды.

1921 жылдың шілдесінде «Известия Киргизского края» жаңа атаумен – «Степ­ная правда» деген атпен жарық көре бастады. Газет республиканың ОКП және ОСК органына айналды. Басым­ды­лық­тар да өзгерді, олардың негізгісі жаңа экономикалық саясатты насихаттау болды. «Халық шаруашылығы» айдары пайда болды, онда өнеркәсіп пен ауыл шаруа­шылығындағы жағдай туралы мате­риалдар бүкіл ел, сонымен қатар губер­ниялар бойынша да жарияланып тұрды. КСРО құрылғанын жариялаған Кеңес­тердің бірінші съезінің шешімдері кеңі­нен талқыланды.

Рас, қарапайым адамдарға қабыл­да­натын шешімдердің ерекше­лік­те­рін дұрыс түсіндіре алатын журналистер жетіспеді. Басылымды дамытуға қара­жат та мардымсыз болды. Дәл осы­ған байланысты, 1923 жылы дәл сон­дай дағдарыста болған «Орынбор жұ­мыс­шысы» мен «Степная правданы» бірік­ті­ру туралы шешім қабылданды.

Сонымен 1923 жылғы қарашада Қыр­ғыз РКП (б), Бүкілодақтық кәсіп­о­дақ­тар орталық кеңесінің Қырбюро, Орынбор губерниялық комитеті РКП (б), губерниялық атқару комитеті және губер­ниялық кеңестің органы болған «Совет­ская степь» газеті пайда болды.

Газет аптасына алты рет шыға бас­тады. Стилі де өзгерді. Құрғақ есептер мен нұсқаулардың орнына публицистика келді. Онда әртүрлі кемшіліктерді, соның ішінде құлықсыздықты, бюрократияны және жатыпішерлікті сынаған очер­ктер, мақалалар, хат-хабарлар, тіпті фельетондар да жариялана бас­тад­ы. Айта кетер болсақ, бұл кезеңде Михаил Зощенко, Кукрыниксы, Сергеев-Ценс­кий, Ольга Форш, Константин Симонов, Алексей Толстой, Сергей Михалков, Кон­стантин Паустовский газетпен тығыз ынты­мақтастық орнатты.

Бірақ газеттің өзінің білікті журна­лис­­тері әлі де болса жетіспеді. Тарих­шы­лар­дың айтуы бойынша, сол кезде республикада журналистика саласында жұ­мыс істейтін 100 адамның тек алтауы ғана жоғары білімді болған.

1929 жылдың тамыз айынан бастап газет БКП(б) Қазақ өлкелік комитеті, Қазақ Орталық Комитеті, Алматы округ­тік партия комитеті және округтік атқару комитетінің органына айналды. Егер бұған дейін ол Орынборда басылып шықса, енді редакцияның орналасқан жері республиканың жаңа астанасы – Алматы қаласы болды.

Уақыт өткен сайын газет те мол ақпарат бере бас­тады. Орталық және жергілікті билік органдарының жұмысы туралы ха­бар­ламалардан басқа, КСРО-ның басқа рес­­публикаларындағы және шетел­дер­­де­гі өмір туралы жарияланымдар пай­да болды. Тақырып та әртүрлі болды, оған мына айдарлар дәлел: «Ауыл шар­уашылығы», «Азық-түлік майданы», «Жұмысшы өмірі», «РКП өмірі», «Кәсіподақ өмірі», «Селолар мен ауылдар» және басқалары.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қоршаудағы Ленинградтың сим­волына айналған Ольга Бергольц; Жамбылдың танымал аудармашысы, соғыс жылдарында – «За Родину» Панфилов дивизиялық газетінің ре­дак­­торы және «Правданың» арнаулы тілшісі болған Павел Кузнецов; кейін­нен кеңестік танымал публицистерге айналған Павел Рогозинский мен Сергей Кру­шинский сияқты талантты журналистер «Советская степь» газетінде өз ізде­рін қалдырды.

1932 жылы 20 қаңтарда «Советская степь» газетінің соңғы – 2185-нөміріне қол қойылды. Қазақ өлкелік комитеті ІІІ Пленумының шешімімен газет енді «Казахстанская правда» деп аталды.

Осындай атаумен 21 қаңтарда жаңа газеттің алғашқы саны жарық көрді. Со­нымен бірге басылымға Алматыдан басқа барлық облыстарға тұрақты штат­тық тілшілерді жіберуге рұқсат етілді.

Басылымның негізгі тақырыптары ұжымдастыру және индустрияландыру болып қала берді. Сонымен бірге білім және мәдениет мәселелері белсенді түрде қамтыла бастады. Атап айтқанда, сауатсыздықты жою қозғалысына ерекше назар аударылды.

Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында баспасөздің басты тақырыбы жауға қарсы күштерді жұмылдыру болды. Алайда соғыс уақытында және қара­жат­тың жетіспеуінен көптеген басылым жабылып қалған еді. Республикалық газет­тердің ішінде екеуі – «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» ғана қалды, оларда Комсомол өмірі бөлімі пайда болды.

Көптеген казправдалық майданға кет­ті. Өкінішке қарай, олардың кей­бі­реуі соғыстан қайтып оралмады. Редак­ция­дағы мемориалдық тақта көптеген жыл бойы қаза болғандарды еске алуды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Бұлар Евгений Бард, Анатолий Власенко, Борис Линов, Борис Мегорский, Иван Остапец, Арсентий Петрашко, Иван Юферев, Василий Якушкин.

Соғыстың алғашқы күндерінен бас­тап газет қазақстандық журналист және жазушы майдангерлермен тығыз байланыс орнатты. Оның бет­те­рін­де Бауыржан Момышұлы, Дмитрий Снегин, Мәлік Ғабдуллин, Сырбай Мәу­ленов, Жұмағали Саин және басқа да көптеген қазақстандық майдангер-қа­ламгерлердің шығармалары жария­лан­ды.

Қысқалық, нақтылық, патриоттық сезім сол кездегі газет стилінің маңызды ерек­шелігіне айналды. «Казахстанская правда» беттерінен қазақ әдебиеті мен ғылымының алдыңғы қатарлы қайрат­кер­лері: Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаевтардың асқақ пікірлері жа­рия­ланып тұрды...

Елдің бейбіт өмірге көшуіне байланысты басылымның міндеттері бір­т­інд­еп өзгере бастады. Бірінші кезекте өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы жағдай туралы жарияланымдар болды. Газеттің таралымы едәуір ұлғайды. Оқыр­­мандармен кері байланыс жақ­сар­ды. Айтпақшы, дәл осы кезде редак­­цияда социалистік жарыстың көш­бас­шы­ларымен жарысуға немесе тың және тыңайған жерлерді игеруге баруға ниет білдір­гендердің хаттар легі мол болды.

Басылымның кадрлық құрамы ай­тар­­лықтай жақсарды. Газетке Федор Боярский, Федор Михайлов, Павел Косенко, Николай Анов, Олег Мацкевич, Федор Игнатов, Николай Шевцов, Иван Держиев, Константин Ким, Михаил Пол­то­ранин, Юрий Кукушкин сияқты және басқа да кәсібилер келді.

1958 жылғы 23 наурызда «Казах­стан­с­кая правданың» 10 мыңын­шы нөмі­рі жарық көрді. КСРО Жоғарғы Кеңе­сі Президиумының Жарлығымен газет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапат­тал­ды.

Өкінішке қарай, тоқырау жыл­да­рын­д­ағы құбылыс та «Казах­стан­ская правданы» айналып өте алмады. КОКП-ның жалпы идеологиялық монополиясы жағдайында барлық бұқаралық ақпарат құралдарына өзгеше көзқарастардың жолын кесу, қатаң бақылау орнатылды.

Дегенмен, осы жылдары да «Казах­стан­ская правда» газетінде өткір материалдар жарияланды, атап айтқанда, нақты өндіріс орындарындағы жағдай, ауылдардағы кедейшілік, бюрократия, парақорлық... тағысын тағылар.

Бірақ редакция үшін нағыз өркендеу кезеңі 1985 жылы – қайта құру жария­лан­ғаннан кейін ғана басталды. Цензура біртіндеп азайды, жариялылық жалауы желбіреді. КОКП бұрынғы күшінен айырылды, жаңа партиялар мен қозғалыстар пайда бола бастады.

1990 жылы Қазақстанның мемлекеттік еге­мен­дігі туралы декларацияның қа­был­­дануы бүкіл қазақстандық журналистика үшін басты оқиға болды. Рас, содан кейін қиындықтар, оның ішінде қаржылық қиындықтар басталды.

Бүкіл ел қиын кезеңдерді бастан өтке­­ріп жатты. Дүкендерде сөрелер бос. Тауар талонмен беріледі. Зейнетақы мен жалақы беруге қаражат жоқ. Өндірістер жаппай жабылуда.

«Казправдаға» келетін болсақ, бұл кезеңде коммерциялық басылымдар түріндегі күшті бәсекелестер пайда болды, олар онсыз да мардымсыз «жарнама жыртысына» ортақтасып, өзіне тартты.

Кешегі барлық саладағы мамандар «ұсақ-түйек сатушыларға» айналды, осы жағдайда ұжымды сақтап қалу үшін бірінші басшылардың жаңаша ой­лауын қалыптастыру қажет болды. «Каз­прав­да­ның» жолы болды деуге болады: газетті бас­қарған Вячеслав Срыбных редакция жұмысын жедел түрде нарықтық қа­лып­қа қайта құра алды.

Газет тұрақты шығуын жалғастырды. Сонымен қатар бұл шын мәнінде өткір бола түсті, жергілікті ғана емес, орталық орган­дардың қызметін де сынға алды.

1998 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1050 қаулы­сы­мен сол кезде мемлекеттік кәсіпорын болған редакция «Казахстанская правда» республикалық газеті» ашық акцио­нер­лік қоғамы болып қайта құрылды.

1999 жылы басылымның бас кеңсесі Қазақстанның жаңа астанасына көші­ріл­ді, ал Алматыда тілшілер қосыны қалды.

«Казахстанская правда» жалпы­ұлт­­тық газеті ресми және іскерлік ақ­па­­­рат­тың маңызды көзі болып қала береді. Оның беттерінде Мемлекет басшы­сы­ның Жарлықтары мен Өкімдері, Парламент пен Үкімет басшысының қау­лылары, республиканың жаңа заң­да­ры, жоғарғы билік органдарында қайта тағайындаулар туралы хабарламалар жария­ланады.

Тәуелсіздік жылдары «Казахстанская правда» үшін өзін республика тарихының шынайы шежірешісі рөлінде толық танытқан кезең болды. Бұл аспек­ті­ні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев ерекше атап өтті.

Елбасы: «Біздің еліміз тарихының даңқты және қайғылы кезеңдері бұрын­нан келе жатқан және шынайы халықтық газет «Казахстанская правда» беттерінде көрініс тапқан. Менің «Казахстанская правдамен» достығым осыдан 37 жыл бұрын, алғашқы жазбамды жариялаған кезде басталды. Бүгінгі таңда да газет жаңа демократиялық Қазақстанды құру­ға белсенді атсалысуда», – деп атап өтті.

Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары басылымды басқарған басшылар да газеттің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Олардың арасында Григорий Дильдяев, Валерий Михайлов, Анатолий Гурский, Олег Червинский, Олег Квят­ков­­ский, Александр Тараков, Жанай Омаров бар еді. Бас редактор ретін­де Тать­яна Костина газетте 14 жыл қыз­мет етті.

Әр уақыт кезеңі өз талаптарын белгі­лейді. Одан тыс қалмас үшін өзгеріс­тер­дің басталу сәтін жіберіп алмауымыз керек. Мұны «Казправда» да әр­дайым жақсы түсінген және түсінеді. Мысалы, 1999 жылы интернет енді дамып келе жатқан кезде www.kazpravda.kz веб-сайты құрылды. Егер алғашында ол тек баспа нұсқаны қайталаған болса, жақында ол толығымен дербес әрі айтарлықтай табысты бөлімшеге айналды, кірушілерге қатысты статистика осының дәлелі болып табылады.

Еліміз цифрландыруға бет алды. «Казправда» бұл мәселеде де алғаш­қы­лардың бірі болды. 2013 жылдың ақпан айынан бастап газет AxioCat ре­дакциялық-баспа жүйесін енгізді және жұмыс істей бастады, бұл газетті басып шығарудың барлық про­це­сін нақты уақыт режімінде бақы­лау­ға мүм­кіндік беретін қағазсыз құжат ай­на­­­лым­ының тиімді технологиясын білдіреді. Материалдарды басып шы­ға­ру процестері, оларды сатылар бо­йын­ша «қолмен қайта ауыстыру», мәтін­дерді қолмен қайта теру... өткен күннің еншісінде қалды. Жүйе мүлдем ашық және әр қолданушыға нөмірді дайын­дау­дың бүкіл процесін көруге, уақы­тында түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.

Газет шығарумен қатар акционерлік қоғам ұзақ уақыт бойы «Бәйтерек» рес­пуб­­ликалық қоғамдық-саяси журналын шығарды, «Нива» журналына қолдау білдіріп отырды. Өнімнің тағы бір түрін – «Казахстанская правда» кітапханасы» серия­сымен шығатын кітап өндірісі иге­ріл­ді.

Іссапармен жүрген басылымның жур­налистері оқырманды әлемнің әртүр­лі елдерінің өмірімен, мәде­ние­ті­мен, дәстүрімен үнемі таныстырып оты­рады. Айтпақшы, «Казправда» жер шарының барлық құрлығында, со­ның ішінде Антар­ктидада да болды, онда арнайы науқан аясында газет туы көте­ріл­ді.

Елімізде «Казахстанская правда» кө­ше­­лері бар. Сонымен қатар газетпен аттас шың да бар және редакция көп­те­ген жыл бойы альпинистер мен саламатты өмір салтын ұстанушылардың, соның ішінде, казправдалықтардың осы шыңды бағындыруын ұйымдастырып келеді.

«Казправда» – бұл журналистік шебер­ліктің керемет мектебі. Газетте жұмыс істегендердің көпшілігі кейіннен ірі мем­лекет қайраткерлеріне айналды, бірқатар әлемдік бұқаралық ақпарат құралының филиалдарын басқарды және өздерін дипломатия және мәдениет саласында көрсете білді.

2008 жылдың қарашасында Қазақ­стан Журналистика академиясы тарихта тұңғыш рет ұлттық журналистикаға қос­қан зор үлесі үшін «Казправда» ұжы­мын «Алтын Самұрық» жоғары жал­пы­­ұлт­тық журналистика сыйлығы­мен ма­рапаттады.

...Газеттің өмірі уақытқа бағынбайды. Керісінше ол жасара түсуде. Және бұл процесс көбіне казправдалықтар қата­рына талантты жас журналистердің ке­луі­­мен байланысты.

Газеттің шығармашылық бояуы да «жасарды». Бұл ретте «Тұтынушы», «Проб­лемалық аймақ», «Сарапшы-кеңес», «Журналистік зерттеу», «Қала өмірі», «Талдау», «Заң және тәртіп» және басқа да көптеген мақсатты баған оқыр­мандардың ыстық ілтипатына ие болды.

Экономикалық бағыттағы материал­дар­дың ақпараттық мазмұны мен оқылы­мы қазіргі қазақстандық қоғамды тол­ған­­дыратын тақырыптардың кеңінен қам­тылуына байланысты арта түсті: бұл – баға саясаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық проблемалары, қылмыс деңгейінің төмендеуі.

Пікір алуандығының өсуі де маңыз­ды: қазіргі «Казправда» белгілі бір оқиға, проблема бойынша әртүрлі көз­­қарастарды жариялауға тырысады. Әңгі­ме­ге белгілі сарапшыларды тартады.

«Жасару» басылымның сыртқы келбетіне де қатысты деуге болады. Атап айт­қанда, беттеудің жаңа элементтерін енгізу арқасында материалдарды ұсыну әдістері жақсарды, фотосуреттер мен инфографика көлемі артты. Бұл ретте карикатуралар мен бірегей коллаждар газет­тің айрықша мақтанышы болып та­былады.

Қазіргі уақытта газет еліміздің бар­лық өңіріне бөлшек саудада да, жазылым бо­йынша да таралады. Сонымен қатар оның таралымы жылдар бойы 100 мың дана­дан асып отыр.

«Казправда» хронометрі секундтарды, минуттарды, сағаттарды, күндерді есеп­­теуді жалғастыруда... Ал жүз жыл­дық мерейтой – бұл газет үшін тек ұш­қыр уақыттың бір сәті ғана. Уақыт с­ынынан ол республикамен және өз оқыр­мандарымен бірге сүрінбей өтеті­ні­не кәміл сенеміз.

 

Асыл САҒЫМБЕКОВ,

«Казахстанская правда» газетінің бас редакторы

 

Соңғы жаңалықтар