Нақтырақ айтқанда Қазақтелеком компаниялар тобына (Activ/Kcell, Tele2, Altel) жүктеме наурыздың басында 5% артты, ал сәуір айында бұл көрсеткіш 20% өсті. Әрине бұл жүктеме әлі де өсіп келеді.
- Трафиктің күрт өсуінің маңызды бір себебі – «барлығы бір мезетте желіде» феноменінің салдары. Бұрындары желідегі жүктеменің арту уақыты белгілі еді, бір мезет көтеріліп, басылатын. Ал карантинде мұндай жоқ, 24 сағат бойы трафик белсенді қолданылуда. Ол ол ма, әр абонент жүктелуі ауыр контентке ауысқан, яғни видеоконтент, фильмдер. Үйге тартылған бір желіден бір мезетте телевизор, планшет, компьютер, телефоннан әр үй мүшесі кино қараса, бірі оқу бағдарламасына қосылса, бірі онлайн жиналысына қатысса, бірі бейнеқоңыраумен сөйлессе жүктеменің артатыны белгілі. Сол секілді бүкіл ел бойынша, қолданушылар бұл күндері белсенді болды.
Қаладағы бар автокөлік бір мезетте жолға шықса, ол жол қанша сапалы, қаншама сансыз жолаққа ие болса да кептеліс пайда болады. Бұл да сол секілді, - деді Қуанышбек Есекеев.
Оның айтуынша, интернет арналарын кеңейту бағытында шұғыл шаралар жасалды. Соның бірі біз сыртқы арналардың сыйымдылығын 360 гигабитке (1200 Гбит / с-тен 1560 Гбит / с-қа дейін) кеңейтілді, және бұл жұмыс жалғаса береді.
- Төтенше жағдай жарияланғаннан бері «Қазақтелеком» сыртқы Интернет арналарының өткізу қабілеттілігін арттыру бойынша провайдерлермен жедел келіссөздер жүргізді. Қазіргі уақытта бұл арналар шамамен 25% кеңейтілді, бұл сырттан келетін интернет арналарын жүктемеуге және ұсынылатын қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді «Қазақтелеком» басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, ғаламдық желіге артылған жүктемені азайту бағытында бірқатар шаралар қабылдауда. Мысалы YouTube бейне роликтерді бұрынғыдай жоғары сапалы HD форматында емес, стандартты сапада ұсына бастады. Netflix- те Еуропа бойынша деректерді тарату жылдамдығын 4 есе азайтты. Осы секілді Facebook, Instagram, Disney+ ресурстары бейне роликтер сапасын әдейі төмендетті.