Коронавирус • 20 Мамыр, 2020

Қамсыздық карантинді қатаңдатады

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сақтық шараларының салғырттығы жалғаса берсе қатаң карантиндік режімге қайта көшуіміз мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізген еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.

Қамсыздық карантинді қатаңдатады

 

Еліміздегі коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайына тоқталған А.Есмағамбетова: «Бүгінгі күнге Қазақстанда 6969 жағдай тіркелді. Науқастанғандардың жартысы (3649 адам) жазылып шықты. Соңғы тәулікте елде 218 жаңа жағдай тіркелді. Өсу қарқыны 3,2 пайызды құрады. Оның ішінде 25-і науқастармен байланыста болғандар, 28-і скрининг барысында анықталғандар болса, 21-і ауруханаға жүгінгендер. Ал 17-сі – сырттан әкелгендер», деді.

Бас санитар соңғы аптада аурудың 15%-ға өскенін айта келіп, оның себебін тестілеудің нәтижесімен байланыстырды. Яғни елімізде 559 мың тест жасалған. Наурыз айымен салыстырғанда тестілеу саны күніне 6 мыңнан 23 мыңға дейін жеткен. «Сырқаттанушылық деңгейінің жоғарылауының екінші себебі – жабық ұжымдардағы науқастар санының артуы.  Бүгінгі күні Атырау облысындағы Теңіз кенішінде вирус жұқтырған 935 жағдай тіркелген. Шымкенттегі «PetroKazakhstan Oil Production» ЖШС қызметкерлері арасында да жаппай сырқаттану анықталды. Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» корпорациясы кеніштерінің бірінде 34 жағдай тіркелді. Үшінші себеп – өздігінен медициналық көмекке жүгінгендер санының артуы. Мұндай адамдар саны бір апта ішінде 40%-ға көбейді. Бұл көрсеткіш адамдардың вирустан қорғану шараларын сақтамайтындығын көрсетіп отыр. Тіпті адамдар маска тағу, ара қашықтықты сақтау, байланыстарды азайту сияқты қарапайым ережелерді  сақтамайды. Қонақтан қалмай, өздері де қонақ шақырып жатқандар бар. Мысалы, Қарағанды облысында аурудың 1 жағдайы 18 ошақтың пайда болуына себеп болды. Түркістан облысында да 1 пациент 8 ауру ошағын пайда қылып, 20 адамға жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында бір отбасындағы 5 бірдей адам түгел сырқаттанды. Ауызашарға барған пациент маңындағыларға инфекция таратқан», деген ол төтенше жағдайдың аяқталуы карантиндік шаралардың босаңсуын білдірмейтінін тағы да атап өтті.   

Бас санитардың айтуынша, мұндай жағдай жалғаса берсе қатаң карантиндік режімге қайта көшуіміз мүмкін. Ережені қатаң сақтау әрбір азаматтың және бизнес субъектісінің міндеті екенін жеткізген Айжан Есмағамбетова қызмет көрсету саласында коронавирус жұқтырғандар күн сайын анықталып жатқанын айтты. «Өңірлердегі жедел штабтардың жанынан құрылған мониторинг топтары бекітілген режімді бұзу фактілерін анықтап жатыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 358 нысан тексерілді. Оның 85%-ы бекітілген талаптарды сақтамаған. Атап айтқанда, 116 азық-түлік және 94 азық-түлік емес тауарлар дүкені, қоғамдық тамақтану орындары, тіс емханасы, шаштараздар мен сұлулық салондары да қауіпсіздік шараларын сақтамаған», деді .Есмағамбетова.

Брифингті қорытындылаған еліміздің бас санитары әр адам бұл жағдайға жауапкершілікпен қарап, қауіптің алдын алу үшін күнделікті айтылып жатқан ережелерді қатаң сақтау керек екенін ескертті. Әсіресе Ораза айт мерекесі кезінде басқосуларға бармай, ерекше сақ болуға шақырды.