Саясат • 22 Мамыр, 2020

Қуаныш Айтаханов: Басты мақсат – ілгерілеу

365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Республика Президенті Қ.Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі респуб­ли­калық мемлекеттік комиссия жұ­мысын қорытындылаған отырыста бірқатар маңызды мәселенің түйінін тарқатты.

Қуаныш Айтаханов: Басты мақсат – ілгерілеу

Президент өз сөзінде бүкіл əлемді алаңдатқан короновирус індеті кезінде ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін қолға алынған іс-шараларға тоқталып, пан­демияның салдарынан туындаған дағ­дарысқа қарсы жұмыстарды айтып өтті. Бүкіл еліміз осы індетке қарсы кү­ре­су үшін жұдырықтай жұмыла білді. Əсі­ресе дəрігерлер, əскери қызмет­керлер, полицейлер, волонтерлер күн-түн демей жұмыс істеп, Отанға адал қызмет етудің озық үлгісін көрсетуде.

Елімізде төтенше жағдай дер ке­зін­де жарияланып, пандемияға қар­сы іс-шаралар уақтылы және сапалы ат­қарылуына байланысты корона­вирустың жаппай таралуына жол берілмей тосқауыл қойылды. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Дегенмен пандемия ел экономикасына кері əсерін тигізіп отыр. Осыған орай мемлекет азаматтарға, шағын жəне орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуде. Президентіміздің пәрменімен дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ең бірінші, жұмыссыз қалған адамдарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасалды. Бұл көмек 4,2 млн адамды қамтыды. 1 млн-дай мұқтаж отбасы азық-түлікпен жəне қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды. Қиындыққа тап болған кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мерзімі ұзартылды. 700 мыңнан аса компания мен кəсіпкер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 трлн теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік туды.

Ауыл шаруашылығына айтар­лық­тай қолдау көрсетілуде. Əсіресе егіс науқа­нына кіріскен шаруаларға нақты же­ңіл­діктер берілуде.

Президент төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Эконо­микалық өсімді қалпына келтіру жө­ніндегі мемлекеттік комиссия болып қай­та құрылатынын халықтың өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, азамат­тардың табысын арттыру; бизнесті қолдау жəне оны дамыту, білім жəне ғылым жүйесін жетілдіру күн тəрті­бінен түспейтінін айта келе, дағ­дарыс кезіндегі жəне одан кейінгі да­мудың басымдықтарына тоқталды. Ол басымдықтар: еліміздің экономика­сының өзін-өзі қамту деңгейін арттыру; экономиканың табыс әкелетін, және адам капиталын дамытатын бастама­ларын қолға алу; азық-түлік қауіпсіз­дігін нығайту; азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту; жеке кіріс салы­ғының үдемелі өлшемін енгізу; шетел ин­вестициясын елімізге тартуға бар мүм­кіндікті жасау бағыттарына барынша басымдық беру.

Президент, әсіресе, ауыл шаруа­шы­лығына барынша қолдау көрсе­ті­летінін мəлімдеді. Көктемгі егіс нау­қанын ұйымшылдықпен өткізу және өнім өндіруді молайтып азық-түлік қауіп­сіздігін нығайту үшін ауыл шаруашы­лығына 200 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір­дің өзінде іске асырылып жатқан фор­вардтық сатып алуларға қоса «ҚазАгро»несиелерін қайта құрылымдау жолымен қаржы­лан­дыру тетіктері енгізіледі. Еліміздегі 2 млн-ға жуық жеке қосалқы шаруа­шы­лықтарда, шағын және орта шаруа қожалықтарында өндіріл­ген өнім­дерді дайындау, сатып алу, өңдеу жұ­мыс­тарының дұрыс ұйымдас­ты­рыл­мауы салдарынан мыңдаған тонна көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақыл­дары тұтынушыларға, қайта өңдеу кəсіпорындарына жетпей ысы­рап болып жатады. Президент осы мәселені шешу үшін Үкі­метке, жергі­лікті атқарушы органдармен, «Ата­мекен» ұлттық кəсіпкерлер пала­та­сымен бірлесіп, ауылдағы коопера­циялық желіні дамытып, «Егіс алқа­бынан – дүкен сөресіне дейін» атты бағ­­дарламалық жобаны іске асыруды тапсырды. Осы бағдарламаны жү­зеге асыру үшін «ҚазАгро» АҚ арқы­лы жылдық мөл­шерлемесі 6 пайыздан аспайтын жеңілдетілген шағын несие берілетін болды. Президент Қ.Тоқаевтың тоқтаған екінші мәселесі, «Жұ­мыспен қамту жол картасы» бағдар­ламасын жүзеге асыру болды. Елі­мізде бұл бағытқа 1 трлн теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Ендігі мәселе, осы қомақты қаржыны тиімді пайдаланып, оны шағын және орта бизнесті дамытуға, экономикалық табыс əкелетін және адам капиталын дамытатын жаңа жұмыс орындарын ашуға, мектеп, аурухана , басқа да нысандар салуға пайдалану.

Түркістан облысындағы төтенше жағдайдың салдарын жою мəселесіне тоқтала келе, Қ.Тоқаев бұл апаттан Мақ­таарал ауданында 5 ауылдың 1 мың­нан аса тұрғын үйін су басып қал­ғанын, қазір оның зардаптарын жою жұмыстары жүріп жатқанын, күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынатынын, зардап шеккен əрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленетінін, мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны толық өтелетінін айтып, халық басына келген бұл апатты тікелей өзі бақылап отырганын білдірді. Президенттің бұл сөзі біздің қиналған көңілімізді орнына түсіріп, мемлекет қажетті шаралардың бəрін жасалып жатқанын, бізге сабыр мен төзім қажет екенін білдірді.

 

Қуаныш Айтаханов,

экономика ғылымдарының докторы