Қоғам • 25 Мамыр, 2020

Қырыққабат дауы: Диқандарға 2 млрд теңге бөлінуі мүмкін

233 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түркістан облысында биыл 300 мың тонна қырыққабат өндіру жоспарланып, оның 250 мың тоннасын экспортқа, 50 мың тоннасын ішкі нарыққа сату көзделген болатын. Алайда «үйдегі сауданы базардағы нарық бұзар» демекші, қырыққабатты өткізу өзекті мәселеге айналғаны мәлім.

Қырыққабат дауы: Диқандарға  2 млрд теңге бөлінуі мүмкін

Орамжапырақты қазақтың көп тұтына қоймайтынын жақсы білетін шаруаның көздегені солтүстіктегі көрші орыс еліне жеткізу болатын. Ерте пісетін көкөністердің жолына коронавирус та кедергі болды. Облыс әкімі Ө.Шөкеев Үкімет алдында көкөніске қатысты мәселе көтерген соң диқандарға блок-бекеттерден өту бойынша жеңіл­діктер жасалған. Жол ашыл­ғанымен көршілердің таби­ғи дәруменге деген тәбетінің дең­гейі беймәлім еді. Жағдайдың был­тырғыдай болмайтынын бол­жаған кей диқан алқаптағы өнімін тегін беруге дайын екенін де жария етті. Қайырымдылық ұйымдары арқылы өңірлерге жөнелтіп жатқандар да табылуда. Мысалы, Жетісай ауданынан 250 тоннаға жуық қырыққабат «Дегдар» қайырымдылық қоры арқылы еліміздегі барлық балалар үйіне және тұрмысы төмен отбасыларға тегін таратылды. Мақтааралдықтарға қиын тұста көмек қолын созған азаматтарға алғыспен жауап қатуды аза­маттық парызы санаған кәсіпкер Қанат Маратұлы 600 тонна қырыққабатты гуманитарлық кө­мекті алып келген өңір­лердің жүк көліктеріне тегін тиеп беріп жіберді. Ал келе­сі бір кәсіпкер Хусейн Бабу­ров диқандардан 500 тонна орам­жапырақ сатып алуға келісті. Сөйтіп, 200 тонна өнімді жүк көліктеріне тиеп, Бела­руське жөнелтті. Арнайы жүк көліктеріне тиелген қырық­қабатты бұл еліне жеткізуге 5 күн кетеді екен. Ол жақтағы қой­­­маға түскен қазақ­стан­дық өнім­­ді сау­да­герлер өзге қалаларға жөнелтеді.

Диқандар үшін бұл да үл­кен демеу. Өйткені шаруа орам­жапырақты тұтынуға дайын күйі­не жеткізумен қатар көкөніс тией­тін трактор, жұмысшыларға төле­нетін жалақыны есептегенде әр гектарға шамамен 1 млн тең­ге жұмсайды екен. Шетелге шығатын жүк көліктерінің шығы­ны тағы бар. Қырыққабатты тазалап, жүк көлігіне қалайтын жұ­мыс­шылардың күндік жала­қысы 3000-7000 теңге аралығында. Қыс­қасы, шаруалар үшін был­тыр­ғыға қарағанда түсетін кіріс аз. Дегенмен, диқандар бүгін­гі жағдайда «барға қанағат» деп отыр.

Қанағатшыл шаруалардың енді бір тобы жұмсаған шығынын өтеп алу үмітін үзген емес. Жүк кө­ліктерінің шекарадан еш кедер­­гісіз өтуіне тиісті органдар мүмкіндік жасаған соң тауар­ларын тиеп жолға шыққандар қа­та­ры артты. Алайда алыс-жақын шетелге шығуы тиіс диқандардың алдынан тағы бір кедергі шық­ты. Бұл жолы олардың тауары Шымкентте тұралап қалды. Отан­­дық жеміс-жидекті Ресей, Бела­­русь және Шығыс Еуропаға тасы­малдаушылар Шымкенттен фитосанитарлық сертификат алуы тиіс болған. Онсыз шекара аса алмайды. Сол құжат беріл­мей, 100-ге тарта жүк тасымалдау­шы көліктер қала шетінде бір­неше тәулік қаңтарылып тұрып қалды. Ақылы тұрақтарда тәу­ліктеп тұруға мәжбүр болған жүргізушілер тонналап ар­тылған қырыққабат, пияз, бол­гар бұрышы мен қызылша тез бұзылатынын айтып дабыл кө­терді.

Тауар бұзылмауы үшін жүк көлі­гінің тоңазытқышын үздіксіз қосуға тура келеді. Ал тоңазытқышыңыздың теті­гі тегін айналмайды, тәуліктеп істеуі қым­­батқа түсетіні және мәлім. «Тауар бұзыл­са, таза тақырға отырамыз» деп жанай­қайын ақпарат құралдары арқылы жеткізген жүргізушілерді де түсінуге болады. Бұл орайда сертификат беруі тиіс аумақтық инспекцияның айтар өз уәжі де бар. Инспектор аз, сертификат рәсім­дей­тін тиіс­ті база, яғни министрліктегі коми­тет­пен байланысты компьютерлік бағдар­лама бір­шама уақыт қосылмай қалған. Ауыл ша­руашылығы министрлігіне қарай­тын инс­пекция қызметкерлері сертификат беру мә­селесі шешілгенше тауар бұзыл­май­ты­нын айтып, жүргізушілерді сабырға да ша­қыр­ған. Алайда тонналаған тауардың тағ­дыры жүргізушілерді дабыл қағуға мәжбүр етті.

Шаруалардың аманатын арқалаған жүр­гізушілердің жанайқайы Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне де жеткен. Осы мәселеге қатысты ақпарат тарат­қан ми­нистр­ліктің баспасөз қызметі биыл­­ғы жылдың бірінші тоқсанында Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің мемлекеттік инспекторлары өсімдік өнім­дерінің экспорты үшін 10,0 мыңнан астам фитосанитарлық сер­тификаттар, оның ішінде ерте піс­кен қырыққабатқа 2,5 мың сертификат бергенін мәлімдеді. Фермерлердің жаппай үндеуіне байланыс­ты Шымкент және Түркістан аумақтық инспекциясы үстемелі жұмыс режіміне көшкенін де жеткізді. Қырыққабат­­ты экспорттауға қажетті құжаттар Түркі­с­тан облысы мен Шымкент қаласының барлық аумақтық инспекцияларында беріледі. Министрлік мәліметінше, мамыр айында олар 2,7 мыңнан астам өтініш қабылдаған. Осы айда мамандар 2,7 мың фитосанитарлық және 164 карантин­дік сертификаттар беріпті. Бұл дегеніңіз, өсімдіктердің карантиндік тексеруін жүргізетін әр мемлекеттік инспектор күн сайын фермерлердің 40-қа жуық өтінішін өңдегенін білдіреді. Яғни бұл сәуір айымен салыстырғанда орташа есеппен 2,5 есе көп. Қырыққабат өндірушілердің барлық сұраныстарын қанағаттандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекет­тік инспекция комитеті Шымкент қаласы­ның аумақтық инспекциясына қосымша жұмыс уақытын енгізді. Сонымен қатар өтініштердің күрт артуына және оңтүс­тік­ке фитосанитарлық сертификаттардың берілуін жеделдетуге байланысты басқа өңірлерден қызметкерлер көмекке келген. «Фитосанитарлық сертификаттарды беруден дәлелді бас тарту Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер каран­тині туралы» заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізіледі, өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Жалпы, фитосанитарлық сертификат беру процесі үш негізгі кезеңнен тұра­ды: ББАЖ порталына түскен өтінімдерді тіркеу және тексеру, оның ішінде өтінімде көрсетілген ақпарат пен деректердің толықтығы мен дұрыстығын тексеру; карантиндік фитосанитарлық жағдайды белгілеу және карантинге жатқызылған өнімдерді физикалық тексеру, сондай-ақ тексеру жүргізу үшін өсімдіктер карантині жөніндегі инспектордың карантинге жатқызылған өнімді сақтауы және қоймаға баруы; карантиндік фитосанитарлық бақылау және қадағалау туралы актіні БААЖ-да ресімдеу, фитосанитарлық сертификатты тіркеу немесе оны беруден дәлелді бас тарту», делінген министрлік мәлімдемесінде. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеумет­тік желілерде көрсетілген шағымдарға сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі Шымкент қаласындағы аумақтық инспек­цияның жұмысын тексеруді қолға алған.

Бүгінгі жағдайды білмек болып Шымкент қаласы бойынша аумақтық инс­пекция басшысы Әбдібақыт Мақұлбаев­қа хабарласқан едік. «Мамырдың 18-20 күн­дері өтінім өте көп келіп түсті. Яғни 160-190 көлік келді. Олардың құжатын рәсімдеу­де 4 инспектор жұмыс істеді. Бұрын мұн­шама өтінім түспейтін. Негізі жүргізушілер фитосанитарлық сертификатты сол өнім өскен жерден алуы тиіс еді. Көкөніс тиелген Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудан­дарында об­лыстық инспекция қарап, фитосертификат беруі керек еді. Олай болмаған. Бәрі Шымкенттен аламыз деп жолға шыққан. Осылайша 100-ден астам көлік жиналып қалды. Өтінім көбейіп, үлгермей қалдық. Онымен тұрмай 4 инспектор ғана қызмет көрсетеді. Қырсық шалғанда база дұрыс істемей іркіліс болды. Қазір жағдай тұрақты», дейді Әбдібақыт Мақұлбаев. Инспекторлардың аздығы, штатты көбейту мәселесі былтырдан бері көтеріліп те келеді екен. Алайда әлі күн­ге дейін шешімін таппаған. Жоғарыда ай­тыл­ғандай, шымкенттік инспекторларға Тараз, Қызылорда қалаларынан әріптестері уақыт­ша көмекке келген. Бүгінде 9 инс­пектор қызмет көрсетуде. Нәтижесінде, жағдай тұрақтанып, фитосанитарлық сертификат алған көліктер көп кідірмей жолға шығуда.

Айтпақшы, қырыққабат өніміне қатыс­ты Қазақстанның алғашқы Премьер-министрі, қазір омарташылар ода­ғының төрағасы болып отырған Сергей Терещенко да пікір білдірген еді. Қазақстан Баспасөз клубының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында агроөнер­кәсіптік кешенді дамыту жөнінде өткен онлайн-брифингте Сергей Терещенко «Төтенше жағдай кезін­де бұзылып кеткен 300 мың тонна қы­рық­қабатты көму үшін Үкімет 2 млрд теңге жұмсады» деген ақпарат айтқан. Әлеу­меттік желілерде пікірталас тудырған осы ақ­паратқа қатысты облыстық Ауыл шаруа­шылығы басқармасы түсініктеме берді.

Әкімдіктің ресми жауабына сенсек, әлгі 300 мың тонна қырыққабат түгел бүлініп кетпеген және Үкіметтен расымен де 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. Бірақ ауыл шаруашылығы басқармасы ол қаражат басқа мақсатқа жұмсалатынын айтып отыр. «Түркістан облысында ағымдағы жылы 8 мың гектар жерге ерте пісетін қырыққабат дақылы егіліп, 300 мың тонна өнім жиналды. Бүгінгі таңда 150 мың тонна қырыққабат сатылды», деп хабарлайды басқарма. Сол 150 мың тонна өнімнің 104 мың тоннасы ішкі нарыққа сатылса, 46 мың тонна қырыққабат Ресей, Беларусь және Қырғызстанға экспортталған. «Ал қалған 150 мың тонна қырыққабатты Үкімет тапсырмасына сәйкес республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың тұрақтандыру қорлары арқылы сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар қырыққабат еккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге екінші өнім егу үшін 0,01% несие беру мақсатында, Үкіметтік Қордан 1 600,0 млн теңге қаржы бөлу қарастырылуда», -  дейді басқарма басшысы Нұрбек Бадырақов.

 

Түркістан облысы