Сұхбат • 26 Мамыр, 2020

Кадрлық резерв өткенімді саралап, мақсатымды айқындауға мүмкіндік берді

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президенттің кадрлық резервіне қабылданған 300 жалынды жастың бірі – Ардақ Өтепов. Жақында Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған ол кадрлық резервке дейінгі жұмысы мен резервке қалай қабылданғаны туралы айтып берген еді.

Кадрлық резерв өткенімді саралап, мақсатымды айқындауға мүмкіндік берді

– Президенттік кадрлық ре­зер­­віне қатысуға не түрткі бол­ды? Іріктеу қалай өтті?

– Президенттің кадрлық резерві жастар үшін әлеуметтік лифт, өз саласында жетістікке жету мүм­кін­дігі деп білемін. Меніңше, қа­зіргі жүйеде бюрократияның ұш­қы­ны әлі де байқалады. Шешім қабылдауда тың көзқарастың жетіс­пей­тіні де көзге ұрып тұрады. Жас­тар жаңа леп, өзгеріс алып келеді деп се­немін. Бұл жастардың міндеті де. Жобаға қатысу – белсенді аза­маттық позицияның айқын көрі­нісі. Яғни қатысушылар – мем­лекет тағдырына немқұрайды қара­май­тын азаматтар.

Қашанда Отаныма қызмет етсем деп ойлайтынмын. Еліме пайда тигізсем деген мақсатым болды. Сондықтан осы жоба арқылы ізгі ниетіме жетсем әрі бағымды сынасам деген шешімге келдім.

Іріктеу форматы мен үшін тың тәжіри­бе болды. Уақыт шектеуі де қосымша жауапкершілік міндет­тей­ді екен. Есепті қай кезде де жақ­сы көре­тінмін. Бірінші кезеңнен өткен­нен кейін қызы­ғу­шылығым арта түсті. Жобаны таныстыру, сұх­бат­тар да жақсы тәжірибе болды. Жобада жеке қа­сиет­терімізбен қатар топта жұмыс істей білуіміз де сынақтан өтті. Бұл да маңызды талаптардың бірі деп білемін. Өйт­ке­ні мемлекеттік қызмет – бір­лескен жұмыс. Үміткерден көш­бас­шылық, ана­литикалық ойлау, орнықты ше­шім қабылдай білу сияқты қа­сиет­тер талап етіледі. Әр кезеңі жаңа асу болып, қызығушылығым артып, бар ынтам­ды салдым.

– Қазір еліміздің авиация саласына жауапты үлкен компания­да қызмет жасайсыз. Оған дейін қан­дай құрылымдарда еңбек ет­ті­ңіз?

– Мен 12 жыл бойы азаматтық авиация сала­сында қызмет етіп келемін. Жай маман болып есігін ашқан құрылымның басшылық қыз­ме­ті­не дейін өстім, мамандық таңдауда жолым болды деп есеп­тей­мін. Мамандыққа адалдық пен қызығушылық мені АҚШ-та білім алуға жетеледі. Сан-Диего­да­ғы университетте білімімді то­­лық­­ты­рып, тың идеялармен ел­ге оралдым. Жаңа қызметіме дейін «Казаэронавигация» компа­ния­сында ғылыми-техникалық ақпарат бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқардым. Одан кейін стра­тегиялық жоспарлау бөлімі бас­шы­сы­ның орынбасары лауазымына та­ғайындалдым.

– Бұл кадрлық резервке өт­кен­­нен кейін қан­дай ұсыныс бол­ды?

– Бірнеше ұсыныс түсті. Аймақ­тар­ға білім басқармаларына жұмыс істеуге шақырды. Мен бас тарттым, өйткені аталған салада еш тәжірибем жоқ. Өзім білетін салада қызмет етіп, білгеніммен бөліскен дұрыс деген ойдамын.

– Олай болса, қазіргі жұ­мы­сы­ңыз туралы ай­тып берсеңіз.

– Қаңтардан бастап Азаматтық авиа­ция ко­ми­те­ті төрағасының орын­басары лауазымын ат­қа­рамын. Ұжыммен бұрыннан таныспын, өйт­ке­ні алғашқы еңбек жолым осы құрылымда басталған еді. Мен әуежайлар, аэронавигация, авиа­ция­лық қа­уіпсіздік, тарифтерді рет­теу мен бақылау мәсе­ле­леріне жауап­тымын. Жалпы, менің ойымша, мемлекеттік қызметтің қызығы көп. Өйткені жеке секторларға қарағанда міндеттері де зор. Қа­зір әуе көліктерінің инфрақұрылымын дамыту, «Нұрлы жол», «100 нақты қа­дам» мемлекеттік бағдар­ла­ма­ла­рының іске асырылуын қада­ға­лаймын. Ши­ратып айтар болсам, «100 нақты қадам» Ұлт жос­па­рындағы 68-қадамның, яғни әуе тасымалын мемлекеттiк рет­теу тиiмдiлiгiн арттыру, бри­тан­дық моделді енгізудің жолдарын қарастырып жатырмын. Құры­лым­дық жұмыстарға кірісіп кеттік, авиациялық әкімшілік құрылды. Заңға өзгеріс енгізіп, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу жолға қойылған. Осы орайда Бри­тан­ияның авиа­циялық агенттігі келі­сім негізінде техникалық кө­мек көрсетуде.

Жақында Алматы қаласында үлкен хаб құры­лып, шетелдік компаниялармен келісім жасалды. Енді Алматы халықаралық әуежайында жаңа тер­минал салу жоспарлануда. Алматы әуежайын үлкен хаб ретінде қалыптастыруды ойға алып отырмыз.

Ашық аспан саясаты бойынша басқа елдің ком­панияларына Қазақстан әуе кеңістігінде ұшу мүм­кін болды. Оған қоса Өскемендегі әуежай рет­ке келтіріліп, Түркістан қаласында әуежай құры­лы­сы бас­талды. Қосымша инвестиция тартылып, Шым­кент қаласындағы әуежайға жаңа терминал салы­нып жатыр.

Инфрақұрылымды дамыту мақ­са­тында 2023 жылға дейін елімізде 13 аэродромды іске қосу жос­пар­­ланып отыр. Шалқар, Құлсары, Миялы, Ұлы­тау, Арқалық, Зайсан, Үшарал сияқты аудандар­да аэродромдар салу арқылы еліміздің авиа­ция са­ла­сын жандандыра түс­­пекпіз. Әлбетте, жос­пар көп, мақ­са­тымыз айқын. Дегенмен төрт­күл дүниені шарпыған коронавирус инфекциясы салдарынан біздің де сала тұралап тұр. Азаматтық авиа­ция­ның да зардап шеккені анық. Халықаралық әуе қатынасының көлемі 98 пайызға қысқарды, ішкі рейс­тер түгелдей тоқтатылды. Мамыр айында ішкі рейстер ашылып, жұмыстар реттеле бастады.

Төтенше жағдай кезінде әуе­жай­ларға да жеңіл­дік­тер жасалды. Мәселен, олар жарты жылға са­лық­тан босатылып, әуе компаниялары да белгілі бір салықтар төлемеуге мүмкіндік алды.

–Кадрлық резервке өткен­дермен пікір алма­сып, жаңа­лық­та­рыңызбен бөлісіп, талқылап оты­­­­ра­­сыздар ма?

– Әлбетте! Бәріміз дос болып кеттік. Өз қыз­ме­тіміз туралы айтып, бір-бірімізден кеңес сұрап тұрамыз. Кадрлық резервке өткен замандастармен жақсы қарым-қатынастамыз. Дос болып кеттік десек артық айтпаған боламын. Бұл жобаның арқа­сын­да жаңалыққа жақын, тың идеяларға толы, жар­қын болашаққа сенімі мол азаматтармен таныстым.

Жалпы, жобаға қатысу бүгін­гі тіршілігіме қайта қарауға, сара­лау­ға мүмкіндік берді. Жұмысыма баға беріп, өзімнің әлсіз не мықты тұсымды анықтай алдым. Кем­ші­лігімд­і түзеп, ойыма ой қосқандай болдым. Жаңа мақ­саттарымды ай­қындап, оған жету­дің жолын тап­қан­дай болдым.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

«Egemen Qazaqstan»