Оқиға • 27 Мамыр, 2020

«Сенімділік синдромы»: Әріптестерін ажал құштырған бұрынғы полиция қызметкері

422 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Алматы қалалық полиция департаменті жария­лаған шағын фильмде тәуелсіздік жылдарында мегаполис­те 67 полиция қызметкері жұмыс бабында қаза тапқаны баяндалған болатын. Әсерлі естеліктер тұнған фильмді газетіміздің сайтына жариялай отырып, ауыр желдің өтінде жүріп, арманынан алыстап қалғандардың тағдыры көңілімізді толқытып еді.

«Сенімділік синдромы»: Әріптестерін ажал құштырған бұрынғы полиция қызметкері

Өкінішке қарай, бірер күн бұрын бұл сан тағы да өсті. Алматы қаласы мен Алматы об­лы­сы аумағы арасын тоғысты­ра­тын бақылау-өткізу бекетін күзе­тіп тұрған қос бірдей тәр­тіп сақшысы қызмет бабында көз жұмды. Ең сорақысы, ішім­дікке сылқия то­йып алып, айдың-күннің аманында қос отба­сының ойранын шығарған күдік­ті бұрынғы полиция қызмет­кері болып шықты. Бұл біздің қо­ғамда «қарға қарғаның көзін шұ­қы­майды» деген сөз сенім­ділік синдромына айналып бара жат­қанын көрсете ме?

Мұны айтып отырғанымыз, мас күй­де көлік тізгініне отыру заң­ға да, арға да сыймайтын қы­лмыс екенін біле тұра, өзгенің өмірін ойыншыққа айналдыр­ған­дарға терең түйсік берсе дейсің. Бұл тек бір саланың мамандарына ғана қатысты айтыла салған  дүние емес. «Көсеуі ұзынның қо­лы күймейді», деп әділеттен ат­тап өту әдетке айналмағаны дұрыс-ақ.

Оқиғаға оралайық. 25 мамыр күні ұйқыдан оянған алма­ты­лықтар мен барша ел тұрғындары түрлі сайттар мен әлеуметтік желіде қатты соққы салдарынан қалбырдай бүктетіліп, сау-тамтығы қалмаған полиция көлігін көріп жаға ұстады. Оқиға орын алған күні құзырлы орын таратқан мәліметке сүйенсек, жантүршігерлік жағдай былайша өрбіген.

Дәл осы күні таңғы сағат 05:26-да Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ауылындағы Кожабеков көшесімен солтүстік бағытта «BMW» жеңіл көлігімен жүйткіген 1992 жылғы Алматы қаласының тұрғыны Жаңа Ғасыр көшесімен қиылысқан тұста орналасқан №4 блок-бекеттің бетон қоршауына аса қатты жылдам­дықпен соғылған. Көлік инерциямен кері серпіліп, жырақта тұрған патрульдік көлікті жаншып, оның ішінде болған қос бірдей полиция қызметкері Жалғас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқанов ауыр жарақат алған. Өкінішке қарай, ол екеуінің де өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Адам өліміне ұшыратқан соққының жойқын болғанын тас бетонның қақ жарылғанынан аңғаруға болады. Полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев «Жедел жәрдем» келгенге дейін оқыс оқиға орнында қайтыс болса, ең жақын маңдағы ауруханалардың біріне жеткізілген полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ес жинамаған күйі өмірден озды. Ал осы мезетте сырттағы көліктерді тек­серіп жүрген үшінші полицей ғайыптан тайып аман қалды. Деген­мен, ол да жарақат алған.

Екі бірдей отбасын қара жамыл­дырған орны толмас қайғыға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бастап көңіл айтты. Оқиға орнында жан тапсырған Жалғас Жанғазиев 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Құқық қорғау органдарында 2001 жылдан бастап қызмет еткен. Үйленген, екі қыз тәрбиелеп отырған әке. Ал жасы енді ғана жиырма алтыға толған Дастан Әбдіқанов Алматы қаласының тумасы. Аурухана бөлмесінде демі таусылған азаматтың артында жары мен бір айлық баласы қалды.

Жоғарыда айтқанымыздай, апатты жағдайға кінәлі деп танылған жеңіл көліктің иесі мас күйде болған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеуге алынған ол бұған дейін полиция қызметкері болған деген ақпарат тарады. Артынша бұл ақпаратты Алматы қалалық полиция департаменті де растады. Қаланың бас полицейі Қанат Таймерденовтің айтуынша, жеңіл автокөлік иесі бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткенімен, өз міндетіне немқұрайлық танытқаны үшін жұмыстан босатылған.

– Ол полицияда алты жыл қызмет етті, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт бірдей тәртіптік жаза алды. Бұл оның ішкі істер органдарынан кетуіне себеп болды. Бірақ одан кейін де өзі үшін дұрыс қорытынды жасай алмады. Заңды бұзып, рулге мас күйінде отырып, қылмыс жасады. Оның үстінен «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр, – деді Қанат Таймерденов.

Дегенмен, желіде желдей ескен тағы бір мәселе жұртты елең еткізді. Бір миллионнан астам оқырманы бар «За тебя Бәке» танымал тобының инстаграмдағы парақшасында қаза тапқан полиция сержанты Дастан Әбдіқановтың жұбайы Динараның: «Күдіктінің полициядағы қызметінен бұған дейін шеттетілгені шындыққа жанаспайды. Ол күні кешеге дейін құқық қорғау саласында менің жолдасыммен бірге жұмыс істеп келді, бірге түнгі ауысымға кезекшілікке түсіп жүрді. Менің бұл сөзімді екеуіне тамақ жасап бергенім қуаттайды. Мен оны жақсы танимын. Оқиғаны басқаша сипатта көрсетіп, жасырып-жабудың қажеті жоқ», деген сарын­дағы жазбасы жарияланған болатын. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Динарадан пікір алу мүмкін болмады. Қара жамылып отырғанда қазбалап сұрау тағы қиын нәрсе екені айтпаса да түсінікті. Тергеу барысында оқиғаның себеп-салдары әлі де анықталып, әділ таразылана жатар.

Айдай әлемге ауыз салған коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде Алма­тыдағы блок-бекетте полиция өкі­лін көлікпен қағу жағдайы бұған дейін де тіркелген еді. Құзырлы орын­ның баспасөз қызметі 30 сәуір күні ша­һардың Медеу ауданында ор­на­лас­қан қақпалардың бірінде жеңіл көлік тізгін­деген егде жастағы азамат поли­ция қызметкерін қағып кеткені туралы мәлімдеген болатын. Абы­рой болғанда, полицей ауыр жарақат ал­ған жоқ. Есте болса, дәл осындай оқиға 13 мамырда Шымкент қала­сы­на кіре­бе­рістегі блок-бекетте де тіркелген.

26 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған марқұмдар Жалғас Жанғазиев пен Дастан  Әбдіқановтың аяулы бейнесін мәңгі есте сақтау мақ­сатында «Айбын» орденімен марапат­тады. Олардың отбасы мен жақын­дарын жан-жақты қолдау шаралары да қолға алынып жатыр. Біз де өз кезегінде қыршын кеткен азаматтардың жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

Уақыт өтер, бәрі ұмытылар, бірақ дүние есігін аша салып әкеден айырылған жетімдердің көз жасын кім құрғатады?! Осы сұрақ сөз басында біз тілге тиек еткен еркінсу мен еліру, өзгенің өміріне жауапсыздық танытудың түбі жақсылыққа жеткіз­бейтінін тағы бір дәлелдеп тұрғандай.

 

АЛМАТЫ