Тарих • 31 Мамыр, 2020

Архив деректеріндегі ашаршылық жылдары

1336 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

1932 жылғы ашаршылық қазақ халқының тарихындағы ең бір асқан зұлмат, адам жаны түр­ші­гер­лік қасірет болғаны ақи­қатқа айналды. Бұл зұлмат жыл­дарды зерттеуші Дж. Бек­кер «Қазақтардың бірнеше ұрпақтарының есінде жазылмайтын жара болып ұжымдастыру және оның салдарынан болған 1931-1932 жылдардағы ашар­шылық туралы естелік қалды», деп жазды. Кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30 жылдары қалыптасқан әкім­шілдік-әміршілдік жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды.

Архив деректеріндегі ашаршылық жылдары

Бұл әсіресе жер мәселесінде, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру негізінде қайта құру саясатында­ айқын көрінді. Ашаршылық туралы есеп­тер мен статистикалық деректер, қу­ғын-сүргінге ұшыраған қазақ зия­лыларының еңбектері, корреспонденциялары кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұ­рынғы қауіпсіздік комитетіне түс­кен, одан кейін қайтарылмаған. Тіпті бұл органға қағаз бетіне түскен қазақ шежірелеріне дейін алдырылып, олар­­дан кім сұлтан, кімнің би, батыр болғандығы жөнінде мәліметтер жинастырылған. Ашаршылық, қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжат пен материал түрлі ве­домство­лардың қоймаларында қал­дырылды. Ал олардың көпшілігі Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті, Бас про­куратура, Ішкі істер министрлігі ар­хивтерінде сақталуда. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы тарихына қатысты құжаттарды жинақтау және дайындау барысында ауыл шаруашылығын ұйымдастыру тарихына қатысты 5 мың құжат анықталды. Соның ішін­де 310 құжат жинаққа енгізілді. «Кол­лек­тивизация сельского хозяйства Казахстана (1926-1941гг.) – Алма-Ата., 1967. – Т. I-II. – 957с.)» ат­­ты­ жи­наққа енгізілген құжаттар қа­та­­рын­да қарарлар, бұйрықтар, ше­шімдер болатын. Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы өзгерістер туралы, жер-су реформаларының жүргізілуі туралы құжаттар жинағы да баспадан шығарылды. Шығарылған құжаттық жинақтарға өкінішке қарай, 1930-1933 жылғы күштеп ұжымдастыру кезе­ңіндегі көптеген архивтік құжаттар ен­гізілмей қалды.

Елді жайлаған ашаршылық, қара­пайым азаматтардың наразылығы жө­нін­дегі мәліметтер Бірлескен мем­ле­кеттік саяси басқармасы (ОГПУ) та­рапынан БКП (б) Қазақ өлкелік бақылау комиссиясының жұмысшы-шаруа инс­пекциясына жіберіп отырған аса құпия оперативтік хабарларында көрсетілген. Сол хабарламалар мен мә­ліметтерді саралап көрелік.

Гурьев. Промстрой. Ағаш ұстасы Ани­симов: «Кооперация жарналық ақшаны жинауды ғана біледі, ал дүкендерде ештеңе жоқ. Май да, қант та, ет те, жарма да жоқ. Қалай өмір сү­­­рсең, олай өмір сүр. Ал асханада бы­­ламықпен тамақтандырады. Осы быламықты Сталинге беру керек. Мейлі айтсын, осыдан кейін қалай жұмыс жасау керектігін. Ол бізді бес­жылдықпен тойдыруды қоятын шығар. Біреуі сызады, қалғандары қолдайды. Алдағы бесжылдықтарда да біздерді өлуге мәжбүрлейді».

1933 жылдың 15 мамырында мау­сым­дық жұмысшы Тивиков қайтыс бол­ған коммунистің жаназасында «Енді коммунистер аштан өле баста­ды. Жақын арада коммунистерден құтылып, өмір жақсарады» десе, десятник Загулов «Біз ақымақпыз. Осы үшін соғыстық па? Міне, қандай бостан­дыққа қол жеткіздік. Ал қазір қайтадан біздің мойынымызға әртүрлі «алтын тісті» оңбағандар мініп алды. Ал халық болса аштықтан зардап шегуде».

Құрылыс цехының қара жұмыс­шысы Резункова жұмысшыларға ашық­тан-ашық: «Ақтар тұсында бұдан жақсы тұрып едік. Менің күйеуім қа­шып кетті. Мына өкіметті құлататын адамдар табылмай ол қайта оралмайды» деп ашына жазған.

Ал жұмысшы Семенов: «Кеңес өкі­меті қыл үстінде. Бұл өкімет халық­ты аштық пен өлімге алып келді» депті (Қазақстан Республикасы Президенті ар­хиві (одан әрі ҚР ПА), 719-қор, - тізім, 6- іс).

Алматы. Қаладағы №10 мектеп мұғалімі Рыкова К.Маркстің қайтыс болуының 50 жылдығына байланыс­ты «Маркспен жақсы, бірақ онсыз тіпті жақсы болған болар еді. Міне, Маркс теориясының бет-бейнесі. Ел­де ашаршылық. Нанның жоқ болуы комиссарлардың кінәсі, олар сауат­сыз. Жоспар есебін жасақтағанда қа­те жіберген. Комиссарлар бұрын етік­шілер болған, міне сондықтан да солар­дың кінәсінен біз ашығудамыз».

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті Исқақов: «Қа­зақстан формалды түрде колония емес, шындығында патшалық Ресей тұ­сын­дағыдай орталық Ресейдің коло­ниясы болып қалып отыр. Барлық малды тартып алып, орталыққа жі­берді. Қазақстан экономикасы БКП (б) басшылығымен деградацияға ұшы­­рауда. Қазақ ауылының жағ­дайын білетін қызметкерлер жоқ. Бай­тұрсынов, Дулатов және т.б. сияқты қазақ қызметкерлерін қуып жіберді. 1928 жылға дейін Қазақстанда рулық құрылыс болды. Таптық құрылыс болған жоқ, ол керек те емес еді. Бай­лар­мен күресудің, конфискацияның да қажеттілігі де жоқ болатын».

Студент Мұратбаев: «Өкінішті, бір­ден түрмеге отырғызады. Мен де сту­денттер арасында үгіт-насихат жұ­мыс­тарын жүргізген болар едім. Керек болса коммунистердің өздері Қазақ­стандағы жағдайдың күннен-күн­ге нашарлап бара жатқандығын жете түсі­нетін болады» деп естелік қалдыр­ған.

Еңбекшіқазақ ауданы бойынша. «Өрнекті» колхозының мүшесі Асқар Бабаев Қарамыс каналындағы жасаған жұмысынан азық-түлік ала алмай, жұмысын тастап, ауылға қайтар жолда аштан өлген. Ярославский атындағы колхоздың мүшесі Анастасия Мищенко жиналған бір топ адамға «Бізді тонау­да әрі жұмыс жасауға мәжбүрлейді. Нан бермейді, себебі барлығымызды аштан өлтіру. Сондықтан ұра қазып, азық-түлікті сонда сақтайық. Бұл біздің құ­қымыз, оған ешкім тыйым сала алмайды», деп үндеу тастаған.

Буденный атындағы колхоз мү­­ше­сі Федор Маскаленко: «Міне, осы­ған жеттік. Бір аптадан асты, аш жа­тырмын. Тамақ алатын жер жоқ. Колхоз бас­қармасы көмектен бас тартты. Та­ғы барамын. Бермесе балаларға шірі­ген картопқа сулема (медицинада қолданылатын хлорлы сынаптан жасалған улы ақ ұнтақ) қосып пісіріп беріп, өзім де балалармен бірге о дү­ниеге аттанамын» деп мына келешек­тен күдерін үзген.

13 ақпанда 30 аш адам наубайханадан дүкендерге нан алып бара жатқан көлікке шабуыл жасаған. Наурыз айы­ның ішінде азық-түлік ұрлығына байланысты 41 тергеу ісі қаралып, 329 адам жауапқа тартылған.

Калинин ауданы. Қаскелең селосы­ның тұрғыны Елизавета Горшокова: «Кеңес өкіметі кезінде азаттық орнына өлім келді. Бұрын өлім өте сирек болатын, ал қазір мал сияқты күніне бірнеше адам өліп, орға көме салады» деп көзімен көргенін қағазға түсіріпті.

Жаркент. Аудандық ауылшаруа­шылық жабдықтау мекемесінің қыз­меткері Лаврентьев нанмен қамтамасыз ету барысындағы әңгімеде: «Біздің бар­лық өміріміз бір үзім нанға байланысты болып тұр. Өкімет бұған да қарсы. Бұдан соң еріксіз шетелге қашу ойға келеді немесе бандыларға қосылу қалып тұр. Тек аштан өлмеу керек», депті.

Қызылорда. Студент Макумов «Қоғам­тану» сабағындағы «Мемлекет­тің жойылуы» тақырыбын талқылау барысында «Мемлекеттің жойылуын мына факт бойынша айтуға болады, бастапқыда 500 грамм нан берілді, сосын 300 грамм, артынан 200, одан соң 100 грамм. Осындай жағдайда біз біртіндеп өлеміз. Міне, мемлекет те осылай жойылады» деп өз пікірін біл­діріпті.

Шымкент. 1932 жылдың 11 қазан күні қалалық электрстансасының 10-15 жұмысшысы нанмен қамтамсыз етуді талап етіп, қалалық сауда орталығына келген.

Гурьев. Қала маңында 12 қазақ топта­сып жарты қап құмаршық алып келе жатқан қазақтан тартып алып, өзін қылғындырып өлтіруге жұмыс­тан­ған. Тек милицияның араласуымен ғана қылмыстың алдын алды» деп мәлімдейді.

Петропавл. Орыс педагогикалық техникумының оқытушысы Зайцева: «Бұ­рын бәрі болды. Ал қазір аш, то­ңып-шашырап отырмыз. Бұл уақытта ком­­мунистер тоқ, олар үшін бәрі бар.­ Жұмыс­шылар үшін түк жоқ, олар­ ашығуда, ал коммунистер болса үгіт­тей­ді».

Медициналық техникумының сту­денті Сухов: «Қазақстан күн сайын өте шапшаң қарқынмен деградацияға ұшы­рауда».

Орал. Кірпіш зауытының жұмыс­шысы Рамазанов: «Екі күн болды, нан жоқ. Асханаға баратын ақша жоқ. Былай жұмыс жасай алмаймын. Менің бұдан әрі күшім жоқ».

Қаладағы №2 жетіжылдық мек­тептің оқушысы Крылов: «Иттер сияқты ызаландыру үшін саудамен қамтамасыз етуді ашты, газеттер өтірік жазады. Бізге айтады басқа елдерде жұмыссыздық, ал бізде одан да көп жұмыссыздық. Самарадағы оқ-дәрі зауытындағы қысқартудан кейін 20 мың жұмысшыдан 18 мың жұмысшы қалды. Қазір жұмыстан қысқарған жұмысшылар Оралға ағылуда».

Шыңғырлау ауданы. «Сельстрой» мекемесінің көшірі Андрей Жабин: «Аштан өлгенді күткеннен гөрі өз-өзіңе қол жұмсап өлген дұрыс. Егер де бандылар пайда болса бүкіл халық солардың соңынан ерер еді».

«Қалбырқұрылыс» өрт сөндіру командасының қызметкері Силых: «Үкімет басында отырғандар ғана жақсы тамақтанады. Ал біздер, жұмыс­шылар нансыз отырмыз, одан әрі де осылай нансыз отыра береміз. Егер де осылай жалғаса берсе қолға қару мен қанжар алуға мәжбүр боламыз» (ҚР ПА, 719-қор, 4-тізім, 719-іс).

Қарағанды. Айыртау ауданы. «Волна» коммунасында шілде айында 40 адам, ал тамыз айында 25 адам аштан өлген.

Мамлют ауданы. Коваль село­сындағы 15 жеке шаруашылық астық тапсыруға қарсылық білдірудің себебін тағы да аштан қалу қаупі барлығымен түсіндірген. Белого селосындағы 25 жеке шаруашылық өкілдері де астық тапсыруға қарсы­лықтарын білдірді (ҚР ПА, 719-қор, 4-тізім, 675-іс).

Семей. Тері зауытының жұмыс­шысы Горелов «Кооперация нашар жаб­дық­тайды, қазір аштық жағдайда өмір сүрудеміз. Коммунистерді қуу керек. Олар нан мен етті шетелге жібе­руге дайындауда. Маған таныс матрос жазады, дайындалған нан, ет пен майды күнделікті 8-10 кемеге тиейміз», – дейді.

Орал. Ет сою қоймасының слесары Александр Хрущев: «Москва ет жейді, ал біздер сүйек-саяқ жейміз. Біздің қожайындар бізді дұрыс етпен де тамақтандыра алмайды».

Механикалық цехтың жұмысшы­сы Койтун: «Үкімет дұрыс істемей отыр. Жұмысшыларды нанмен қамтамасыз етуде бірнеше санатқа бөліп қойды. Біркелкі пайкаға қол жеткізуіміз керек».

Жұмысшы Медведев: «Оларда қосатын паек жоқ. Бәрібір бесжыл­дықтың соңына дейін барлығымыз аштан қатамыз».

Гурьев. Слесарь Смирнов: «Бұрын дүре пайдаланды, қазір социалистік жарысты пайдаланады. Жалпы айтқанда, бесжылдық ауыр нәрсе, біз оған шыдас бере аламыз ба екен?».

Ембі. Слесарь Зайкин: «Меніңше бесжылдық 4 жылда емес, 25 жылда да орындалмайды. Мынадай ашқұрсақ қарынмен жұмыс жүре ме?! Барлық жерде кезек, алға және ашаршылық».

Доссор. Жұмысшы Королев: «Ар­ты­мыз­да жақсы өмір болды, ал алда терең шыңырау».

Риддер (Семей). Механикалық зауыттың жұмысшылары Устинов, Корщунов: «Төбет сияқты аш болсаң, мұнда шайтан да жұмыс жасап, өмір сүрмес. Барлығы таяу уақытта аштан өледі» (ҚР ПА, 719-қор, 2-тізім, 126-іс).

Елдегі ашаршылық пен жоқ­шылық, орынсыз айыптаулар, күш­теп ұжымдастыру, тонау, ойдан шыға­рылған ауыр салықтар, малды заңсыз тәркілеу, шолақ белсенділердің асыра сілтеуі мен жүгенсіздігі – бар­лығы жинақтала келіп қарапайым адам­дардың ашу-ызасын туғызды. Кеңес өкіметінің қасаң саясатына қарсы шағын топтар кеңес органдары қызметкерлеріне шабуыл жасады. Жылқыны айдап кетті, мал мен астықты ұрлап, тауар, ақша тонады. Бұл әрекеттер билік тарапынан қатаң талап еткен мүлік жоспарын орындау, салық төлеу, жайлаған аштықтан жан сақтап қалу ниетінен туындады.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы