Руханият • 27 Мамыр, 2020

Шәмші ғұмырының беймәлім беттері

3850 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

2017 жылдың қаңтар айында қызмет бабы бойынша Оралдан Ақтөбеге ауысып келгенімде бұл өңірде есімі ел есінде жатталып қалған қайталанбас композитор Шәмші Қалдаяқовқа деген құрметінің ерекше екенін байқадым. Әсіресе ақтөбеліктердің ұлы өнер иесіне деген қошеметін сөзбен емес, тиянақты тындырылған іспен шегелеп тастағаны тәнті етпей қоймады.

Шәмші ғұмырының беймәлім беттері

Айталық Ақтөбе облыстық әкімдігі мен мәслихатының 2007 жылғы 11 шілдедегі бірлескен шешімі бойынша, Қарғалы ауданындағы Александровка ауылы Шәмші Қалдаяқовтың атына берілген. Әрі мұнда сазгерге ескерткіш мүсін қойылған. Бұдан екі жыл өткен соң 2009 жылы Ақтөбе қала­сындағы ор­талық көшелерінің бірі Шәм­ші Қалдаяқов атауын иеленген.

Қандай істің болса да дем берушісі, жана­шыры мен қам­қоршысы болмаса, оның мәр­тебелі бола қоюы екіталай. Осы орайда Шәмшінің есімін ұлық­тау және ұмытпау жөніндегі ша­пағаты мол істердің басы-қа­сында, есімі Ақтөбе айма­ғына белгілі азамат, өңірдің өр­кендеуіне сүбелі үлес қоса біл­ген аға-буынның қабырғалы өкі­лі – Бақыт Ғизатов болғанын білдік.

Ол 2006 жылы ең алдымен «Шәмші қорын» құ­рып, жоғарыда айтылғандай көр­некті композиторға көше, ауыл атауларын беру жөніндегі мәселелерге ең алғаш рет бас­тамашы, ұйытқы бола біліпті. Облыстағы атқарушы және сайланбалы органдар қор жетекшісі тарапынан білдірілген ұсыныс-тілектерге түсіністікпен қарай білгені де парасаттылықтың бір белгісі.

– Бұған дейін ешқандай мәні де, мағынасы да жоқ өзге атау иеленген көшенің сиқы қа­шың­қырап тұр екен. Сондықтан сөзімізді жерге қалдырмайды-ау деген кәсіпкер азаматтар мен Шәкеңнің есімін мақтан тұтатын өзге де жанашыр жандарға қолқа сала жүріп, Шәмші көшесінің асфальтін жаңғыртып, оның қос қапталынан суағар арық жүйесін жүргізуге күш салдық. Сонымен бірге Шәм­ші Қал­дая­қов көшесінің басына оның қысқаша ғұмыр-дерегі жазылған тақтайша ілінді, деп еске алады сол бір қарбалас күндер жөнінде ел ағасы.

«Шәмшінің арғы аталары және олардың тағдыры жөнін­де деректерді білгің келсе, ақтө­белік тарихшы-өлкетанушы Баян­ғали Құлтаев пен Шәмші рухын асқақтатуға бел шеше кірісіп жүрген азамат Арынғазы Беркінбаевқа жолығуыңа болады», деген-ді бір жолы хабар­лас­қанымда Бақыт Ғизатов ақса­қал. Іздегенге сұраған деген осы емес пе? Көп кешікпей, ол кісілермен де кездесіп, ой-пікір бөлісудің сәті түсті.

Содан көңілге түйгеніміз Ақтөбенің ежелгі тарихын, оның кешегісі мен бүгінгісін шежіредей шертетін Баянғали ағамыздың айтуынша, Шәмшінің арғы аталары қазіргі Қарғалы ауда­ны аумағындағы Жайық өзе­німен шек­тесетін тұсында ғұ­мыр кешіпті. Олар дәу­летті, өзде­рінің ақ-адал еңбектерін құ­рай білген өте еңбекқор адам­дардың бол­ғаны өлке тарихында тайға таңба бас­қандай жа­зыл­­ған. Жиырмасыншы жыл­дардың орта шенін­де бай-ку­лак­тарды тап ретінде жою жө­­ніндегі шолақ саясаттың сал­дары Шәмші Қалдаяқовтың арғы аталарына да тиіп, оларды қу­ғынға түсіру әрекеттері ойластырыла бастайды.

Соны сезген еңбекқор жандар қолда­рындағы малын сатып, бір түнде тұтас ауыл болып, қазақ топырағының оңтүстік жағына қарай бағыт алады. Мұндағы басты ой-мақсаттары Қытай шекарасына қарай өтіп кету екен деп жалғастырды бұдан әрі өз сөзін Б.Құлтаев. Әйтсе де оңтүстікте Жайықтың бойын жайлаған жағалбайлыларды байсың ба, кедейсің бе деп ешкім беттен алып, жағасына жармасып жат­пағандықтан, олар сол жақта тұ­рақтап қалып қояды. Содан соң, екі-үш жыл өткеннен кейін күн сәулелі оңтүстік өңірінде, яғни бұдан тұп-тура 90 жыл бұрын сонау 1930 жылдың 15 тамызы күні Шәмші дүниеге келеді.

«Міне, халқымыздың мақтан тұтар ұлы­ның арғы аталары тағ­дырының қысқаша тарихы осындай» деп аяқтады өз ойын Баян­ғали ағамыз. Ш.Қал­даяқовтың арғы аталары мен өз ғұмырының беймәлім беттері туралы әңгіме қозғалған кезде оның мектеп бітіргеннен кейін Қапланбек мал дәрігерлік техникумына түсіп оқығаны әрі оны ойдағыдай аяқтап шыққандығы жө­ніндегі ғұмыр-дерегінің бір үзігі оқыр­ман­дар үшін тың дерек болады деген ойдамыз.

– Техникумды бітірген соң Шәмшіге Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты «Темір» совхозына жолдама бе­рілген. Ол осы жолдамаға сәй­кес ата­мекеніне келіп, Кеңес ар­мия­сы қатарына алынған кезге дейін бір жылдан астам уақыт бойы зоотехник болып қызмет еткен. Содан соң осы жерден әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын жердің түбі Са­халинде өтеген. Кеудесі саз бен ырғаққа толы жас маман өзіне жүктелген жұмысты тиянақты атқарып, сонымен бір мезгілде шекті аспабын арқалап жүріп, шопандар ауылына атпен барып олардың көңілін көтеруді де ұмытпапты. Қазіргі уақытта қатары сиреп қалған сол дәуірде бір совхозда бірге қызметтес бол­ған ақсақалдардың айтуын­ша, Шәмші алыстау болса да, өз нағашы-жиендерін тауып, олар­мен жақсы сыйласып, аралас-құралас болып, бір жыл­дан аса абыройлы қызмет атқа­рыпты, деп тұжырымдады өз ес­те­лігін «Шәмші қорының» жетекшісі.

Тағы бір айта кетерлік мә­селе, аталған қор жанашыры бүгінде жасының ұлғайып қал­ғанына қарамастан, Шәм­ші Қалдаяқовқа Ақтөбе қала­сында ескерткіш орнату жө­ніндегі ұсыныс-ті­легін жер­гілікті атқарушы орган өкіл­деріне жеткізіпті. Әйтсе де, оның нақты қай жерге, қашан тұрғызылатыны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

– Егер бұл мәселе шешімін тапса, жа­ғымды жайт өнер иесінің, хал­қымыздың мақтан тұтар та­лантты ұлының туғанына 90 жыл толуына орай та­маша тарту бо­лар еді, дейді Бақыт Ғизатов.

Біз осы мақаланы жазу үс­тінде өңір мәдениеті мен өн­ерінің тамыршысы, мәде­ниет саласының ардагері, кәнігі өнер зерт­теушісі Еркін Құрман­бек ағамызға жолығып, компози­тордың өнердегі жолына қатыс­ты есте қаларлықтай жайттар­ды айтып беруін өтінген едік. Ол кісі аз-кем ойла­нып отыр­ды да, сонау 1956 жылы Шәм­ші Қал­даяқовтың «Менің Қазақ­станым» әні тұңғыш рет кеу­десін жарып шыққан кезде оның тағдыры тым ауыр бол­ғаны жөніндегі әңгімені хал­қымыздың аузы дуалы азаматтарынан естігенін айтып берді. Ерекеңнің бұл әнге қатысты қынжылысының түп төркіні төмендегідей болып шықты.

– КСРО-ны Никита Хрущев басқарған жылдары біртұтас қазақ жері ту-талақайға түсе жаздап, солтүстік облыстарды Ре­сейге, Маңғыстауды Түрік­менстанға, оңтүстік өңірлерді Өзбекстанға беру жөніндегі империялық астамшылдық белең ала бастады. Сөйтіп қазақ жерін бөлшектеу жөніндегі зымиян саясат ер мен жердің, туған топырақ, кең-байтақ даламыздың тұтастығына қауіп төндіре түсті. «Менің Қазақстаным» дәл осы тұста шығарылған. Тағы қын­жыларлық жайт, Шәмші өз туындысын қайда апарса да оны ешкім қабылдамапты. «Мәдениет және тұрмыс» журналына ұсынса, баспай қояды. Өйткені «кең-байтақ елім бар, оған қарашы» деу сол дәуірдің идеологиялық өлшеміне сәйкес келмейтін. Яғни осы әні арқылы Шәкең сол кездегі Мәскеу билігіне қарсылық көрсетті деп түсінуіміз керек. Өз елін шы­найы сүйетін, оған жаны ашитын адал ұлы ғана осындай өр мінез таныта алады. Соны Шәмші Қалдаяқов жасады десек, қателеспейміз. Мұндай батыл қадамды Шәмшінің өз елін қорғауға деген ұмтылысы мен отаншылдық рухының биіктігі, саяси ерік-жігерінің молдығы деп қарастыру да қажетті іс.

Сол бір жылдарда Шәкең Қазақ радио­сының әншісі Жа­мал Омаровамен рухани-шығар­машылық тұрғыда түсініс­тік пен үн­дестік тауып жүріпті. Сонымен бір күні Жа­мал апайға композитор: «бір ән шығарып едім, тыңдап көріңізші» демей ме? Сөйтіп Шәмші Жамал апайға жаңа әнін орындап береді. Сол кезде Жамал апай: «Шәмші бұл әніңді маған бұған дейін неге әкелмей жүрсің? Неден сескендің? Тұ­нып тұрған туған жердің әуені ғой мынауың. Дүние айналып кетсе де, мен мына әніңді радиодан орындаймын», деп атақты әнші Жамал Омарова жанып түседі. Солай болады да. Ән халқымыздың тамаша әншісі Жамал Омарованың орындауында Қазақ радиосында ал­ғаш шырқалғаннан кейін елге кеңінен таралып кетеді. «Міне, Шәмші Қалдаяқов өзінің елі мен жері алдындағы азаматтық парызын осылай атқарып еді. Сол кезде Шәкең жиырма алтыда, ал әннің сөзін жазған ақын Жұмекен Нәжімеденов не бә­рі жиырма бір жаста екен», деп аяқ­тады өз әңгімесін Еркін ағамыз.

Міне, биыл туғанына 90 жыл толып отырған қазақ музыка өнерінің патриархы Шәмші Қал­даяқов ғұмырының кейбір беймәлім беті мен қазір Қа­зақ мемлекетінің әнұранына айнал­ған «Менің Қазақстаным» туындысына қатысты кейбір дерек осындай.

 

АҚТӨБЕ