Парламент • 28 Мамыр, 2020

Сенат парламенттік оппозиция туралы заң жобасын қабылдады

445 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының жалпы отырысында парламенттік оппозицияны күшейтуге бағытталған заң жобасы қаралды.

Сенат парламенттік оппозиция туралы заң жобасын қабылдады

Сенат депутаттары Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын кеңінен талқылады.

Аталған қос заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде парламенттік оппозиция институтын заңнамалық тұрғыдан бекіту тапсырмасына сәйкес дайындалды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев егжей-тегжейлі айтып берді.

– Заң жобасын дайындау барысында Еуропа демократиялық Комиссиясының «Демократиялық парламенттердегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасының ұстанымдарын қолдандық. Біздің оппозицияның орнына парламенттік оппозицияға неліктен назар аударғанымыз сол баяндамада көрсетілген. Соның 23-тармағында «Парламенттік оппозицияның құқықтық шарттары кез-келген саяси жүйенің демократиялық жетілуін бағалаудың эталоны болып табылады» делінген. Қазақстанның заң кеңістігінде осы уақытқа дейін «оппозиция» денген ұғым мүлдем болмаған. Қоғамда «нағыз» оппозиция кім екендігі туралы пікірталастар әлі күнге жалғасуы сондықтан шығар. Венеция комиссиясы баяндамасының 11-тармағында «Парламенттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады» деген анықтама берілген. Алайда біз оны Қазақстанның тіршілігіне жеткілікті емес деп таптық. Сол үшін парламенттегі оппозицияны билікке шынымен шыншыл болып, балама көзқарас ұсынып, қоғамды толғандыратын мәселелерді көтеруге міндетті деген талаппен толықтыруды жөн көрдік. Сондықтан «парламент оппозициясының» анықтамасында, бұл партиялар, әдетте, билік партиясынан бөлек өзгеше саясат жүргізуге міндетті деген тезис енгізілген, – деді Азат Перуашев.

Заң жобасы бойынша оппозиция үшін бірнеше құқықтық артықшылық қарастырылған: әрбір сессия кезінде парламенттік тыңдаулар мен үкімет сағаттарын бекіту құқығы, үкіметтің заң жобасымен қатар балама заң жобасын ұсыну; парламенттің кез келген іс-шарасында, Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырыстарында сөз сөйлеуге кепілдік беріледі.