Руханият • 29 Мамыр, 2020

«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген...»

756 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының керегесі қаусап, шаңырағы ортасына түскеніне де отыз жылға жуық уақыт болды. Алайда қазақ халқының бұл империя құрған тоталитарлық жүйеден көрген қорлығы мен тартқан тауқыметі ұлт жадынан ұмытылмақ емес. Адам айтса сенгісіз алапат аштық пен сая­си қуғын-сүргіннің, тәркілеу мен күштеп ұжымдастырудың, отырық­шылдандырудың кесірінен Ұлы дала ұландарының үлесі кему­дің үстіне кеми берді. Деректер 1879-1939 жылдар аралығында ұлтымыздың саны 5 млн адамнан 2 млн 300 мың адамға дейін азайғанын айтады.

«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген...»

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бір кездері жергілікті халықтың көзін жоюға бар ынта-жігерін салған АҚШ генералы Филип Шеридан «Бизон аулаушылар тұрақты армияның отыз жылда атқармаған ісін атқарып, үндістер мәселесін шешуге қомақты үлес қосты» десе, осы елдің полковнигі Ричард Додж «Ауланған әр бизон – үндістердің өлімімен пара-пар» деп ашығын айтады. Үндістердің осынау қаралы тағдырына ұқсас тауқымет Алаш жұртын да айналып өткен жоқ. Ұжымдастыру дейтін ұлы қасірет сойса еті, сауса сүті, түбіті бастырса киіз, терісін илесе қайыс болған қазақтың төрт түлігін түгел тартып алып, қолдан аштық жасалды.

Айналдырған он жылда елдің еңсесін тіктетпеген екі бірдей аштық­ты бастан кештік. Осылайша 1919-1922 жылдардағы аштық 1,5 млн отан­да­сы­мыздың өмірін қиса, 1931-1933 жылдары тағы 2,5 млн адамның тағдырына балта шабылды. «Шаш ал десе бас алатын» шолақ белсенділердің «Асырау сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқанын қайтерсіз?!

Хош. Неміс философы Вильгельм Ницше «Тұңғиыққа үңілген сайын, тұңғиық сізге үңіле бастайды» деуші еді ғой. Қазақтың қатпар-қатпар қаралы тари­хына үңілген сайын, Ницше айтқан бір түпсіз тұңғиық өзімізге үңі­ліп тұрғандай қымтырыламыз келіп. Қы­надай қырылған жазықсыз жандардың рухы разы болсын, бүгінгі ұрпақ сол азапты жылдарды ұмытпасын деп еліміздің бірнеше қаласына ескерткіш тұрғыздық. Нұр-Сұлтанда «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монумент ескерткіші, Павлодарда «Мәңгі есімізде» ескерткіші, Алматыда қола мен граниттен құйылған «Ана» монументі бой көтерді. Өкініштісі сол, сан түрлі сауда орындарының мекенжайын жатқа білетін тұрғындар ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштерге келгенде күмілжіп қалады. Қол жа­йып, дұға жасау былай тұрсын, ондай ескерткіштердің бар-жоғынан да бейхабар.

Өткен күнге өкпе көп, өкініш те аз емес. Сондықтан болашақты болжамас бұрын, кешегі тарихқа тағзым етуді үйренсек етті. «Өлі разы болмай, тірі байымайтынын» білмейміз емес, білеміз. Сонда да болсын білмегендей өмір сүреміз...