Қоғам • 01 Маусым, 2020

Балалардың білімі мен қауіпсіздігіне басымдық беріледі (видео)

556 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін – бауыр етімізге балайтын, көңілдің гүліне, көздің нұрына теңейтін балалар күні.

Балалардың білімі мен қауіпсіздігіне басымдық беріледі (видео)

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Биыл балалар үшін де естен кетпес ерекше сыни кезең болды. Карантин шаралары дала безіп, доп қуар ойын баласын қуыс үйге қуып тықты. Балдырғандарға балабақша, оқушыларға мектеп есігі тарс жабылды. Терезе алдында телмірген титтей жандарға тіпті аулаға шығу мұң болды. Өйткені рұқсат жоқ! Індет үлкенге де, кішіге де ізет көрсетпейді. Баланың балақайы да, қалақайы да бар екенін ұқтырған осы бір сындарлы сәтте ата-аналар қауымы мұғалімдер мен тәрбиешілер еңбегінің қаншалықты маңызды екенін ұғынды. Өйткені төтенше тоқсанға баланған төртінші тоқсанда сабақты бала ғана емес, ата-ана да оқыды. Қашықтан оқыса да ешкім білім алудан қағыс қалған жоқ. Телеарна да, интернет те, бағдарламалар да осы режімге жұмылдырылды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жаңа ахуал білім жүйесін түбегейлі реформалауды талап ететін кешегі сөзінде ел мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмауы ескерілуін, 2025 жылға қарай, 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден аса спорт залын салу жоспарланып отырғанын айтты. Президенттің парасатты пайымы алдағы ел экономикасының дамуы тікелей білім мен ғылым жүйесіне тәуелді екенін де жасырмады.

Былтыр елімізде 402 мыңнан астам сәби дүниеге келді, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 12,9 пайызға көп. Қазақстандағы халық саны өсімінің 19 млн-ға жеткені белгілі. Елімізде ана мен балаға мемлекеттік қамқорлықтың артып келе жатқанын аңдауға болады.

Биыл балалардың жазғы демалысы жылдағыдан өзгеше болатыны даусыз. Лагерьлер мен демалыс орындары қауіпсіздік шараларын сақтауға байланысты балаларды қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізеді. Ең бастысы, төтенше тоқсанда төрт көзі түгел отырып компьютерге тесілген балалар мен ата-аналар жаз маусымын ойдағыдай өткізіп, алдағы оқу жылына тың күш-қуат жинап келетіні кәміл.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше