Қоғам • 01 Маусым, 2020

ХҚО қызметкері екі бірдей жігіттің өмірін құтқарып қалды

739 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Наурызбай аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Ержан Әбдіразақов бүгін екі адамның өмірін құтқарып қалды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы филиалының директоры Данияр Қырықбаев өзінің фейсбук парақшасында жазды.

ХҚО қызметкері екі бірдей жігіттің өмірін құтқарып қалды

«Ержан сағат 12-00-де басталатын екінші ауысымдағы жұмысына келе жатып,  жолдағы су құбыры құдығынан ыңырсып жатқан дауыстарды естиді. Жақын келіп қараса, ішінде шығуға дәрменсіз, есінен айырылғалы жатқан екі жігітті көреді. Сол уақытта жолдан өтіп бара жатқан басқа адамдар да жиналып қалады. Ержан Әбдіразақов ойланып жатпастан құдыққа түседі. Оған Аманжол Жансейітов деген азамат көмектеседі. Екеулеп жүріп ес-түссіз жатқан екі азаматты құдықтан шығарады. Жедел-жәрдем келіп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, әрі қарай ауруханаға алып кетеді. Жігіттер тезірек айығып, аман-есен қатарға қосылсын!

Ал, біз Ержан сияқты өз қызметкерлерімізбен мақтанамыз! Ол біздің үздік қызметкерлеріміздің бірі. Үш баланың әкесі. Бейбіт күннің батырлары деген осы!», дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.

Кейін белгілі болғандай, «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы филиалының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Жаңыл Әпетованың айтуынша, «Алматы су мемлекеттік мекемесінің жұмысшылары Сабденов пен Бегалиев көшесінің қиылысындағы кәріз құдығына түскен. Ол жерде газ құбыры болған екен. Газдан уланып, екеуі де естен танған. ХҚО қызметкері Ержан Әдбіразақов пен жолай өтіп бара жатқан тағы бір адам құдыққа түсіп, екеуін алып шыққан.

Жедел-жәрдем жеткенше, екі жұмысшының есін жиып үлгерген. Өз кезегінде «Алматы су» МКК қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Ақбота Жылысова өкілдері құдыққа құлаған екі адамның өздерінің жұмысшылары екенін растап: «Кәріз құдығынан құтқарылғандар – біздің жұмысшылар. Өтім қызметі департаментінің бақылаушылары. Жақын маңдағы дүкендердің есептеуіш құралдарының дұрыс жұмысын тексеріп жүрген. Құдыққа не үшін түскендері белгісіз. Екі қызметкер де қазір ауруханада, жағдайлары жақсы емес, орташа. Су мен кәріз құбырларының құдығы бірдей. Олар оны ауыз судың құдығы деп шатасып түскен болуы мүмкін. Ішкі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді.