03 Қазан, 2013

Сазды, назды нақыш

350 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Камералық залдың ашылу құрметіне әрі халықаралық музыка күніне орай «Барокко данышпандары» атты өнер кеші өтті.

«Биылғы халықаралық музыка күнінің біз үшін орны бөлек. Себебі, акустикасы мен әсемділігі ауыз толтырып айтарлықтай 250 орындық Камералық залдың тұсаукесерін осы мерекемен­ ұштастырып өткізудеміз. Бұл ша­раға белгілі меццо-сопрано Дариға Назарбаеваны, Қазақ­стан­ның халық әртісі Айман Мұсақожаеваны және де басқа танымал өнер саңлақтарын арнайы шақырып отырмыз. Бірі Демеушілер кеңесінің, екіншісі Директорлар кеңесінің мүшесі болып табылатын өнер шеберлерінің мерекелік кеште орындайтын шығармаларының белгілі бір кезеңнің інжу-маржандарынан іріктелуі бекер емес.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Камералық залдың ашылу құрметіне әрі халықаралық музыка күніне орай «Барокко данышпандары» атты өнер кеші өтті.

«Биылғы халықаралық музыка күнінің біз үшін орны бөлек. Себебі, акустикасы мен әсемділігі ауыз толтырып айтарлықтай 250 орындық Камералық залдың тұсаукесерін осы мерекемен­ ұштастырып өткізудеміз. Бұл ша­раға белгілі меццо-сопрано Дариға Назарбаеваны, Қазақ­стан­ның халық әртісі Айман Мұсақожаеваны және де басқа танымал өнер саңлақтарын арнайы шақырып отырмыз. Бірі Демеушілер кеңесінің, екіншісі Директорлар кеңесінің мүшесі болып табылатын өнер шеберлерінің мерекелік кеште орындайтын шығармаларының белгілі бір кезеңнің інжу-маржандарынан іріктелуі бекер емес.

Камералық залда алдын ала дайындық өткізген сахна саңлақтары өз ойларын ортаға сала келіп, мұндай керемет залды бұрын-соңды ешбір жерден кездестірмегенін айтып тамсанған болатын.

Ендеше, бізде мұның сахнасында өнер көрсету танымал музыканттардың қай-қайсысының да аңсарлы арманына айналарына сенеміз», – деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Төле­ген Мұхамеджанов.

Театрдың баспасөз орталы­ғының мағлұматы бойынша, Камералық зал режиссерлік аппарат бөлмесінен түсіру тобы басқаратын «Full HD» стандартты үш роботтанған камерамен жабдықталған. Жоба бойынша театрда «Soni» компаниясының «Full HD» стандартты үш жүзінші модельді үш студия ка­ме­расы орнатылған. Залда бей­не көрсетілім жүргізуге арнал­ған проектор, жарық құрал­дарына басқару жүргізетін жа­рық берушілер бөлмесі, сонымен қатар, дыбыс және бейне белгілері түсіп тұратын жә­не ре­жиссерлер мен дыбыс режис­серлері өңдегеннен кейін сол түскен белгілерді жазатын немесе эфирге беретін режиссерлер бөлмесі бар.Театр шатырын­да орналасқан көтермелі спутник стансасы материалдарды тікелей эфирге шығаруды қам­та­масыз етіп, еуропалық, қазақ­стандық, ресейлік спутниктерге таратуға мүмкіндік туғызады. Тех­нологиялық құрал (дыбыс және бейне құралдары) белгіні ка­мералық залдан дыбыс жазатын студияға жеткізуге мүмкіндік бе­ретін біртұтас жүйе болып табылады. Мұнда жылжымалы теледидар стансасы қосылатын дамыған кабельдік желі қарастырылған. 26 нүктеге есептелген осы желінің арқасында Қазақстанда бар кез келген ЖТС жылдам әрі ыңғайлы түрде қосыла алады, сонымен бірге театрдың теледидарлық ке­шені мен ЖТС қосылып, бір мез­гілде қатар жұмыс істеу мүм­кіндігіне ие.

Тағы бір айта кетерлігі, Ка­ме­ра­лық залдың акустикасын «B&A Contractors SA» компаниясы «Biobyte»-мен бірігіп жасаған. Залдың төбесіндегі ғажайып көріністі Италия мен француз суретшілерінің тобы бірігіп салған. Төбедегі алып картина мен оның жиегін қоршай орналасқан шағын пейзаждық суреттерді ұлттық нақыштарды пайдалана отырып, классикалық үлгіде жазу шеберлерден үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап еткені аңғарылып тұр. Зал күмбезінде Чехияда жасалған 450 келілік аспалы шам ілінулі. Сахна қарағайдан жасалып, ал көрермендер орындығының Ита­лиядан жеткізілуі залдың ерекше әсемдікке бөленуіне ықпал еткен. Бір сөзбен айтқанда, «Астана Опера» театрының Камералық залы көпфункциялы, мұны әр қа­лай мақсатқа, мәселен, музыканы орындаумен қатар түрлі мәслихат, жиындар өткізуге де пайдалануға болады деген пайым бар. Жоғары қабатында аударма жүргізу үшін «Bosh» компаниясының техникасы орналасқан арнайы төрт бөлме және жұмыс істейді.

Кеште Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева Камералық залдың ашылуына байланысты жиылған қауымды өнер мерекесімен құттықтап, барокко дәуірі мәдениетінің белгілі композиторларынан бірқатар шығармалар орындады. Тимур Урманчеев (фортепиано), Талғат Мұсабаев (баритон), Жан Тапин (тенор) «Солистер Академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі сүйемелдеуімен барокко кезеңінің классикалық жауһарларын жаңғыртты. Ерте ғасырларда мәдениет саласындағы көне дәстүрлер мен демократиялық еркін ойлау идеяларының өзара ұштасуы барокко бағыты деп саналған. Ал барокко атауы негізінен астарлы, әдептен тыс деген мағынаны білдірсе, әлеуметтік негізі — абсолютизм дәуіріндегі дворяндық мәдениет деп түсіндіріледі. Барокко халықаралық құбылыс ретінде Италияда, Испанияда, Францияда, Германияда кеңінен етек жайғаны мәлім. Осы дәуірдің күрделі қоғамдық шиеленістері барокко өнеріне өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Сол себептен де, мұндағы қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайлар өнер саласының дамып, қалыптасуына ерекше ықпал еткені белгілі. Барокко бағытында бой көтерген сәулет өнері туындыларына деген көзқарас та кезінде ерекше мәнге ие болды десек, ал бүгінде олар Еуропа мәдениетінің тарихи ескерткіштері ретінде танымал. Ал біздің айтпағымыз, барокко дәуірінде дүниеге келген музыкалық шығармалар заманауи үлгіде жаңғырып, талай ғасырлар бойына жалғасып өмір сүріп келеді. Концертте орындалған А.Кальдараның «Махаббаттағы адалдықты сатқындық жеңеді», А.Скарлаттидің «Махаббаттағы адалдық», Г.Гендельдің «Ксерокс» операларынан ариялар, И.С.Бахтың оркестрмен клавирге арналған концерті, Т.А.Виталидің скрипка мен камералық оркестрге арналған шығармалары, А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» циклінен концерті, т. б. бірталай классикалық үздік үлгілер арада қаншама ғасыр өтсе де ғажайып сыршылдығы сыңғырлап, әлі де саналарға самал леп тарата берерін аңғартты. Кеш Қазақ­станның Халық әртісі Айман Мұ­сақожаеваның классикалық туындылар толқынында тербелген әсерлі сәтімен түйінделді.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.