03 Қазан, 2013

Еңбек жолын бейнелейді

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Степногор подщипник зауытында Еңбек даңқы мұражайын салтанатты ашу рәсімі өтті. Бұл игі бастаманы елімізге танымал кәсіпорын ардагерлері көтерген болатын.

Мұражай қазіргі кезде Еуропа подщипник корпорациясының құрамына енетін акционерлік қоғамның алғашқы подщипник шығарылған 1977 жылдан бергі еңбек шежіресінен сыр шертеді.

Степногор подщипник зауытында Еңбек даңқы мұражайын салтанатты ашу рәсімі өтті. Бұл игі бастаманы елімізге танымал кәсіпорын ардагерлері көтерген болатын.Мұражай қазіргі кезде Еуропа подщипник корпорациясының құрамына енетін акционерлік қоғамның алғашқы подщипник шығарылған 1977 жылдан бергі еңбек шежіресінен сыр шертеді. Көрме залдарын аралап көр­ген қариялар миллионыншы өнім шы­ғарылған 1981 жылдың, 35 миллионыншы подщипник дайындалған 2011 жылдың қуанышты оқиғаларының куәсі болды. Әсем безендірілген қым­бат мұрағаттар, фотосуреттер арқы­лы өздерінің жалын жастығымен қау­ыш­қан ардагерлердің бір-бірін құттықтап жатуы жиналғандарды ұмытылмас әсерге бөледі.

Бүгінгі ұрпақтың ерен істері ар­да­герлерді ризалық сезіміне бөлейді. Қала тіршілігін қамтамасыз етуші жетекші кәсіпорында темір жол көліктеріне қатысты подщипниктердің 22 түрі, сондай-ақ, өзге салаларда пайдаланылатын 35 түрлі өнім шығарылады. Зауыт өнімдері Қазақстанда ғана емес, одан тысқары жерлерде де жоғары сұра­нысқа ие. Кәсіпорын қызметін басқарудың жаңа жүйелерін қолдану, өндірістік қуаттарды үнемі жаңғырту мен кадрлар құрамының біліктілігін арттыру кәсіпорынның тұрақты дамуын қамтамасыз етуде.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген қала әкімі Мұратбек Тақамбаев, «Степ­ногор подщипник зауыты» АҚ басшысы, облыстық мәслихат депутаты Анатолий Томилов мұражай ұжым мүшелерін жаңа табысты белестерге бастауда жігер қуатын арттыратынын атап өтті. Шара соңы көркемөнерпаздар концерті мен спорттық жарыстарға ұласты.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.