Кино • 02 Маусым, 2020

«Қошқар мен теке» авторы Түркістанда тарихи телехикая түсірмек

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанда «Әбу Насыр әл-Фараби» туралы тарихи телехикая түсірілуде. Ғұлама ғалымның 1150 жылдығына орай «Сақ» киностудиясы екінші Аристотель атанған ойшыл-ғалымның ғибратты ғұмырын 10 сериямен көрермен назарына ұсынбақ.

«Қошқар мен теке» авторы Түркістанда тарихи телехикая түсірмек

Түркістандықтар биыл наурыз мерекесін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанынан биыл бой көтерген этноауылда дүркіретіп тойламақ болған-ды. Елдегі төтенше жағдайға байланысты думанды шара өтпейтіп болып, есесіне мерекеге дайындалған дүниенің бәрі «Әл-Фараби» фильмінің дайын декорациясына айналды. Телехикаяның режиссері – Батырхан Дәуренбеков. «Қазақ елі», «Толағай», «Қажымұқан», «Қошқар мен теке» сынды 50 шақты анимациялық фильмнің авторы. Режиссер бүгінде ғұлама ғалымның өмір жолынан жаңа деректер жинақтап, телехикая арқылы оның ерекше қырларын ашпақ. «Негізі әл-Фараби Отырарға жақын маңда Сырдарияның бойындағы Оқсыз деген қалада туған. Оның әкесі Тархан Озлахтың баласы әскери басшы болған. Ол тарихта бар. Біз соны көрсеттік. Және де әл-Фарабидің басқа да қырларын, мысалы мерген болғанын және де Отырардың әміршісін өркениетке қалай көтергенін көрсетіп жатырмыз», дейді режиссер Батырхан Дәуренбеков.

Сондай-ақ ол бұл туындының басты кейіп­кері ғылым, білім, өнердің шырақшысы болған ортағасырлық ойшылдардың жиынтық бей­несі болғалы тұрғанын айтады. Фарабта туған, Дамаскіде өмірден өткен, Самарқан мен Бұхарада ізі қалған. Әу баста осы қалаларда жоспарлан­ған түсірілім пандемияның кесірі­нен жүзеге ас­пай қалды. Дамаскідегі көріністер 3D графика көмегімен жасалмақ. Қалғаны Отырар мен Түркістандағы тарихи нысандардың маңайында түсіріледі. Ортағасырлық картинаға керекті реквизиттер де өте сәтті таңдалған. Базардағы бұйымдар, жеміс-жидек, ұстахана, сауда керуендеріне керекті хайуанаттар да арнайы алдырылыпты. Ал Әбу Насыр әл-Фарабидің жігіттік шағын жас актер Бекзат Жүнісов бейнелеуде. Туынды көрермен қауымға қазан-қараша айларында «Қазақстан» ұлттық арнасынан ұсынылмақ.

 

Түркістан облысы