03 Қазан, 2013

Орталық органдардың әріптесі

256 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Президент Әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, еліміздің ірі ҮЕҰ-ларының өкілдері қатысты.

– Өздеріңіз білесіздер, үкіметтік емес ұйымдар деген сөз, ұғым бізге тәуелсіздік алғаннан кейін келді.

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Президент Әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, еліміздің ірі ҮЕҰ-ларының өкілдері қатысты.

– Өздеріңіз білесіздер, үкіметтік емес ұйымдар деген сөз, ұғым бізге тәуелсіздік алғаннан кейін келді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде санаулы ғана үкіметтік емес ұйымдар болып, олар көбінесе шетелдік түрлі ұйымдар тарапынан қаржыландырылып келсе, тәуелсіздік алған жылдарда мыңдаған үкіметтік емес ұйым пайда болды. Бұл ұйымдар қазіргі кезде үкіметтік орталық органдардың толыққанды әріптесіне айналды. Қызметтің барлығын бірдей орталық мемлекеттік органдар атқара беруі шарт емес. Халықтың арасында жұмыс істеу үшін, әр сала бойынша қордаланған мәселелерді шешу үшін, оларды зерттеу үшін үкіметтік емес ұйымдар кей жағдайда мемлекеттік органдардың да қызметін атқарып отырған жағдай бар, деді отырыста Мұхтар Құл-Мұхаммед. Оның айтуынша, осыдан 3 жыл бұрын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын тек қана бір министрлік – Мәдениет және ақпарат министрлігіне емес, әр саланы басқарып отырған министрліктерге беру жөнінде шешім сол себепті қабылданған екен. Соған сәйкес, бюджетке тиісті өзгерістер мен толықтырулар да енгізіліпті. Осының нәтижесінде қазір әрбір салалық министрлік өз саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеуге толықтай мүмкіндік алған.

Бұл өте дұрыс шешім болды. Себебі, сіздер өз салаларыңызда қандай қордаланған проблема бар екендігін, өз салаларыңызда қандай үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейтінін жақсы білесіздер. Олармен үйлестіре отырып жұмыс істеудің жолын орталық салалық министрліктер де өте жақсы біледі ғой деп есептеймін. Сол себептен, кейінгі 2-3 жылдың ішінде үкіметтік емес ұйымдармен біздің жұмысымыз өте жоғары деңгейде жүзеге асырылып келе жатыр, деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, сондай-ақ, бүгінгі таңдаҮкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің атқарған жұмыстары айтарлықтай деңгейде өз нәтижесін бергендігіне бірқатар себептер оң әсер еткенін алға тартты. Біріншіден, үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына мемлекеттік тапсырыс аясында үнемі қолдау көрсету кәсібилігі жағынан мықты, еліміздің барлық өңірінде белсенді жұмыс атқаратын ҮЕҰ-лар санының артуына ықпал еткен. Мәселен, қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыратын реестрде 1000-нан астам үкіметтік емес ұйым тіркеліпті. Олар біздердің то­лыққанды әріптесімізге айналып отыр. Ал осыдан 5 жыл бұрын олардың саны небәрі 400-дің айналасында ғана болған еді, деді бұл орайда министр.

Екіншіден, мемлекет пен ҮЕҰ-лардың салалық ынты­мақ­тас­тығының аясы анағұрлым кеңейіпті. Егер, осыдан 3 жыл­ бұрын ҮЕҰ-ның негізгі әріп­те­сі Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі ғана болса, қазір Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерінің, тіпті үлкен құрылымдық органдардың өздерінің үнемі байланыс орнатып отыратын үкіметтік емес ұйымдары бар екен. Бір сөзбен айтқанда, біз әлеуметтік саланың барлық бағыттарында әріптестік қарым-қатынас орнаттық, деді бұл жөнінде министр.

Үшінші бір басты себеп, шет­ел­дік донорларға деген тәуелділік деңгейінің азайғандығы. Мұның нәтижесінде бүгінде шетелден көрсетілетін қаржылық қолдауды үкіметтік емес ұйымдар өз еліміз­ден де толықтай сезіне алатындай жағдай қалыптастырылған. Яғни бұл еліміздегі ҮЕҰ-ларға өз мәселесін өзі шешуде тәуелсіз болуына, тәуелсіз қадамдарға баруына септігін тигізген көрінеді.

Төртіншіден, Үйлестіру кеңе­сінің бастамасы негізінде 2011 жылы «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін мемлекет пен ҮЕҰ-лар арасындағы өзара байланыс жүйесі де жаңаша түрде жандандырылыпты. Яғни орталық мемлекеттік органдар қаржылық көмек көрсете отырып, я болмаса, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бере отырып, ҮЕҰ-лардың жұмысына еш араласпайды. Ал мұндай тең дәрежелі әріптестік байланыс біздің сіздермен жұмыстарымызды нәтижелі ете түсетін болады, деді Мұхтар Абрарұлы. Сондай-ақ, министр отырыстың Елбасының мемлекетті жаңғырту және мемлекеттік емес сектордың аясын одан әрі кеңейту жөнінде берген тапсырмасына орай өткізіліп отырғанын жеткізді.

Отырыс барысында 3 мәселе қаралды. Олар: мемлекеттік және әлеуметтік тапсырыстарды орталық және жергілікті деңгейлерде орналастыру, VI Азаматтық форумды өткізудің барысы және «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасы.

Жиын аясында Үйлестіру кеңесінің мүшелері 2013-2015 жылдар аралығындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу жөніндегі мәселені қарастырды, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру бо­йынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».