Қазақстан • 02 Маусым, 2020

«5-10-20» бағдарламасына 210 млрд теңге бөлінеді

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пәтер кезегінде тұрған азаматтарға бастапқы тұрғын үйді сатып алуға «5-10-20» шарттары негізінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 210 млрд теңге бағытталды. Әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған 11 мың отбасы және ірі мегаполистерде жұмыс істейтін 3 мың жас жалға берілетін әлеуметтік баспанамен қамтылды. Бұл туралы салалық министрліктің есептік кездесуінде Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамкұлов айтты.

«5-10-20» бағдарламасына 210 млрд теңге бөлінеді

Ведомство басшысының айтуынша, соңғы 3 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасымен 36,8 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 330 мыңнан астам баспана салынды. Бір адамға тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 0,71 шаршы метрге жетті. Бұл ТМД елдері (Ресей - 0,54 шаршы метр, Беларусь - 0,43 шаршы метр, Өзбекстан - 0,42 шаршы метр) арасындағы ең жоғары көрсеткіш және дамыған мемлекеттердің деңгейіне жақын деген пікір білдірді.

Министр былтыр 13,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынғанын, сондай-ақ 116 мың отбасының пәтер мәселесі шешілгенін жеткізді. Шамамен 10 мыңға тақау отбасы жеңіл несие арқылы баспанаға ие болды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 5 мың шаңырақ пәтер алды. Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу (150 мың тұрғын үй) және 40 мыңға тарта отбасыны мемлекеттік қолдаумен қамту көзделген. Жыл басынан бері  көлемі 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй нысандары пайдалануға берілді, бұл шамамен 25 мың пәтер.

«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, пәтер кезегінде тұрғандардың мәселесін шешу үшін «Шаңырақ» қанатқақты жобасын іске қосамыз. Осы мақсатта 390 млрд теңге қарастырылмақ. Оның 180 млрд теңгесі әлеуметтік тұрғын үй құрылысы саясаты негізінде өңірлерде 15 мың пәтер салуға жұмсалады. Пәтер кезегінде тұрған азаматтарға «5-10-20» шарттарымен бастапқы тұрғын үй сатып алуға несие беру үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 210 млрд теңге бағытталады», - деді Б.Атамқұлов.

Спикердің сөзіне сүйенсек, бүгінде тұрғын үй және өндірістік ғимараттар, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым құрылысына қажетті материалдарға сұраныс 934 млрд теңгені құрайды. Отандық кәсіпорындармен 586 млрд теңгеге құрылыс өнімдері шығарылып, импорт көлемі 348 млрд теңгеге жетті. Импорт алмастыру үшін 33 жаңа жоба құрылады, оның ішінде 27 жоба биыл іске қосылмақ. Нәтижесінде шетелдік өнімге тәуелділікті 25%-ға төмендетіп, тұрғын үй құрылысындағы жергілікті мазмұнды 90%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Бұдан басқа, министр Президенттің тұрғын үй саясатын жүзеге асыру аясында әкімдіктердегі кезек жүйесін реформалау және «тұрғын үйге мұқтаж» ұғымының нақты талаптарын әзірлеу жұмыстары қолға алынатынын айтты. Сонымен қатар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ребрендингін іске асыру мақсатында «Отбасы» банкін құру көзделіп отыр.