03 Қазан, 2013

Құштарлық

453 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Семейлік ғалым-экономист Өмірзақ Сұлта­нов биыл жазда Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың атақо­нысы – Тоқырауын бойында біршама күн жүріп қайтты. Ұлт көсемінің табанының ізі қалған қасиетті жерді армансыз аралады. Оның себебі бар. Биыл ол баспадан «Қазақтың экономика ғылымы және Алаш қайраткерлері» атты көлемді монографиясын, Әлекең бастаған Алаш ерлерінің қазақтың ауыл шаруашылығы экономикасы, орман шаруашылығы, жер иелену мен жер пайдалану салалары бойынша жазған дүниелері туралы еңбегін басып шығарды.

Семейлік ғалым-экономист Өмірзақ Сұлта­нов биыл жазда Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың атақо­нысы – Тоқырауын бойында біршама күн жүріп қайтты. Ұлт көсемінің табанының ізі қалған қасиетті жерді армансыз аралады. Оның себебі бар. Биыл ол баспадан «Қазақтың экономика ғылымы және Алаш қайраткерлері» атты көлемді монографиясын, Әлекең бастаған Алаш ерлерінің қазақтың ауыл шаруашылығы экономикасы, орман шаруашылығы, жер иелену мен жер пайдалану салалары бойынша жазған дүниелері туралы еңбегін басып шығарды.

Әлекеңнің «Овцеводство в Степном крае» (1904), «Скотоводство. Крупный рогатый скот» (1905) деп аталатын Том қаласында басылған еңбектерін қазақшалаған ғалымдардың бірі осы Өмекең. Қайраткердің қаржы-қаражат саласына қатысты «Алым тарату жолы» , «Земский қазақ ақшасы», «Ничьи деньги» мақалаларын терең зерттеді. Мұнда ақша атауын теңге деп жазып, оның рубльге шаққандағы баламасын ажыратып бергенін, яғни, қазақтың бұрыннан төл ақшасы болғанын меңзеген Әлихан Бөкейхановтың жоғары білімді экономист болғанын дәлелдеп жазды.

Кейіпкеріміз қазақ даласындағы орманды жерді «чрезвычайно бедна» деп атаған қазақтан шыққан тұңғыш ормантанушы-ғалымы Әлекеңнің – Әлихан Бөкейхановтың көрегендігіне таңдана мысалдар келтіреді. Сосын осы заманмен мынандай параллель жүргізеді: 1995-2000 жылдарда Қытай, Өзбекстан, Қырғызстанда ағашқа деген сұраныс өсіп, өте жабайы нарық пайда болғаны белгілі. Семей орманын қалай болса солай кесудің салдарынан Қазақ жері онсыз да аз ағашының 2 млн. шаршы метрінен айырылды. Бұл бергі жағы 84 миллион АҚШ долларына пара-пар ақша еді. Ең қиянаты сол, осы жәйт алапат экологиялық ахуалдың асқынып, құмды дауылдардың жиілеп, қуаңшылық белең алып, жерасты суларының деңгейі төмендеп, топырақтың құнарсыздануына алып келді. Міне, осыны Өмірзақ Сұлтанов тілге тиек етіп, өткір жазды.

Ғалым-экономист Өмірзақ Сұлтановтың қаламы құшырлана беттеген тақырыптың бірі – спорт. Семейден қазақ жастары арасынан бірінші болып Олимпия ойындарына қатысып, күміс жүлде алған Ғұсман Қосанов, ұлтымыздан шыққан тұңғыш спорт шеберлері – ауыр атлетикадан Амангелді Рымқұлов, үстел теннисінен Әлия Серікбаева, конькиден Ораз Қаңлыбаев, еркін күрестен Қабден Байдосов, самбодан Марат Имашев, көгалдағы хоккейден Мұрат Жексенбеков туралы тақырыптарды тербеуі бір бөлек. Аса жауапты сәттерде спортшының күштілігі, әдіс-айласының ерекшелігі ғана емес, сезім сергектігі, қас-қағым сәттегі ұшқырлығы, ерік-жігері, жүректілігі сияқты қасиеттерінің таразыға түсетінін дөп басып айтуы – Өмекеңнің құштар қаламының қапысыз қайратына куә.

Кейіпкеріміз басқа саланың адамы екеніне қарамай, футбол тақырыбына да қаламын кеңінен тербеген. Өйткені, Семей – қазақ футболының отаны. Кеше ғана осы көне қалада ел футболының 100 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілді. Той белсенділерінің ішінде тағы да Өмекең жүрді. 100 беттен тұратын зерттеу кітабын жалғыз өзі жазып шықты. Бұл еңбек осы дата қарсаңында жарық көрді.

Футбол 1863 жылы Англияда пайда болды десек, араға елу жыл салып Семейге келді. Оның басты себебі: қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуында, дамыған сауда-экономикалық орталық болуында. 1912 жылы Мәскеуден Семейге Куприянов деген кісі келіп, атақты көпес Плещеевтің дүкеніне қызметкер болып орналасады. Ол өзімен бірге доп, тор, спорттық бұйымдар әкеліп, футболға әуестігін танытқан жастарды жаттықтыра бастайды. Сол кезде құрылған «Ярыш» командасының құрамында жас Мұхтар Әуезов те ойнайды. Осы маңызды фактілердің барлығын тәптіштеп зерттеп, қаздай тізіп баспасөзде жариялаған Өмекеңнің ұлы жазушымен бірге ойнаған Юнус Нигматуллиннің жиендерінің қолында сақталған «Ярыш» командасының алғашқы эмблемасының соңына түсуінің өзі бір хикая. Мөлшері 28х13 см., бас жағы түймедақ гүлі сияқ­ты дөңгеленіп келіп, арт жағынан үш лента­мен тармақталған, оның бәрі алқызыл түсті қымбат матамен жиектеліп, «Ярыш» деген арабша сөзбен кестеленген эмблеманы Юнустің туған жиені Рамисаның Алматыдағы үйіне дейін тауып, іздеп барып алғаш көрген де біз сөз етіп отырған кейіпкеріміз.

Ғалымның атақты «Қарақол метеоритінің» ізіне түскені де бір жеке уақиға. Өмекең қайбір жылы ХІХ ғасырдың орта тұсында Ақсуат өңіріне құлаған, кейін Мәскеудегі академик А.Е.Ферсман атындағы минералогиялық мұражайға алып кеткен тасты іздеп Мәскеуге барады. Бұл қала Өмірзақ Сұлтановқа бұрыннан мәлім. Осы қалада ол 80-жылдары К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының аспирантурасында оқыған. Содан бірнеше мекемеде, институттарда болып, оның тарихымен танысады. Сөйтсек, «Қарақол метеориті» Петербургтегі Императорлық ғылым академиясының қорына 1844 жылы келіп түсіпті. Мұны Өмекең былай деп баяндайды: «Міне, нағыз «Қарақол метеоритімен» жүздесудің де сәті жетті. Біраз қиналып барып, әйтеуір ғылыми қызметкер Анна Яковлевна Скрипник маған шыныланған қорап ішінде тұрған метеоритті ұстауға рұқсат берді. Осыдан 162 жыл бұрын қазақ даласына түскенде ата-бабаларымыз қорқасоқтап қараған жәдігерді ақырын қолыма алдым. Әрине, менің сол кездегі жан дүниемді, ішкі сезімімді оқырман түсінер деп ойлаймын. Өйткені, ол қазақ даласына тікелей қатысы бар дүние емес пе?! Біздің тарихымыздың сыр шертетін бір бөлшегі ғой. Мен қазақтың киіз үйі пішіндес жылтыр қара тастың шаңырақ іспеттес төбесінен сипай бердім...».

Баспалап тамыр басқан Өмекең енді осы метеоритті елге алып қайту төңірегінде әңгіме бастайды. Әрине, олар бере алмайтындықтарын айтады. Ал көшірмесін жасап алуға рұқсат береді. Ол үшін бірақ сақтандыру полисіне қомақты ақша аудару қажет екен. Оны кім береді?! Дегенмен, тауы шағылса да, талабы қайтпаған Өмекең аспан тасын елге қайтарудан әлі де үмітті.

Тағы бір әңгіме тиегін ағытайық. Жапония 1864 жылы өзінің жеке Низам заңын жоғарыда біз сөз еткен Әлихан Бөкейханов секілді Алаш қайраткерлері мұрат тұтқан Бес қағидаға негіздегені белгілі. Соның күшімен жиырма жылдың ішінде Күншығыс елі самурайлық феодализмді жеңіп шыққан, сөйтіп, алға жылжыған.

Осы Жапониямен Әлекең мұрасын зерттеуші Өмірзақ Сұлтановты байланыстырып тұрған бір жағдай бар. Қайбір жылы Токио университетінің арнайы грантын иеленуге 60 шақты үміткер бақ сынады. Сонда барлығы 3 турдан тұрған сынақтан кейін үш-ақ үміткер қалады. Ең жоғары І дәрежелі сертификатты иеленген Ақерке деген қазақ аруы Жапонияның аса беделді Хитоцубаши университетінің магистрі атанған. Бұл қарындасымыз Өмекеңнің екі ұл арасындағы жалғыз қызы болатын.

Жапониядағы бүкіл әлемге мәлім аса қорқынышты жер сілкінісінен кейін Ақерке елге қайтуға асықпапты. Ол 2011 жылғы 11 наурыз күні Токиодағы зәулім ғимараттың 18-қабатында болған. Жер бір сағаттай селкілдеп, сілкініп тұрып алады. Жанына жығылардай болып қисайған биік үйлердің есік-терезелері сынған, бірақ қабырғалары аман. Жарық өшкен, лифт істемеген. Біраздан кейін арнайы құтқару қызметі келген. Баспалдақпен төмен түспеулерін ескерткен. Ақеркенің қасында екі жапон қызы болған. Қайта-қайта сілкініп тұрған жағдайда 17-18 сағат бойы өз бөлмелерінде үстелдің астында тығылып отырған.

Біздің Жапониядағы елшілік сол елде тұрып жатқан, оқып жатқан азаматтарымызбен байланыс орнатқан. Қазақстан өз азаматтарына екі ұшақ жіберген. Ақерке Алматыға Наурыз мейрамы күні ұшып келді.

Атақты Кембридж, Гарвард, Оксфорд университеттері секілді көнеден келе жатқан, классикалық үлгідегі Токиодағы Хитоцубаши университеті өз студенттеріне мәжбүрлі демалыс беріп, зілзалаға байланысты қаншама жылдан келе жатқан қатаң дәстүрді бұзған. Бірақ университеттегі сабақ 18 сәуірден қайта басталады деп шетелдік студенттерді, магистранттарды ерте ескерткен. Кешіксең, беделіңе нұқсан.

Семейге келген Ақеркеге әке-шешесі елде қалсаң қайтеді деген. Сөйтсе, ол Фукусимадағы апатты жоюға өз еркімен баруға жазылған адамдардың қатарында мен де өтініш беріп қойдым дейді. Бұның не деуге, қыздарының қабағына қарасқан. Дегенмен, патриоттық сезім­ді шеттен келген адамның бойына да себе білген жапондардың отаншылдық рухына таңғалысты. Қыздарының Жапонияда тұрға­нына 11-12 жыл болыпты. Шетелдіктердің көп­ші­лігі ағылшынша сөйлеп, жазса, Ақерке ма­гис­трлік диссертациясын жапон тілінде жаз­ған. Бүгінде докторантурасын қорғауға таяу.

Өмекеңнің өзі, отбасындағы балалары, міне, осындай мінез, кәсіп иелері. Олар негізгі мамандықтарымен шектеліп қалмай, қосымша әрекеттерге құлшыныс білдіріп, ізденіп жүреді. Ал бұл – жақсы қасиет. Өмірге деген құштарлық.

Сайлау ТӨЛЕУОВ,

журналист.

Семей.