03 Қазан, 2013

Ізгілік ізі

300 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тосынның қызылкүрең тобылғысына дейін гүлдеген жаздың сол бір жаймашуақ, жайдары кеші оның күні бүгінге дейін көз алдында. Ойпаңда жасыл шалғын, жазық жерде жібек шөптер жайқалып, қырда ашқылтым жұпар исі аңқыған жусан мен жуа құлпырған, күмбездей төңкерілген көгілдір аспанда аққу қанат ақша бұлттар жүзген, сақи далада саумал самал ескен сол бір сәтті кеш, тәтті шақта қазақ әдебиетінің алыптары Зейнолла Қабдолов, Сырбай Мәуленов, Әбіш Кекілбаевтың алдында жүрегі жүген-құрық тимеген құр аттай тулап өлең оқыған, шіркін, сол бір бақытты шақ қандай, бар мұратын, ақындық асыл арманынан сол бір кештен тапқандай!

Тосынның қызылкүрең тобылғысына дейін гүлдеген жаздың сол бір жаймашуақ, жайдары кеші оның күні бүгінге дейін көз алдында. Ойпаңда жасыл шалғын, жазық жерде жібек шөптер жайқалып, қырда ашқылтым жұпар исі аңқыған жусан мен жуа құлпырған, күмбездей төңкерілген көгілдір аспанда аққу қанат ақша бұлттар жүзген, сақи далада саумал самал ескен сол бір сәтті кеш, тәтті шақта қазақ әдебиетінің алыптары Зейнолла Қабдолов, Сырбай Мәуленов, Әбіш Кекілбаевтың алдында жүрегі жүген-құрық тимеген құр аттай тулап өлең оқыған, шіркін, сол бір бақытты шақ қандай, бар мұратын, ақындық асыл арманынан сол бір кештен тапқандай!Бұл 1992 жылы, шілде айында болып еді. Бұл оның жұлдызды сәті еді-ау. Сол күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновты еске алуға арналған алғашқы мәжіліс өткен болатын. Кешкісін сөзді өлеңнің өзі алды. Есімі елге танылған атақты ақындардың соңын ала сахнаға ашаң денелі, аққұба өңді, бойы сымдай тартылған сымбатты сұлу бозбала көтерілді де, толқи тұрып «Ахмет Байтұрсыновтың монологы» атты толғауын оқыды:

Ойсоқты болып – қатты ғой басым,

Көзімнен көл болып – ақты ғой жасым.

Сергелдең кешіп, сарғайып санам

Төбемнен тура түсті ғой жасын.

Өзіңе аян – өмірім, ісім,

Көрдім ғой бейнет туған ел үшін

Жабылған нақақ жаланы ойласам...

Өзегім күйіп, өртенді ішім.

Көбейген шақта сақалдың ағы,

Кетті ғой тайып ағаңның бағы.

Темір құрсаулы түрмеге мынау,

Төртінші рет мен қамалдым тағы.

– О, пәлі, қалай-қалай сілтейді мына бала!

– Көсіл, шешіл!

– Шеш, ақындық тұсауын, – десті арқалы ақынның сөз саптасына сүйсінген тыңдаушы қауым.

– Пәлі! Ағып тұрған ақын ғой мына жігіт, – деп қалды Зейнолла Қабдолов.

– Бұл бозбала тегін емес, текті жерден шыққан талант, – деді Әбіш Кекілбаев.

– Біздің соңымыздан ерген шә­кірттеріміз де осал емес, деп тол­ған­ды кеудесін мақтаныш сезімі кернеген Сырбай Мәуленов.

– Төк жырыңды төгілдір,

Сұлу сөзге шомылдыр, –

деді жақсы жырға жаны сүйсінген Ғафу Қайырбеков.

Ақын жігіт жанын тебіренткен толқуын басты да, сәл тыныстап алып, Ахаң жайлы толғауын жалғастырды:

Өркенді ел боп – тұрса – деп,

Алаш,

Билігі өзінде – болса, – деп Алаш

От пен суға түстік қой, біздер,

Тәуелсіздігін – алса, – деп, Алаш!

Ахмет Байтұрсынов жайлы жыры көптің көңілінен шыққан бұл жас ақын сол кездегі Торғай, бүгінгі Қостанай облысы Аман­гелді ауданының түлегі, отызында орда бұзған талантты ақын Хамитбек Қуандықұлы Мұсабаев еді. Сол Хамитбек кейін Ахмет Байтұрсынов жайлы «Қаншеңгел», «Ахметтің соңғы күндері», «Нар­кескен» атты поэмалар шоғырын, Міржақып Дулатов туралы «Мағ­жанмен мақұлдасуы», «Мір­жа­қыптың соңғы монологы», «Абы­лай хан мен Бұқар жырау», «Тә­уел­сіз Қазақ­станым» атты күрмеуі қатты күрделі дастандар жазып, қыр­қында қамал алды.

Көрнекті ақын Серік Тұр­ғын­беков Хамитбек Мұсабаевтың шығармашылығы жайлы былай деп толғанды: «Сөз өнерінің қадір-қасиетін жанымен ұққан ақын інімнің «Наркескен» кітабына алғысөз жазу барысында оның көп оқып, көп ізденетініне және ақындық еңбегінің жемісті екеніне қаламдас ағасы ретінде қатты қуандым. Әдетте, өлең жазушы көп те, шын ақын аз. Хамитбек – ақын. Ақын болғанда өлең-жырларынан көркемдіктің қуаты менмұндалап тұрған ақпа-төкпе ақын. Қуаныштысы Хамитбекте жүректің отымен жазылған өлең көп. Соңымыздан осындай дарынды ақындардың келе жатқаны үшін қуана білуіміз керек деп ойлаймын. Сондықтан да, оған өлеңде бағың жансын, бауырым! – деп ақ тілек білдіремін».

Ақын Хамитбек Мұсабаевтың Алаш ардагерлерімен қатарлас көп жырлаған, дөп жырлаған ең басты тақырыптарының бірі ғана емес, бірегейі – Тәуелсіздік!

Ел болып жырлар – дастаным,

Ел болып шырқар – басты әнім

Бір өзің десем артық па,

Тәуелсіз Қазақстаным!

Толғанда өзің бір жасқа,

Әрине, жасар той басқа!

Артық па шалсақ тәубелеп,

Әдейі арнап Бозқасқа!

Тағдырдың бұл да – бергені,

Көз жасымызды – игені.

Көрген жоқ қазақ мұндай той,

Бұл дүниеге келгелі!!! –деп басталған «Тәуелсіздік толғауы»:

Қызғанбаса екен дұшпаным,

Бұлттанбаса екен аспаным,

Жар болсын жаһан өзіңе,

Тәуелсіз Қазақстаным! –деген тілекпен жалғасып, ақынға тән асқақ рух, ақылға қонымды, орнықты оймен өріліп, тиянақты тұжырыммен түйіледі.

Ақын ана тілі жайлы:

Ботасы өлсе – боз інген де боздайды,

Оты сөнсе – ошақ қалай маздайды?

Ана тілім, ертеңіңді ойласам,

Шыбын жаным шығып кете жаздайды, –

деп толғанады. Ақын жыры – жан сыры. Жүректен шығып, жүректерге жеткен бұл өлеңдегі ой оқушыға да ортақ.

«Туған жер туған анам-ай, Алладан соңғы панам-ай» деп кіндік кесіп, кір жуған туған жеріндегі «Сынтасты» Торғайдың жауһарына теңеген ақын ауыл жайлы: «Ауылдар өшсе, ұзамай тілдің де бірге өлетіндігін», сондықтан «ауылды қорғау алдымен қазақты қорғау» екенін айшықты жыр жолдарымен ажарлы айта алған.

Қабырғалы қазақ әдебиетінің қоржынына қомақты олжа салып жүрген Алматы мен Астанадағы та­ланттар ғана емес, оған елде көп елен­бей жүрген қарымды қалам­­­­гер­лер де елеулі үлес қосып жүр. Со­лардың бірі – шалғайда да шабыт барын талантты туындыларымен дәлелдеп келе жатқан белгілі ақын Хамитбек Мұса­баев «Ақ жол», «Ахаң – Жақаң ізі­­мен», «Алашорда арма­ны», «Нар­­кескен», «Таразы» «Алаш ама­наты» және басқа да бірқатар жыр жинақтарының авторы, Қазақ­стан Жазушылар одағы­­ның мү­шесі, Бейімбет Майлин атын­­дағы сый­лық­тың, «Жігер», «Елім ме­нің» фес­­тивальінің лауреаты, Қазақ­­­стан Рес­­пуб­ликасының мәдениет қайрат­кері...

Алты алашқа әйгілі Ғафу Қайырбеков, көрнекті ақын Серік Тұрғынбеков, белгілі жазушы Сабыржан Шүкіров, танымал ақын Нағашыбай Мұқатов, әдебиетші Торғын Уәшова, сөз қасиетін бір кісідей білетін эрудит Жайық Бектұров, т.б. қаламгерлер республикалық газет, журналдарда жарияланған мақалаларында Хамитбек Мұсабаевтың ақындық талантын жоғары бағалады.

Көрнекті ақын, боз даланың бозторғай жыршысы Есенбай Дүйсенбаевтың сөзімен айтсақ: «Талант үшін периферия жоқ». Елде де талант, шалғайда да ша­быт бар. Елдегі қаламгерлер өзде­рін емес, Алматы мен Аста­на­дағы ақын-жазушыларды насихаттайды. Үндемей жүріп, үлкен істер тындырып жүрсе де өздері көп көзіне түспей, көп еленбей, тасада қала береді. Кісілігіне кішілігі сай сондай шығармашылық өкілі – Хамитбек Мұсабаев.

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар