Әдебиет • 03 Маусым, 2020

Ауылды дәріптеген қаламгерлер марапатталады

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

9 маусымда «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының бастамасымен ұйымдастырылған қаламгерлер арасындағы дәстүрлі «Ауылым-алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты және «Алтын Тұғыр - 2020» үш томдық әдеби жинағының тұсаукесері өтеді.

Ауылды дәріптеген қаламгерлер марапатталады

Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған әдеби-онлайн конкурсқа 207 қаламгер қатысуға өтініш білдіріп, поэзия, проза, драматургия номинациялары бойынша шығармаларын ұсынды. Шығармалар арасынан үздіктерді  белгілі қоғам қайраткерлері, танымал  ақын-жазушылар мен әдебиеттанушы ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтады.  

2019  жылдан бастап, әдеби конкурсқа орыс тілді қаламгерлер де қатысуда. Бұл жылдан жылға конкурстың географиясын кеңейтуге септігін тигізді. Биылғы конкурсқа Әзірбайжан елінің қаламгерлері ауыл тақырыбындағы шығармаларын жолдап, үздік шыққан туынды авторы «Ауыл» партиясының арнайы жүлдесімен марапатталады.

Әдеби конкурстың бас жүлдесі «Алтын Тұғыр» белгісі. Оның иегері үш номинация бойынша 1 орынды жеңіп алған қаламгерлердің арасынан қазылар алқасының шешімімен анықталады. Биылғы «Алтын Тұғыр» белгісінің иегеріне Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, қосымша ақшалай сыйлық тағайындалды. 

«Ауыл» партиясы жыл сайын әдеби конкурсқа келіп түскен шығармалардың арасынан үздік туындыларды іріктеп, «Алтын Тұғыр» үш томдық жинағын жарыққа шығарып келеді. Поэзия, проза, драматургия жанрында ауыл тақырыбындағы ең үздік туындылар топтастырылған жинақ республикалық және аймақтық кітапханаларға тегін таратылады. Биылғы жылғы жинақты қосып есептегенде ауыл тақырыбына арналған үздік туындылардың көлемі 12 томды құрайды.

«Ауылым-алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты және «Алтын Тұғыр 2020» үш томдық әдеби жинағының тұсаукесері 2020 жылдың 09 маусымында сағат 11:00-де Нұр - Сұлтан қаласы, Қорғалжын тас жолы 2а мекен-жайында орналасқан «Думан» қонақ үй кешенінің  «Парламент» конференц - залында өтеді.